Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Даму динамикасы талданды

02.08.2022

1186 0

Өткен аптадан бастап облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы жиында қала және аудандардың даму динамикасын саралап, негізгі экономикалық көрсеткіштерге талдау жасады. Алдымен Сырдария, Қармақшы, Жалағаш ауданының әкімдері көрсеткіштер бойынша есеп беріп, алдағы міндеттерін тізбектеді. Күні кеше Жаңақорған ауданының даму көрсеткіштері талданды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйен­сек, басты талап – экономикалық өсімді арттыру. Макро­экономикалық көрсеткіштермен қарар болсақ, Сырдария ауданы 4 орында, Қармақшы ауданы 6 орынға ығысса, Жалағаш ауданы екінші орынға көтерілген. Әсіресе, Сырдария құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуіне жол берген жалғыз аудан. Ал Қармақшы ауданында тамақ өндірісі бойынша теріс тенденция былтырдан бері жалғасып келеді. Жалағашта өсім қалыптасқанымен төртінші деңгейлі бюджет жоспарын төмен бекіткен.

– Сырдария ауданында жергілікті өндіріске тиісті талдау жасалмау салдарынан корпоративтік табыс салығы өт­кен жылмен салыстырғанда 71,2 млн теңгеге азайған. Бұл жер­гілікті өндірістің дамуына, жергілікті бюджеттің тиімді қыз­мет етуіне кері әсерін тигізуде. Биыл аудан бюджетінің кірісі жыл аяғына дейін 593,8 млн теңгеге орындалмау қаупі бар. Сондықтан жұмысты ширату керек, – деді облыс әкімі.

Халық табысын арттырудың төте жолы – жаңа жұмыс орындарын құру. Облыс әкімі әр ауданның өзіне тиесілі инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды әкелу қажет екенін сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ұлғайту жұмыстарына жете мән беруді тапсырды. Сондай-ақ инвес­тиция тарту ісінде міндеттемелердің уақытылы орын­далуын қадағалау қажет деді.

– Қармақшы ауданы бойынша 6 айдың қорытындысы­мен ресми жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен. Ал жос­пар­ланған 2533 жаңа жұмыс орынның бар болғаны 1073-і ашылса, оның ішінде тұрақтысы 277 немесе 25,8%-ға ғана орындалған. Бұған қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды квотамен жұмыспен қамту бойынша 39 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланғанымен, бүгінгі күнге бірде-бір адам жұмысқа орналастырылмаған. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шараларды қабылдаңыз, – деді облыс басшысы.

Талдау жиынында Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпкерлік саласында оң динамика сақталған аудандарды атап өтіп, өнім өндіру және ішкі қажеттілікті өтеу мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Мәселен, Сырдария ауданында 2533 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 92,5 пайызы нақты жұмыс жасайды. Ал Қармақшы ауданында 3321 бизнес иелерінің 89,9 пайызы нақты жұмыс істейді. Жалағаш ауданында да оң тенденция бар. Ауданда жыл басынан 290 кәсіпкерлік субъектісі ашылған, нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілердің 92,5 пайызы нақты жұмыс жасайды.

– Жалағаш ауданының облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша және фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін ауданда бақша, көкөніс өнім­дерін өсіруге және етке негізделген мал, құс шаруа­шылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасау қажет. Бұл ретте жұмысты күшейту қажет, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру бойынша Сырдарияда жұмыс қар­қыны баяулағанын тілге тиек етті. Ал Қармақшы ау­данының әкіміне индустриялық аймақта 2017 жылдан бері жаңадан жоба болмағанын сынға алып, ауданда құс фабрикасын салуды жоспарлы уақытта жүзеге асырып, өзге де индустриялық жобаларды қарастыруды міндеттеді. Жалағаш ауданы әкіміне мия тамырын өңдеу зауытын іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Өндіріс орны биыл қайта іске қосылып, 190 жаңа жұмыс орны құрылады.

Жаңақорғанда да ауыз толтырып айтарлық іс жеткілікті, дегенмен әлеуетті ауданға қазіргі ахуалы аздық етеді.

– Бүгінгі таңда ауданда 66 өндірістік цех жұмыс жасайды екен. Әлеуеті жоғары ауданға бұл өте аз. Себебі халық саны 1,5 есе төмен Қармақшы ауданында 126 цех бар. Ал халық саны шамалас Қазалы және Шиелі аудан­дарында 286 және 336 өндірістік цех жұмыс жасауда.Өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі облыстың 34%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш уран саласындағы 2 кәсіпорын есебінен құралады. Өңдеу саласында шағын кәсіпорындар мүлдем жоқ десек болады, – деді облыс басшысы.

Арнайы кеңесте облыс әкімі Жаңақорған ауданында соңғы кездері жұмысы тоқтап қалған кәсіпкерлік нысан­дардың көбейгенін айтып, бұл бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Мәселен, Жаңақорған ауданы бойынша соңғы 3 жылда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны небәрі 365 бірлікке өскен.

– Ауданда 87 мыңға жуық халық болса, оның кәсіпкер­лікке тек 7% тіркелген. Ал көршілес жатқан Түркістан облысының 80 мың халқы бар Шардара ауданында кәсіпкерлердің үлесі 11%. Шардара облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан бола тұра, кәсіпкерлік әлеуеті жоғары Жаңақорған ауданынан артық дамыған, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында азық-түлік қорын көбейту, бақша дақылдарын егу жұмыстарының нәтижесі талданды. Облыс әкімі Жаңақорған ауданы табиғи орналасу ерекшелігіне байла­нысты аймақтағы бақша-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуші негізгі аудан болуы тиіс екенін ашып айтты.

Есеп барысында облыс әкімі кадрлар тиімділігін арт­тыру мақсатында аудан әкімдіктері қызметкерлерінің еңбек өтіліне және жетістіктеріне талдау жасау қажет екенін айтты. Мәселен, Сырдария және Қармақшы аудан­дарындағы кейбір лауазымды тұлғалар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді назарға алмауы салдарынан бірқатар заң бұзушылықтарға жол берген. Сондай-ақ өңір басшысы аудандағы мектеп және балабақша директорлары көптеген жылдар бойы бір қызмет орнында қалғанын ескертіп, заңнама аясында ротациялауды қарастыруды тапсырды. Қызмет барысында заңсыздыққа жол берген аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: