Жұма, 26 қыркүйек, 13:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№72, 2185
23.09.2025
PDF мұрағаты

Болашақта жұмыссыз қалмау үшін қандай мамандықтарды меңгеру керек? Министрлік жауабы

26.09.2025

109 0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда шамамен 2,2 миллион жұмыс орнын жасанды интеллект алмастыра алатынын мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі оған қандай мамандықтар кіретінін және қазақстандықтар болашақта жұмыссыз қалмауы үшін қандай мамандықты меңгеруі керек екенін анықтады.

Қандай мамандықтар «жоғалады»?

Министрлік мәліметінше, олар талдау жүргізіп, ең осал және болашағы бар мамандық топтарын анықтаған. Қауіп аймағына «ақпаратты күнделікті өңдеу, құжат айналымы және базалық операциялық міндеттермен» байланысты мамандықтар кірген.

«Бұл санатқа әкімшілік және кеңсе мамандықтары: хатшылар, көмекшілер, операторлар, іс жүргізушілер, бухгалтерлік және есеп жүргізетін қызметкерлер жатады. Дәл осы мамандықтардың міндеттері автоматтандыруға көбірек бейім, өйткені олардың елеулі бөлігін жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер арқылы орындауға болады», – деп хабарлады министрлік Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

Сонымен қатар, ведомство цифрландыру климаттың өзгеруі және демографиялық жағдайға байланысты салаларға да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Бұл қатарда күнделікті, қайталанатын тапсырмаларды орындайтын мамандықтар да бар:

  • конвейер мен құрастыру желісіндегі жұмысшылар – роботтандырылған өндірістің дамуына байланысты;
  • автокөлік пен жүк көліктерінің жүргізушілері – пилотсыз көліктердің пайда болуына байланысты;
  • кассирлер – автоматтандырылған кассалар мен өзін-өзі қызмет көрсету жүйесінің енгізілуіне байланысты;
  • колл-орталық операторлары – оларды жасанды интеллект пен чат-боттар алмастыра алады;
  • тракторшылар мен комбайн жүргізушілері – ауыл шаруашылығындағы автоматтандырылған техникаға байланысты.

Бұл қашан болуы мүмкін?

Ведомство дерегінше, жасанды интеллекттің еңбек саласына нақты қашан және қалай әсер ететінін болжау қиын.

«Бүгінде жасанды интеллекттің еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы біржақты түсінік жоқ. Зерттеушілер пікірінше, бұл көбіне жасанды интеллекттің дамуына және оның қандай міндеттерді шеше алатынына байланысты. Массачусетс технологиялық институтының есебінде бірден көптеген жұмыс орнын алмастыру экономикалық тұрғыда мүмкін емес деп көрсетілген», – деп қосты министрлік.

Онда жасанды интеллект қызметкерлерді ығыстырмай, тек кейбір міндеттерді автоматтандырып, оларға көмекші болатыны атап өтілді. Бұл еңбек өнімділігінің артуына және цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуына әкеледі.

Осылайша, жасанды интеллект мамандықтарды толық алмастырмай, басқа міндеттерге уақыт босатады.

Қандай мамандықтарды меңгеру керек?

Әлемдік трендтер жаңа мамандықтарға сұраныс тудырып жатыр. Жасанды интеллект, деректерді талдау және киберқауіпсіздік IT-мамандарға, аналитиктерге және тәлімгерлерге деген қажеттілікті арттырады деп есептейді министрлік. Сонымен қатар «жасыл» трансформация жаңартылатын энергетика инженерлерін және экологтарды қажет етеді.

«Демографиядағы өзгерістер кадрларды басқару және оқыту мамандарының рөлін күшейтеді. Министрлік осы салаларда дағдыларды дамытып, еңбек нарығындағы өзгерістерге дайын болуға кеңес береді», – делінген ресми жауапта.

Сондықтан қазақстандықтарға мынадай салаларда білім алу ұсынылады:

  • жасанды интеллект саласындағы әзірлеушілер мен инженерлер;
  • деректерді талдау мамандары;
  • киберқауіпсіздік сарапшылары;
  • жаңартылатын энергия көздері инженерлері;
  • «жасыл» технологиялар және тұрақты даму мамандары;
  • HR-мамандар, кадрлар жөніндегі менеджерлер;
  • тәлімгерлер, оқытушылар, жаттықтырушылар;
  • психологтар және кеңесшілер.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: