Жұма, 04 қазан, 07:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78-2088
01.10.2024
PDF мұрағаты

Бөлішке иісі

17.07.2021

1154 0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің балдәурен балалық шағымызбен тұспа-тұс келді. Анам кішкентай бауырымды дүниеге әкелген соң, жұмысқа шықпады. Сол кездегі көп адам секілді жұмыстан қысқарғанын бала көңіл қайдан білсін? Ал әкем бұрынғыдай музыкалық мектепке, балабақшадағы жұмыстарына бармайтын болды. Олардың барлығының есігіне қара құлып салынған уақыт еді… Ауылдағы мектепке аз сағатқа барып музыка пәнінен сабақ беріп келетін.

Отбасында төрт бала болдық. Анам бұрын есепші болып жұмыс істегендіктен, отбасы бюджетін жақсы жоспарлайтын. Әкемнің тапқан табысы ештеңеге жетпейтін болды. Мұғалімнің мардымсыз айлығын бір ай күтіп отырса, бала-шаға аш қалады. Содан анам көп ойланбай сауда істеуге шығып кетті. Бір жастан асқан ініме көбіне өзім қарайтынмын. Қазіргі Қызылжарма ауылдық округіне кіре берісінде орналасқан сол кездегі совхоз техникумның студенттеріне ашытпа, айран сатады. Қос шелекке құйылған ағарғанның бір тамшысын төкпей, бірнеше аялдама жаяу жүретін. Көмекшісі бар. Менен кейінгі інімді жанына қолғабыс етіп ертіп кететіні есімде. Бір күні совхоз техникум да тарады. Бұрынғыдай студенттер жоқ. Енді басқа кіріс көзін іздеу керек. Көрші Түркістан қаласына барып,(ол кезде қала болатын) шай әкелуге көшті. Оны өлшеп, базарға апарып көтерме бағамен өткізетін. Жолда жүрудің машақаты көп болғандықтан, оны да қойды. Бірде анам тамаша табыс көзін тапқанын айтып қуанды. Ертесіне бөлішке пісіріп, сатуға кірісті.

Нан бар жерде береке болатынын түсінді ме, анам 10 жыл бойы осы кәсіпті серік қылды. Тегеш-тегеш қамырды қолмен илейтін. Қазіргі кездегідей арнайы құралдар (тестомес) жоқ. Ашыған қамырды бірнеше рет қайырып илеп, оның тағы да көтерілгенін күтеді. Тегештен төгілген қамырды тағы солай қайтарып июін қандыратын. Олай жасауының сыры бөлішкені арнайы формаға салғанда әп-әдемі болып, үйлесе кететін. Тауарының тұтынушыға тартымды  болып көрінгені  керек. Себебі өнімнің өтімділігі көбіне піскен бөлішкенің сыртқы түріне байланысты болатын. Тартымды бөлішкені көрген тұтынушы әлбетте дәмін көруге асығатыны белгілі. Оның құрамына қажетті заттармен қоса анам өзінің жүрегінің бір бөлшегін, ыстық махаббатын қосып жасайтын.

Бізде қол көмек жасаймыз. Әсіресе, мерекеде өзге балалар сияқты қыдырмаймыз. Сол сәтті сауда болатын күндерді пайдаланып, бөлішке жасауға барлығымыз жабылатынбыз. Мектептен келе сала кемерінен тасып төгіліп тұрған қамырды бөліктерге бөліп, күнделікті жұмысымызға кірісіп кетеміз. Әркімнің өзіне тиесілі міндеттері бар. Қамыр өз уақытынан көбірек тұрып қалса да қиын. Басылып қалады, содан кейін томпақ бөлішкенің орнына жапырайған таба нан көресің. Күнде сабақтан келгенде жасайтын тірлігіміз сол. Бөлішкенің тәтті иісі үстімізге, тіпті сөмкеміздің ішіндегі кітап дәптерге сіңіп қалғаны соншалық, сыныптастар: «Сенің үстіңнен бөлішкенің иісі аңқып тұр. Сөмкеңді ашсаң иісі мұрнымызды жарады» дейтін. Мен соған кәдімгідей ұялып, намыстанып кететінмін. Бірақ…

Шілде айы нан пісіруге қолайсыз. Қырық градус ыстықта төрт газ плитаны қатар қосып нан пісіргенде анам оттың ішінде жүргендей еді. Сонда да шаршағанын сездірмейді. Мұндай ыстық күндері жұмыс уақытын түнге ауыстырып, көз ілместен таңға дейін мыңдаған бөлішкені бір өзі пісіріп шығатын. Бізді алаңсыз ұйықтасын дегені болар, оятпайтын. Көбіне, менімен тетелес інім қолғабыс жасайтын. Түскен кірісті екеуі бірге есептеп, пайдасы мен шығынын  шығарып отыратын. Кейде өтпей қалатын кездері болады. Оны базарда «бартер» дейді. Үйге қажетті азық-түлікке айырбастап қайтатын. Ол да болса пайда.

Солай анам 10 жыл бойы берекелі саудамен айналысып, төртеумізді қатарымыздан кем қылмады. Шүкір, әке-шешем тек адал термен келген нанның дәмі қандай тәтті болатынын бала кезден санамызға сіңірді. Қазір барлығымыздың өз шаңырағымыз бар. Алды көпбалалы отбасы. Ешкімге тәуелді болмауды үйреткен ата-анам, тәуелсіз елдің еңбекқор азаматтарын сол кезде–ақ тәрбиелеп шығарған екен.

Қазір нанның түр-түрі бар ғой. Бірнеше қабат торттардан  да ауыз тиіп жүрміз. Алайда бала күніміздегі анам пісірген бөлішкенің дәміне ешнәрсе жетпейді.

Айсәуле Сағатбекқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: