Жұма, 22 қараша, 14:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Бүгінгінің баласы онлайн ойнайды

09.01.2021

4855 0

Қарап отырсақ, қазір бәрі де онлайн… Осы уақытқа дейін біз оқушылар мектепке бармай онлайн оқиды, үлкендер онлайн арқылы жұмыс істейді деп ойладық па?

Қысқы кештің бір сәтінде үйге туысқан ағамыз келді. Қонақ келсе, дастарқан жайып, жылы қарсы алатын қазақтың әдемі салты емес пе… Қою сүтпен және анамның баппен демделген тәтті шәйі үстінде қызықты әңгімелер жалғасын тапты.

– Мен жастардың тəрбиесіне қатты алаңдаймын. Таңнан кешке дейін телефоннан бас көтермейді, – деп бастады әңгімесін ағамыз. «Біздің кезімізде далада қар жауса қуанып, сол күні үй көрмей кететінбіз. Асыр сала ойнап, ойынға тоймай үйге әрең кіретін едік. Қазіргі балалар ойнамақ түгілі анда-санда бір жауған қарға да қуанбайды. Ал телефон бұзылса жылайды. Тіпті үйден шығара алмай қалдық» – деген ағам ойын ортаға тағы салды.

Расында да, сөзінің жаны бар. Сол кезде балалық шағым еріксіз еске түсті. Оны да айтып, бір күліп алдық. Ол кезде күннің аязына да қарамаймыз. Бізге қар жауса болды. Мектептен келе сала сабақты тездетіп оқып, далаға кеткенше асығатынбыз. Содан көрші балалар шығады, қысқы қызық ойындар басталатын. Арасында аққала жасап жарысу тағы бар. Кеш түсіп, күн ерте батады. «Шынықсаң шымыр болып өсесің» деген сөзді үлкендерімізден естіп алған біздер оңайлықпен үйге кіргіміз жоқ. Әйтеуір ата-анамыздың айқайынан әрең кіретін едік.

Одан піләкпен су таситынбыз. Ол да бір өзінше қызық болатын. Өйт­кені суды сылтауратып шығып, ар жағынан сырғанақ тебетін сәтке уақыт табатынбыз. Ол сырғанақты өзіміз су құйып жасап аламыз. Күннің суығынан құйған суымыз мұз болып қатып, соңы коньки тебуге арналғандай жалтыраған мұз айдыны шығатын. Ойын баласы болған соң арасында шөлдейсің, бірақ үйге бармайсың. Себебі ұсталып қала­тыныңды білесің. Оның да амалын қарастырып қойғанбыз. Мұз жеп аламыз. Қар ұстаған қолғап су болғанша жүре беретін едік. Сонда тұмау, салқын тиіп ауыру деген жоқ.

Айтпақшы, шанамызды сәндеп, ата­мыз тұлпарын, әкеміз көлігін баптағандай күтетінбіз. Кімнің шанасы жаңа болса, соған қызыға қарайтынбыз. Шана сынса, бүгінгінің баласы телефон бұзылғандай жылайтынбыз. Иә, біз солай есейдік. Тәтті балалық шақ қайтып келмейді…

Ал бүгінгі балалардың балалық шағы қалай өтуде? Әрине, онлайнмен. «Заманына қарай адамы» дегендей, олардың ойыны да – виртуалды. Сыртқа шығып серуендеу, бір-бірімен жүзбе-жүз отырып сөйлесу деген ұмытыла бастаған. Оның орнына бір бөлмеге кіріп, оңашада шетелдің атыс-шабыс ойындарын жеңсе болды. Егер жеңбей қалса, «ұлы айқай». Жеңіске жете алмай ақысын өзінен емес, қолындағы телефоннан алады, бұртиып, ашуланады. Ондайда ешкімнің сөзін көтермейді. Дәл осындай оқиға кез келген үйде кездеседі десем артық айтқандық емес.

Кей ата-аналар бар, баласы тыныш болсын деп қолына телефонды ұстатып, өздері үйреткен. Ал соңында «баламыз ешкіммен араласпайды. Алаңсыз өзімен өзі» деп ренжіп жатады. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз.

Телефонға телмірген заман дейміз, қазір мына пандемия кезінде әр балаға бір телефоннан ұстатып, одан сайын телміртіп қойдық. Осыдан кейін кімді кінәлайсыз? Тіпті баласының қандай ойын ойнап немесе қай сайтқа кіріп жүргенін білмейтін ата-аналар да баршылық. Оларға баласының болашағынан гөрі дәл осы кезде жан тыныштығы маңызды болып тұр. Әйткенмен, кеш қалып, кейін өкінгеннен қазірден бастап қолға алсаңыз, бәрін де реттеуге мүмкіндік бар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: