Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бұлт артынан күн шығар, жарық шашып әлемге

15.01.2022

1223 0

Елді елеңдеткен жайт біздің өңірді де айналып өтпеді. Террорлық актіден қаладағы маңызды нысандар қиратылып, отқа оранды. Жалпы қарапайым халық үшін де, мемлекет үшін де зардабы аз болған жоқ. Бір Қызылорданың өзіне осы оқиғаның салдарынан 6 млрд теңгеден астам  залал келді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова төңіректегі ойрандалған ғимараттарды аралап, блок-бекеттерге барып, сындарлы сәтте кеудесін оққа тосқан әскерилермен кездесті.

Облыс әкімі террорлық актіден зардап шеккен әкімшілік ғимараттардың қалпына келтіру жұмыстарын саралады. Аймақ басшысы алдымен «Nur Otan» партиясының Қызылорда қалалық филиалы ғимаратында болды. Террорлық шабуыл салдарынан нысанның 20 проценті бүлінген. Терезелері мен есіктері сынып, офистік техникаларына зақым келген. Қазір нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының жағдайы мүлде қиын. Ғимараттың 70 проценті өртеніп, қолданыстағы заттардың барлығы жарамсыз болып қалған. Қазіргі таңда шығын көлемі есептелуде.

Бұдан кейін аймақ басшысы қалалық әкім­дікте болды. Онда да осы жайт. Нысанның есік терезелері сынған, қаншама мүлік қираған. Алайда әкімдік 7 қаңтардан бастап қалып­ты жұмыс режиміне көшкен. Басбұзарлардың әреке­тінен облыстық сот ғимаратының 460-қа жуық құрал-жабдығы мен 300-ден астам офистік техникасы жарамсыз күйге түскен. Қазір ғимаратты тазалау мен қалпына кел­тіру жұ­мыстары қолға алынған. Осы орайда өңір бас­шысы жөндеу жұмыстарын жүргізу және шы­ғын көлемі нақты дәлелді есептемелер­­мен, құ­жаттармен расталуы керектігін тілге тиек етті.

– Төтенше жағдай режиміне байланыс­ты залал келтірілген ғимараттарға Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлінеді. Ол алдағы уақытта белгілі болады. Ал оған дейін біз дайындық жұмыстарын жүргізіп, келтірілген шығын көлемін нақтылап жатырмыз. Қажетті сома бөлінген соң, қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Жалпы 8 әкімшілік ғи­мараттың шығын көлемі 6 млрд теңге көлемінде есептелді. Аймақтағы бизнес өкілдерінің шығындарын өтеу жөнінде мемлекет міндеттеме алды. Террорлық акті салдарынан облыста 15 кәсіпкерлік нысанға зиян келіп, оның көлемі шамамен 395 миллион теңгеден асты. Бірақ басты принцип – шы­найылық болу керек. Шығын көлемі нақты құжаттармен рәсімделуі тиіс, – деді облыс басшысы.

Бұлт артынан күн шығар, жарық шашып әлемге

Мұнан соң аймақ басшысы қалалық полиция басқармасының ғимаратында болды. Ол жақта да қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Террорлық әрекет облыс әкім­дігінің ғимаратында да орын алды. Көзбен көрдік. Барлық жерде бір жағдай. Облыс әкімдігінің есік-терезелері сынған, офистік техникалары ұрланған, қызметтік автокөліктер өртелген, тіпті гаражға дейін отқа оранған. Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұлт артынан күн шығар, жарық шашып әлемге

Қызылордада ахуал күн санап тұрақталып келеді. Ендігі мәселе – бағаны қалыпты ұстау. Өйткені ел абыр-сабыр болып жатқанда халықтың қиын жағдайын өз пайдасына пайдаланған пысықайлар көбейді. Азық-түлік бағасы қымбаттағаны туралы ақпараттар тарады. Әлеуметтік желі де шулады. Тіпті таксилердің өзі 500 теңгемен барып жүр­ген жерге 3000 теңгемен апарған. Соған бай­ланысты облыс әкімі қаладағы ірі сауда ны­сандары мен май құятын бекеттерді аралап, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тексеріп шықты. Әкім әуелі «Small» және «Magnum Cash&Carry» сауда үйлеріндегі азық-түлік қоры мен күнделікті маңызы бар өнімдердің бағасымен танысты. Әсіресе маңызды деген көкөніс өнімдері мен ұнның шекті бағадан асырмауды міндеттеді.

Бұлт артынан күн шығар, жарық шашып әлемге

Аймақ басшысы облыс орталығындағы тұрақтандыру қоры қоймасының жұмысымен де танысты.

– Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті. Ең бастысы, бағасы келісіне 130 теңгені құрайтын ұнның 440 тон­насы резервте тұр. Одан басқа, айналым схемасы бойынша кәсіпкерлермен келісім негізінде 7 мың тонна ұн әкелінбек. 100 тоннадан қарақұмық, күріш, макарон өнімдері мен көкөністер сақтаулы. Көрші Түркістан облысымен келісім бар, жетіспейтін азық-түлік бойынша 122 кәсіпкердің тізімі жасақталды. Тапшылықты болдырмаймыз, – деді облыс әкімі.

Бұлт артынан күн шығар, жарық шашып әлемге

Бұған дейін аймақтарда сұйытылған газ бағасы түскен болатын. Бүгінде біздің аймақта газ бағасы литріне 60-65 теңгеден, АИ-92 маркалы бензин орташа 180,2 теңгеден, дизель отыны 229,9 теңгеден саудаланып жатыр. «Sinooil» және «Qazaq Oil» жанар-жағармай бекеттеріне барған облыс әкімі жауапты сала басшыларына бензин және дизель отынының құны бекітілген шекті бағасынан аспау керектігін ескертті.

Бұдан бөлек, әкім елдегі террорлық әре­кет кезінде маңызды рөл атқарған құқық қорғау саласының қызметкерлерімен және сарбаздармен кездесті. Басқосуда облыс әкімі оларға сын сағатта көрсеткен ерліктеріне алғысын айтты.

Бұлт артынан күн шығар, жарық шашып әлемге

– Сын сағатта теріс ойдағы террористермен күресіп, елді қорғауда алдыңғы сапта тұрып, өмірлеріңізге қауіп-қатер төнгеніне қарамай, күн-түн демей, азаматтарымыздың өмірін сақтауда жанкештілік танытқан сіз­дерге алғысымыз ерекше. Отанға берілген анттарыңызды адал орындап, ерлік көрсетіп, қызметтеріңізді мін­сіз атқардыңыздар, – деді аймақ басшысы.

Басбұзарлардың әрекетінен 24 қызметтік автокөлік, 6 модульдік полиция пункті өр­тенді.  Қазіргі таңда елдігіміз бен бірлігімізге нұқсан келтіргісі келген арам пиғылдылар іздестіріліп, сотқа дейінгі тергеп-тек­серу амал­дары жүргізілуде.

Бұлт артынан күн шығар, жарық шашып әлемге

Бұдан соң аймақ басшысы блок-бекеттердің жұмысы­мен танысты. Облыс ау­мағында қауіпсіздікті сақтау мақсатында 28 блок-бекет қойылған. Оның ішінде қала бойынша 5 блок-бекет бар. Барлық блок-бе­кеттерде сарбаздарға қа­жетті жағдай жа­салған. Тіпті алғашқы уа­қытта қа­рапайым халық, кәсіпкерлер сар­баздарға ыстық тамақ апарған. Облыс әкімі блок-бе­кет­тердегі тексеру жұ­мыстарын қатаң бақы­лауға алған, қоғам ты­ныштығын кү­зету бағытында жұмыс істеп жатқан сарбаздарға алғы­сын білдірді.

Облыс басшысы террорис­тік шабуылдан жарақат алып, аурухана керуеттеріне таңыл­ған  сар­баздардың да жағдайын білді. Ауруханада ем алып жатқан полицейлер мен әскери қызметшінің жағдайын сұрап, ел басына қауіп төнген тұста көрсеткен ерліктеріне алғыс айтты. Сондай-ақ ақ халаттылардың төтенше жағдайдағы ең­бегін жоғары бағалап, жұмыстарына сәт­тілік тіледі.

Бүгінде 205 азамат медициналық көмекке жүгінсе, солардың 46-ы ауруханада, 8-і жансақтау бөлімінде жатыр.

Облыс әкімінің аталған оқиғаларды са­раптау және Мемлекет басшысының тапсыр­маларын орындау бағытына ар­налған кеңей­тілген жиын өткізгенін де айта кеткенді жөн санадық. Күн тәр­тібіндегі бірінші мәселе – өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан шараларға арналды. 5 қаңтардан бү­гінге дейін 608 азамат полиция органдарына жеткізілді. Ал қыл­мыстық істер бойынша 73 азамат тергеу изоляторына қамалды.

Жиында өңір басшысы террористік әре­кеттер қаупінің әлі сейілмегенін ай­тып, коменданттық режимнің қатаң сақталуын тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес күш­тік құрылымдардың әс­кери дайындығын күшейту және жабдық­тау шараларына Үкімет резервінен 20,7 млрд теңге бөлінетінін жет­кізді. Биылға бекі­тілген облыстық бюджетте күш­тік құ­ры­лымдарды мате­риал­дық-техникалық жа­­рақ­тандыруға 2,5 млрд теңге бөлінген. Әкім ал­да­ғы облыстық бюджет­ті бірінші нақтылау ке­зінде бұл мәселелерге тағы қосымша қаржы қа­растыратынын айтты.

Басқосуда террорлық әре­­кеттен келген шығынға да тоқталды. Бүгінде облыстың мемлекеттік маңызы бар нысандарына 5,8 млрд теңге көлемінде шығын келген. Ал кәсіпкерлерге келтірілген залал 395 млн теңге болды. Шығын есебі қаржы министрлігіне жолданып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Қорыта айтқанда, елдегі жағдай бір­ыңғайланды. Облыста да ахуал тұрақты. Алайда төтенше жағдай режимі жалғасуда. Блок-бекеттер жұмыс істеп тұр. 225 қо­ғамдық көлік қатынауда, 316 банкомат жұмыс істеп тұр. Мектеп оқушылары 17 қаңтардан бастап оқу процесіне көшеді.

Облыста террорлық актімен күрестің қызыл деңгейі алынды. Бір сөзбен айтқанда бұлт артынан шыққан күн сияқты тіршілік қайта жандануда.

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: