«Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының кейбір қатысушылары өз міндеттемелерін орындамай, салдарынан бағдарламаның тиімділігі төмендеп, бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалып жатыр. Аталған мәселені Сенаттың пленарлық отырысында депутат Нұртөре Жүсіп көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат депутатының айтуынша, жастарды ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларына тарту мақсатында әзірленген бағдарлама бір реттік жәрдемақы және тұрғын үйге арналған жеңілдетілген несиелер ұсынып келеді. Бағдарлама іске асырылған уақыт ішінде 114 мыңнан астам маман қолдау алған, шамамен 52 мың адам тұрғын үй мәселесін шешкен.
«Алайда бағдарламаның ауқымына қарамастан, қатысушылардың бір бөлігі ауылда 3 жыл жұмыс істеу жөніндегі міндеттемесін орындамайды. Тек соңғы 3 жылда 166 адам келісім талаптарын бұзған, ал өтелмеген несиелер көлемі 784 млн теңгеден асқан.
Бүгінде халықтың 37 пайызы, яғни 3 миллионнан астам, шамамен 4 миллионға жуық адам ауылдық жерлерде тұрады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 2025-2027 жылдарға 3 043 маман қажет. 114 мың маман бір реттік төлем алғанымен, олардың тек 52 мыңы ғана тұрғын үймен қамтылды. Ал шын мәнінде қанша маман ауылда қалып қойғаны белгісіз. Олар ақшаларын алып, уақыт өте келе ауылдан кетіп қалады. Жәрдемақы мамандарды тартуға көмектеседі, бірақ оларды тұрақты ұстап қалуға жеткіліксіз», деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор сондай-ақ бағдарламаға қатысушылардың өмір сүру жағдайларына – жалақы деңгейіне және әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігіне – кешенді талдау жүргізілмегенін атап өтті.
«Ауылдарда әлі де сапалы қызметтер мен тұрғын үйлер жетіспейді, сондықтан жас мамандар міндетті мерзім аяқталған соң кетіп қалады. Бұған қоса, бюрократия, өңірлердегі тәжірибе айырмашылығы және облыстардың бағдарламаға әркелкі қатысуы қосымша қиындықтар туғызады», деді депутат.
Осыған байланысты Н.Жүсіп анықталған проблемаларды ескере отырып, бағдарламаға өзгерістер енгізуді сұрады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
