Елордада 1 қазаннан бастап демалыс және мереке күндері автотұрақтар ақылы болады. Ақылы тұрақ жобасы көше-жол желілерінде көлік қозғалысын азайтады, – деп хабарлайды Massaget.kz «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автотұрақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін тегін болады.
«2023 жылдың 1 қазанынан бастап демалыс және мереке күндері автотұрақтар ақылы болады, бұл көшелердің өткізу қабілетін тұрақты түрде арттырады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ақылы автотұрақ шекарасындағы жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін тегін тұрақ жасау туралы ұсыныс қарастырылуда. Ақылы автотұрақтар ұйымдастырылған үйлердің тұрғындары оларды енді тегін пайдалана алады», -делінген хабарламада.
Автокөлік иелерінің 99%-ы тұрақ ақысын мобильді қосымшалардың көмегімен төлейді. Транзакцияның тек 1%-ы паркоматтарға тиесілі. Компания тұрақ ақысын төлеудің балама тәсілдеріне astanapark.kz сайтындағы жеке кабинет, терминалдар және «Касса24» сайты жататынын еске салады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!