Мемлекеттік кірістер комитеті пәтер сатқанда азаматтарға қандай жағдайда салық талап етілмейтінін түсіндіріп берді, – деп хабарлайды kursiv.media
Ведомствоның түсіндіруінше, егер меншік құқығы 2025 жылы тіркелген жылжымайтын мүлік сатылса және бұл мәміле мемлекеттік тіркеуден кейін бір жыл өткен соң жүзеге асырылса, онда мүлік құнының өсімінен түскен табысқа салық салынбайды.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Өзгерістерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген мүлікке меншік құқығын иелену мерзімі екі жыл болуға тиіс. Бұл дегеніміз – егер пәтер меншік құқығы тіркелген күннен бастап екі жыл өтпей сатылса, жеке тұлға сатып алу мен сату бағасының арасындағы айырмашылықтан жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті болады.
Осылайша:
- 2025 жылы тіркелген тұрғын үйді 2026 жылы (меншік құқығы бір жылдан асқан жағдайда) салықсыз сатуға болады;
- 2026 жылдан бастап тіркелген тұрғын үй екі жыл өтпей сатылса, салық салынады.
Салық органдары тұрғын үй сату-сатып алу мәмілелерін жоспарлау кезінде меншік құқығының тіркелу күнін ескеруге кеңес береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
