Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 05:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бұл енді мейрамхана емес…

23.01.2021

6641 0

Пандемия дамыған да, дамушы да елдердің экономикасын аяған жоқ. Бірде-бір мемлекет вирустың таралуына төтеп бере алмады. Соның салдарынан көптеген кәсіпорын жұмысы уақытша тұралап, шығын көлемі еселеп артты. Бұл тұста отандық шағын және орта бизнес иелеріне мемлекет барынша көмектесуге тырысты.

Осы тұста елімізде көптеген мейрамхана иелері түгелдей табысынан айырылды. Дүркіретіп той өткізуге ел билігі әлі де рұқсат берген жоқ. Салдарынан сән-салтанаты жарасқан зәулім ғимараттардың есігі әлі күнге дейін жабық. Дегенмен кәсіпкерлер арасында тірлігін түзеп, бағытын өзгертіп, жаңа салаға бет бұрғандар да баршылық екен. Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді. Жалпы облыс бойынша 128 мейрамхана бар. Соның ішінде 15 тойхана бағытын басқа кәсіпке бұрған.
– Облыста 15 тойхана өз қызметін өзге салаға бағыттады. Арал ауданындағы «Ақ ниет», «Алмаз» мейрамханалары сауда саласына ауысса, «Хан шатыры» тойханасы асхана қызметін көрсетуде. Қармақшы ауданында «Мирас», «Алтын ғасыр» тойханалары құрылыс, киім-кешек дүкендеріне айналды. «Малике ана» кондитер өнімдерін шығару және балалар ойын алаңын ашса, «Айқын» тойханасы құс шаруашылығымен айналысуда, – деді Ғалымбек Жақсылықұлы.
Одан өзге Қызылорда қаласында «Арман» мейрамханасы сауда орталығына айналды. Бұдан бөлек бірнеше мейрамханалар ғимараттарын өндіріске айналдыру үшін бірнеше жобаларды қолға алуда.
– Әлемде болып жатқан ахуал кәсіпкерлік саласын айналып өтпеді. Мейрамхана қызметі тоқтап қалды. Бұл мен секілді кәсіпкерлерге өз қиындығын тигізді. «Арман» мейрамханасын сауда-саттық дүкеніне айналдырдым. Бүгінде коммуналдық төлемдерді қабылдайтын касса, ұялы телефон жөндейтін және олардың құрылғыларын сату орындары, киімдер дүкені орналасқан, – деді кәсіпкер Өмірсерік Арыстанов.
Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша «ДАЛАТЕКС» серіктестігімен «Orda» мейрамханасының ғимаратынан автоматтандырылған лаваш шығару өндірісі іске қосу жоспарланған. Оған шамамен 30 млн теңге қаржы бағытталып, тиісті құрал-жабдықтарға тапсырыстар берілген. Сонымен бірге «Ұлытау» тойханасында сусындар өндірісі іске қосылатын болады. Жоба «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп іске асырылмақ.
Қазіргі таңда, платформа аясында кәсіпкерлік саласындағы мекемелер бір жерге шоғырландырылған арнайы «Бизнеске арналған Үкімет» кеңсе ғимараты жұмыс жасайды. Яғни, кәсіпкердің уақыты мен шығынын үнемдей отырып, әкімшілік кедергілерді барынша қысқартып, қызметтерді бір орталықтан алу мүмкіндігі туды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: