Сәрсенбі, 12 қараша, 13:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Цифрлық кодекс: Жаңа заң Қазақстанда не өзгертеді?

12.11.2025

44 0

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілісте Цифрлық кодекс жобасы бірінші оқылымда қаралды. Жобаны Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева таныстырып, құжаттың еліміздің цифрлық болашағын айқындайтын негізгі құқықтық база болатынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Үш жылдың ішінде цифрлық ел құру міндеті тұр”

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, жаңа Цифрлық кодекс – Қазақстанның цифрлық мемлекетін қалыптастырудағы негізгі заңнамалық қадам.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жылдың ішінде цифрлық ел құру міндетін қойды. Оның құқықтық негізіне цифрлық кодекс айналады. Бұл құжат цифрлық мемлекеттің архитектурасы мен деректерді реттеуден бастап, цифрлық құқықтарды қорғау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге дейінгі барлық негізгі салаyы қамтиды, – деді депутат.

Кодекс ақпараттандыру немесе автоматтандыру үдерістерін емес, цифрлық ортада туындайтын құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған. Бұл – бұрынғы “құрылыс заңнамасынан” дайын цифрлық инфрақұрылымды тиімді пайдалану заңнамасына көшу дегенді білдіреді.

Цифрлық құқықтар мен токенизация ұғымы енгізіледі

Жаңа кодексте алғаш рет цифрлық құқықтар ұғымы заңды түрде бекітіледі. Олар екі түрге бөлінеді:

  • Айналымдағы цифрлық құқықтар – қаржылық және тауарлық цифрлық активтер;
  • Утилитарлық құқықтар – цифрлық сервистерге, қызметтерге және контентке қолжетімділікті қамтамасыз ететін құқықтар.

Бұл норма нақты секторды токенизациялауға және цифрлық активтер нарығын дамытуға құқықтық негіз жасайды.

Цифрлық деректер – жаңа экономикалық құндылық

Цифрлық кодексте деректер азаматтық айналымдағы жаңа құқықтық объект ретінде қарастырылады. Яғни цифрлық жазбалар экономикалық құндылыққа ие болып, мәміле нысанына айналмақ.

Сонымен қатар ұлттық цифрлық объектілердің тізілімі құрылып, ол отандық шешімдерге басымдық беретін сенімді цифрлық реестр ретінде жұмыс істейді.

Бірегей жүйе арқылы барлық цифрлық платформалар, ресурстар және инфрақұрылым бірыңғай стандартқа бағынады. Бұл Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтады, – деп түсіндірді Смышляева.

Кодекс цифрлық мемлекеттің бірыңғай архитектурасын қалыптастырады. Оған орталық және жергілікті органдармен қатар, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор да енеді.

Алғаш рет цифрлық ортада қоғамдық функцияларды орындайтын субъектілер ұғымы енгізіліп отыр. Бұл қоғамдық мүддені сақтау жауапкершілігі тек мемлекеттік органдарға ғана емес, жеке цифрлық операторларға да жүктелетінін білдіреді.

Қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау күшейтіледі

Кодексте адамның цифрлық құқықтарын қорғау ерекше назарда.
Оған келесі қағидаттар кіреді:

  • жеке деректер мен цифрлық идентификацияны қорғау;
  • “ұмытылу құқығы” және ақпаратқа қолжетімділік;
  • көпфакторлы және биометриялық сәйкестендіру жүйелерін енгізу.

Сонымен қатар, “Ақпараттандыру туралы” заң “Киберқауіпсіздік туралы” жаңа заңға айналады. Бұл киберқылмыспен күресті күшейтіп, ұлттық киберқалқанды нығайтуға мүмкіндік береді.

Смарт-келісім шарттар мен цифрлық дәлелдер заңдастырылады

Кодекс смарт-контрактілердің (өздігінен орындалатын цифрлық келісімдер) құқықтық мәртебесін анықтайды. Олар классикалық шарттарды алмастырмайды, бірақ келісімдердің орындалуын автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, алғаш рет цифрлық дәлелдемелер ұғымы енгізіледі. Бұл сот және азаматтық істерде логтар, транзакциялар мен жазбаларды ресми дәлел ретінде пайдалануға жол ашады.

Кодекс үш деңгейлі аудит жүйесін бекітеді:

  1. Функционалдық аудит – жүйелердің нақты функцияларын бағалау (әсіресе жасанды интеллект негізінде).
  2. Киберқауіпсіздік аудиті – қауіптерге төзімділік пен деректердің қорғалуын тексеру.
  3. Регуляторлық аудит – ішкі саясаттың Кодекс талаптарына сәйкестігін бақылау.

Бұл жүйе мемлекеттік және жеке цифрлық платформалардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған.

Болашақтың инфрақұрылымы: IoT, деректер алмасу және цифрлық егіздер

Құжатта интернет заттары (IoT), деректер алмасу платформалары және цифрлық егіздер (digital twins) салалары да қамтылған. Бұл бағыттар Қазақстанның болашақ экономикасының негізін қалыптастырады.

Цифрлық кодекс – бұл тек жаңа заң емес, ол цифрлық мемлекетке өту жолындағы жаңа кезеңнің басталуы, – деді Екатерина Смышляева Мәжілістің жалпы отырысында.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: