Еліміздің негізгі қозғаушы күші – жастар. Иә, бүгінгі жас ертеңгі еліміздің іргесін көтеретін, өз саласында белгілі жетістікке жететін нағыз маман. Сондықтан бүгін олармен тығыз байланысып, еңбекке дағдылау аса маңызды. Осы мақсатта бүгін Астанада «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жастарға арналған форум болып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумның негізгі мақсаты – техникалық және қызмет көрсету салаларында білім алып жатқан студенттер мен мамандарды жүздестіру, идея алмасу. Жыл сайын өндіріс орындары автоматтандырылып, жаңа технологиялар қолданылып келеді. Бұл өз кезегінде кәсіби дағдыларды меңгерген, ойлауы жүйрік, жаңа ортаға тез бейімделетін жас мамандарға деген сұранысты арттыруда. Форум осы үдерістердің мәнін түсіндіруге және жастарды нақты еңбек нарығына дайындауға бағытталған.
Алдымен БАҚ өкілдері мен форум қонақтары білім беру мекемесіндегі арнайы лабораторияларды аралады. Онда техникалық мамандықтар бойынша алған білімді тәжірибе жүзінде іске асыратын бірнеше орталықтар жұмыс жасайды. Бірінде студенттер машина бөлшектерін құрастырып үйренсе, енді бірінде құрылыс саласына қажетті каркас, ағаш секілді өнімдерді өңдеуді үйренеді.
30 жылдан астам тарихы бар Астана политехникалық колледжінде қазіргі таңда 11 мамандық, 12 біліктілік бойынша 2000-нан астам студентті оқып жатыр дейді оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі директор орынбасары Майра Сембина.
Барлық оқыту бағдарламалары нақты еңбек нарығына сай. Бүгінгі таңда колледжде 7 ресурстық орталық жұмыс жасауда. Әрбір білім алушыға нарыққа қажетті дағдыларды бере отырып, оларды сертификаттайды. Сол сертификат нәтижесінде жұмыс берушілерден жоғары бағаланады, – деді ол.
Шара барысында білім алушылар тәжірибелі мамандармен, кәсіпорын өкілдерімен, тікелей пікір алмаса алды. Жастар үшін бұл тек ақпарат алу ғана емес, еңбек әлемімен жақын танысу мүмкіндігі дейді форумды ұйымдастырушы Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Жастар рухы» ЖҚ филиалының төрағасы Мағзұм Арсланбек.
Бүгінгі форумда техникалық мамандықтарда білім алатын жастар Ұлттық компаниялардың жетекшілермен арнайы кездесіп отыр. Себебі олардың қызмет жолы бұл жастарымызға мотивация болары сөзсіз. Жастарымыздың өзіндік идеясын жүзеге асыру, қолдау мақсатында осындай кездесулер республиканың барлық өңірінде ұйымдастырылып отыр,- дейді төраға.
Иә, форумның тағы бір маңызды нәтижесі деп жастардың жұмысшы мамандығына деген көзқарасын өзгерту болды деп айта аламыз. Себебі спикер ретінде «BI Group» компаниясының даму жөніндегі директоры Бексұлтан Олжабай, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының техникалық директоры Уәлихан Қымбатов және «Астана қаласының энергетика басқармасы» ММ басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов қатысты.
Өмір жолы мен қызметтегі табысты жұмыстарға шолу жасаған әр маман «жолымды дұрыс таңдадым ба» деп отырған әрбір білім алушыға жауап бергендей болды. Кездесу соңында қатысушылар өз болашақтары туралы, тәжірибе алмасу төңірегіндегі сауалдарды жолдады.
Жұмысшы мамандықтар әрдайым ел дамуына, экономикасына үлес қосатын маңызды сала. Сондықтан қазір білім алушыларға барлық мүмкіндік жасалынып отыр. Жұмысшы мамандықтар ескі стреотиптегідей емес, қазір бәрі заман талабына сай, көп жұмыс жеңілдетілген. Біз өз тарапымыздан жастарды қолдауға әзірміз,-деді «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Ақерке Искандерова.
Қазіргі таңда техникалық мамандықтар қоғамда жоғары бағалана бастады. Сондықтан форум жас буынды өз болашағын нақты мамандықпен байланыстыруға ынталандырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
