Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Цифрлы теңге: бұл – қандай ақша?

15.06.2021

2893 0

Цифрланған ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Күн сайынғы жаңалыққа тамсанудың өзі артық болар. Басты талап – уақыт көшіне ілесу. Заман талабы немесе пандемия әсері дейміз бе, цифрландыру игілігін пайдалану дайындығымызға қарамады. Қашықтан білім алу, жұмыс істеу, онлайн төлем, үйде отырып дүкен аралау секілді жаңа әлемге еніп кеттік. Әрине, бұл технологияны түгел меңгергенімізді білдірмейді. Дегенмен жетістігімізді де, кемшілігіміз де іс барысында сыналуда.

Цифрлы әлемнің ендігі тапсырма­сы – цифрлы теңгені қолданысқа енгізу. Бұл жеті рет өлшеп бір рет пішуді, зерттеуді қажет етеді. Бұл – жаһан елдеріне ортақ мәселе. Бүгінде бірқатар елдер ұлттық валюталарының цифрлы нұсқасын сы­нақтан өткізуді бастап та кетті.

Цифрлы теңге:  бұл – қандай ақша?

Деректерге сүйенсек, зерттеушілердің цифрлы валютаға деген қызығушылығы теориялық талқылаулардан бүкіл әлем бойынша пилоттық жобаларды іске асыруға тез ауысуда. Мәселен, биыл халық­аралық есеп айырысу банкінің жүр­гізген сауалнамасына қатысқан 65 орталық банктің 86 проценті цифрлы валютаны енгізуді зерттеуде. Олардың 60 проценті технологиялық сынақ сатысына жетсе, 14 проценті пилоттық жобаларды іске асыруда. Қазақстан цифрлы валюта­ны зерттеуге тартылған елдердің қата­рында. Өткен жылдың қараша айында Ұлттық банк цифрлы валютаны енгізу жөніндегі зерттеу жобасын іске асырудың басталғанын жарияласа, биыл мамырдың 5-і күні қоғамдық талқылауға арналған баяндамасын жариялады.

Ақша ауыспайды

Цифрлы валюта туралы естіген қара­пайым халық мұны түсіне алмай «ақша ауыса ма?» деген сұрақты жиі қояды. Көп көкейіндегі сұрақтың жауабы біреу ғана. Ақша ауыспайды.

Ұлттық банктің зерттеу баяндамасында цифрлы теңгеге мынадай анықтама береді: «ҚР Ұлттық банкі валютаның үшінші нысаны – цифрлы теңгені енгізу мәселесін қарауда. Цифрлы теңге – ақшаның барлық ерекшеліктері мен функцияларына ие мін­дет­темелерінің тағы бір көрінісі. Бұл ретте ол қолма-қол және қолма-қол емес ақшаның бірқатар ерекшеліктерін біріктіреді, сондай-ақ іскерлік айналым қатысушылары мен мемлекеттік инсти­туттар үшін жаңа функционалдық мүм­кіндіктер ашады. Цифрлы теңге қолма-қол ақшаны немесе қолма-қол емес ақшаны алмастыруға арналмаған, ақшаның қосымша нысаны ретінде бірге жұмыс істейтін болады. Ұлттық валютаның жаңа түрі экономиканың бар­лық нысандары төлемдер мен есеп айырысуларды жүзеге асырған кезде қолжетімді болады. Цифрлы теңге жеке электронды әмияндарға жазылатын және олардың арасында орын ауыстыра алатын бірегей цифрлық реттілік форматында шығарылатын болады. Сонымен қатар Ұлттық банк цифрлы платформаны технологиялық іске асырудың басқа да нұсқаларын қарастырады. Бұл ретте іске асырудың кейбір технологиялық тәсілдері интернет желісіне қосылмай-ақ цифрлы теңгемен алмасуды қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар цифрлы теңгені онлайн-транзакциялар үшін пайдалануға болады. Осылайша цифрлы теңге орталық банктің цифрлы валютасы болып табылады».

Баяндамада айтылғандай, бүкіл әлем­дегі орталық банктердің цифрлы валютаға қызығушылығы артса да, осы күнге дейін терминнің жалпыға бірдей танылған анықтамасы қалыптасқан жоқ.

Цифрлы теңге:  бұл – қандай ақша?

Белсенді елдер

Цифрлы валютаны енгізуде белсенді елдер қатарында Қытай көш бастап тұр. 2020 жылғы сәуірден бастап цифрлы юань Қытайдың төрт ірі қаласында сыналды. Бүгінде Қытайдың цифрлы валютасына арналған инфрақұрылым дайын, серверлік инфрақұрылым да реттелген. Жаңа пара­метрлер мен функцияларды тестілеу, әлеуетті зерттеу жалғасуда. Цифрлы юаньды іске қосу 2022 жылы Олимпиада ойындарын өткізу кезінде іске қосу жоспарланған. Ал Ресейдің Орталық банкі цифрлы рубльдің енгізілуін белсенді түрде зерттеуде. Өткен жылдың қазан айында цифрлы рубль тұжырымдамасын ұсынса, 2022 жылы тестілеу өткізу болжануда.

Сарапшылар не дейді?

Цифрлы теңге туралы білгісі келген жұрт сарапшылар пікіріне сүйенетіні белгілі. «Капитал» газеті бірқатар сарап­шылар пікірін жариялаған болатын.   Са­рап­шылардың пікіріне көз жүгірткенді жөн көрдік.

«Альпари» аға талдаушысы Анна Бодрова іс жүзінде қазір ұлттық банк цифрлы валютаны енгізу тұрғысынан әлемдік әріптестерінен қалып қоймауды маңызды санайтынын айтады.  Сарапшы­ның айтуынша, цифрлы валюта – бұл қауіпсіздік, транзакция жылдамдығы және есепке алу мен бақылаудың қара­пайымдылығы. «Мұның бәрі экономика үшін жағымды, бірақ дамып келе жат­қан экономикалық жүйе мұндай артық­шылықтарды сезінбеуі мүмкін. Цифрлы теңгені енгізу үшін тәуекелдер іс жүзінде жоқ, бірақ мұнда әлемдік тәжірибе мен технологияны ескеру және егер оны тиімді пайдалануға болатын болса, енгізген жөн. Бұл заманауи және технологиялық талаптарға сай», – деп есептейді сарапшы.

«SoftLink» талдаушысы Дмитрий Лукашов Қазақстан Ұлттық банкінің цифр­лы валютаны әзірлеуі уақыт талабы және қажеттілік деп пайымдайды. «Цифрлы теңгені енгізу Қазақстандағы экономикалық өсімді жеделдетіп, ақшалай төлемдерді қауіпсіз әрі жылдам етуге тиіс. Бұл транзакциялардың ашықтығын, салықтардың жиналуын арттыру есебінен Қазақстанның барлық қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттырады, сондай-ақ заң­сыз кірістерді анықтауға белсенді іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», – дейді. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасын цифрландыруды жеделдету де маңызды. «Цифрлы теңгенің артықшылығы ақша аударымдарының ашықтығы және олар­дың нақты банктерден, сондай-ақ SWIFT халықаралық жүйесінен тәуелсіз­дігі болады. Бұл оның айналым шығын­дарын азайтады», – дейді ол. Сарап­шының пікірінше, цифрлы теңгені қол­дану бөлінген қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік және муниципалды бюджеттердің шығын­дарында да, ірі мәмілелер жасау кезінде, соның ішінде тұрғын үй нарығында азаматтар арасындағы есептесулерде де пайдалы болуы мүмкін.

«DAMU Capital Management» бас директоры Мұрат Қастаев орталық банктің цифрлы валютасын енгізу – бұл криптовалюталарға қызығушылықтың өсуіне және капитал ағынына тап бол­ған орталық банктер үшін қажетті шара деп санайды. «Мемлекет үшін бақыланбайтын эмиссиямен және айна­лыммен криптовалюталардың еркін айналымы мүмкіндігін болдырмай, ор­талық банктер криптовалюталардың барлық артықшылықтарын пайдалану және олардың кемшіліктерін болдырмау мүмкіндігін зерттейді. Бүгінгі таңда әлемдегі 50-ге жуық орталық банк өз цифрлы валютасымен жұмыс істеуде. Цифрлы теңгенің оң қасиеттерінің бірі жеке жіктеу және мемлекеттік шы­ғыстар шеңберінде ақшаның қосымша қадағалануы болуы мүмкін, бұл сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне ықпал етуі мүмкін, – дейді ол.

«Финам» компаниялар тобының тал­даушысы Леонид Делицын қазір көптеген орталық банктердің цифрлы валюталарды енгізуге ұмтылуының басты себептерінің бірі әлем үлкен деректер мен жасанды интеллект дәуіріне енуінен деп санайды. «Ал қарапайым халыққа әсеріне келетін болсақ, смартфонды жоғалтпаған адам үшін өзгерістерді байқау екіталай», – дейді сарапшы.

Цифрлы теңге:  бұл – қандай ақша?

Қауіпсіз валюта

Цифрлы валютаның артықшылығы туралы экономист-сарапшы, UIB биз­нес мектебінің директоры Мақсат Халықтың пікірін білдік. Экономист оның ар­тықшылығы қауіпсіздігінде дейді.

– Цифрлы теңге туралы айтылып келе жатқанына да біраз жыл болды. Биыл жыл соңына дейін айналысқа енгізу жоспарлауда. Әрине, алғашқы кезде эксперимент ретінде қолданылады. Мұның электронды карточкалық ақша­дан айырмашылығы әрбір цифрлы теңгенің жеке номері болатындығында. Мұны «токен» деп атайды. Яғни қолма-қол ақшадағы банкноттардың номері болған сияқты. Ал қолма-қол ақшадан айырмашылығы – цифрлы электронды сипатта болуы. Цифрлы теңгенің электронды ақшамен де, қолма-қол ақша­мен де байланысы бар. Цифрлы валютаның жеке нөмірлерінің болуы оның қауіпсіздігін арттырады. Мәселен, біз ұялы телефонымызды жоғалтып алсақ, электронды әмиян қосымшасы телефонмен бірге кетеді. Парольді біліп алған адам электронды әмияндағы ақшаны пайдалануы мүмкін ғой. Бірақ қауіпсіздігі сол, әр теңгенің номері болуында. Құзырлы орындар ұрланған ақшаның қай жерде төленгенін анықтай алады және ұрыны ұстайды. Сондай-ақ банктегі есепшоттарға кибершабуыл болып, ақшаның жоғалып кететінін бүгінде жиі естиміз. Цифрлы валютаның артықшылығы да сол, кибершабуылға төтеп бере алады. Жалпы қарапайым тұрғындар үшін қолайлысы бір банктен келесі банктегі есепшоттарға ақша аударғанда комиссия ұсталса, цифрлы валютада ешқандай комиссия ұсталмайды. Демек қолдануға ыңғайлы.

P.S. Әзірге цифрлы валютаның қыр-сыры талқылануда. Ал оның қаншалықты тиімді болатыны уақыт еншісінде.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: