Жұма, 27 желтоқсан, 22:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Цифрландыру: Қағазбастылықтан құтылу жолы

13.02.2021

8675 0

Қайсыбіріміз болмасын, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы олқылықтарға мін тағып отыратынымыз жасырын емес. Алайда тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктің бірі – мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру екенін атап айтуымыз керек. Себебі электронды үкіметті оңтайландыру халықтың тек уақыт пен жүйкесін үнемдеуге ғана емес, қаптаған қағаздан арылуға мүмкіндік ашты.

Өз кезегінде аталған әрекет жемісін берді. Мысалы, өткен жылы Қазақстан БҰҰ рейтингісінде электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша 193 елдің ішінде 29-орынға тұрақтаған. Бір қарағанға қарапайым құрылым көрінгенімен, бұл – үлкен жетістік. Дәлі осы, Қазақстанның мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрландыру моделі әлемдік аренада теңдессіз тәжірибе саналады. Жалған мақтан, құр сөз емес, нақты дерек. Тіпті дамыған Италия, Испания, Франция елдерінің өзі мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласында қағазбастылықтан құтыла алмай отыр.
Электронды үкімет жаңалығы құжаттарды сандық нұсқаға көшірумен шектелмей, қашықтан электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) саусақ ізін енгізу (биометрия) арқылы алуға мүмкіндік берді. Осылайша, цифрлық жобалар күшімен құжат айналымынан бастап, әлеуметтік төлемдерге дейін онлайн жүйе енгізілді. Қазіргі таңда онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтердің үлесі 93%-ке дейін жетіп, еліміз БҰҰ рейтингісінде электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша 29-орынды иеленген. Оған қоса, 2020 жылы қолма-қол ақшасыз операцияларының көлемі 2,5 есе, бөлшек сауда құрылымындағы электрондық сауда көлемі 3 есеге көбейген.
Цифрландырудың игілігін тек электронды үкіметтен емес, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау саласынан да байқауға болады. Үкімет ел экономикасын жаңа сатыға көтеру үшін мемлекеттік және жекеменшік секторда цифрландыру жүйесін енгізуге бел буған-тұғын. Табыс та жоқ емес. 2020 жылдың өзінде 20 мың шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталса, мыңнан астам мобильді байланыстың базалық станциясы орнатылған. Нәтижесінде Қазақстан халқын интернетпен қамту деңгейі 99 процентке жеткен. Мұндай жетістік пандемия кезінде қалыптасқан онлайн қызметті алуға, сақтық шарасын ұстануға үлкен көмек көрсетті. Әрине, ғаламтор жылдамдығы мен құрылғы тапшылығы – өзге мәселе.

5G – басты белес

Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке цифрландыруды назардан тыс қалдырмай, жүйелі жалғастыруды баса тапсырған болатын. Осыны ескеріп, елде «ауқымды деректер» қағидасын мемлекеттік органдарға енгізу бойынша жұмыстар жүруде. Үкімет басшысы Асқар Мамин де кезекті пікірінде: «Мемлекеттік органдардың жұмысында «ауқымды деректер» қағидасын терең интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. «Data-driven government» тұжырымдамасы шеңберінде деректерді жинау және өңдеу, әзірлеуден бастап тиімді мониторинг жүргізуге дейінгі барлық кезең мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырудың факторына айналады» деген еді.
Цифрландыру жүйесін дамыту мұнымен тежелмейді. Мемлекет алдағы бес жылда барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларды 5G жабынымен қамтамасыз етуді жоспарлауда. Мамандар 5G жүйесі ғаламторды қолдануды түрлендіріп, интернет жылдамдығын едәуір арттырады деген ойда.
Сонымен қатар алдағы бес жылда деректерді өңдеу және сақтау саласына инвестиция 6 есеге, электрондық сауданың үлесі 2 есе артатын болады. Оның үстіне, мыңнан астам инновациялық компания ашылып, ақпараттық технологиялар саласы бойынша 100 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Цифрландыру– заман талабы. Аталған жүйеге аяқ басу – экономикалық-тұрмыстық тұрғыда ғана тиімді емес, елдің жаңа ойлау кеңістігіне енуіне, әлем халқымен бір толқында дамуына септесетін маңызды күш. Сондықтан цифрландыруға қатысты кез келген жаңа жобаны асқан ыждағаттылықпен, тыңғылықты ізденіспен ден қоя саралаған абзал.

P. S. Мақалаға ақпарат «Digital Almaty 2021: цифрлық қайта жаңғыру: жаңа жағдайға серпіліс» форумынан алынды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: