Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүктілік пен бала күтіміне байланысты заңсыз әлеуметтік төлемдер алып берумен айналысқан түлғалардың қылмыстық әрекетін әшкереледі.
Қызылорда қаласының тұрғындары Жанерке Әбдімәлікова және Жұлдызай Бакирова жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты табысынан уақытша айырылған әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдерді еселеп алу үшін заңсыз схема ұйымдастырған. Олар жүкті әйелдерді белгілі бір жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкері ретінде көрсетіп, олардың атына міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар аударған. Кейін жүктілікке және босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеп берген. Нәтижесінде Ж. Әбдімәлікова 34 әйелге, Ж. Бакирова 20 әйелге заңсыз құжат рәсімдеген.
Тергеу барысында аталған азаматшалардың шын мәнінде жеке кәсіпкерлердің қарамағында жұмыс істемегені анықталды. Кәсіпкерлердің өздері жалдамалы қызметкерлер тізімінде бұл азаматшалар барын білмеген. Сонымен бірге, кәсіпкерлер электрондық цифрлық қолтаңбаларын (ЭЦҚ) тек салықтық есептілікті тапсыру үшін бергенін мәлімдеген.
Сот үкімімен Заңның талабы қолданып Әбдімәлікова Жанеркеге 3 (үш) жыл 4 ( төрт) ай мерзімге, Бакирова Жұлдызайға 2 (екі) жыл 4 ( төрт) ай мерзімге шартты түрде сотталған.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық
тергеп-тексеру департаменті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!