Адам және оның жасампаздық әлеуетіне ерекше мән берілген осы жылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы бірнеше мәселелерге тоқталды. Әсіресе, жасанды интеллекттің қоғамдық дамудағы қызметтері бойынша көзқарастары ойландырады. Ең алдымен Президент мәдениет және идеология саласында жасанды интеллектінің ықпалы түбегейлі өзгерістерге әкелгенін баяндайды. Сонымен қатар жасанды интеллектке толық үміт артуға болмайтындығын ескертеді. Расында да өнер мен медиа, әлеуметтік нормалар мен саяси дискурсқа жасанды интеллекттің ықпалы баршамызды бей-жай қалдырмауы тиіс. Азаматтар оның тәуелсіз қарым-қатынас жасайтын қызметші емес, ойланып пайдаланатын құрал болып қала беретінін ұмытпауы қажет. Қалай айтсақ та, адамзат шығармашылығы, сыни ойлау және этикалық пайымдау идеологиялық шеңберлер мен мәдени көріністерді қалыптастыруда басты рөл атқарады. ЖИ контент құра алады, тенденцияларды талдай алады, тіпті мәдени өзгерістерді болжай алады. Дегенмен интерпретация, моральдық пайымдау және адам тәжірибесін терең түсіну әлі де адам үлесіне байланысты. Сондықтан жасанды интеллект адам ойын алмастырмайды, тек күшейтеді.
Цифрландыру процесіне президенттің жеке қатысуы, халықаралық мамандармен және кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасауы мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр. Бұл қадам стратегиялық көзқарас және әлемдік технологиялық процестерге белсенді қатысу қажеттілігін білдіреді, елді прогрессивті түрде дамытады. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялардың мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтудағы маңыздылығы жоғары, ал жасанды интеллект экономика, еңбек нарығы және мемлекеттік басқаруды өзгерте алады. Бюджеттік процестер, салықтық және кедендік әкімшілендіруді оңтайландыру, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жеңілдетуге көңіл бөлінуі қуантады. Ұсыныстар мемлекеттік институттар жұмысының тиімділігін жоғарылатады, басқарудың ыңғайлы және ашық жүйесін құрады.
Мемлекет басшысының жасанды интеллект негізіндегі Қазақстан дамуының басым бағыттары бойынша көзқарастары елдің тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз етудегі стратегиялық және перспективалық түрткілер. Энергетика және агроөнеркәсіп кешені салалары экономикалық өсу мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызы бар іргелі секторлар. Салаларды инновациялық технологияларды пайдалана отырып дамыту еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтады. Адами капиталдың басымдық ретінде айқындалуы да елеулі қадам. Өйткені адами капитал білім, ғылым және кәсіби дайындыққа салынған инвестицияның елдің жаңа дәуірдегі сын-қатерлеріне бейімделу қабілетін анықтайды. Мұндай жүйелі тәсіл Қазақстанның тұрақты ілгерілеуі мен өркендеуіне берік негіз жасайды.
Мұрат НАСИМОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!