Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршын әлеуметтік желілер мен бірқатар сайтта өзіне және басқа да депутаттарға қарсы дайындалған келемежді контенттер туралы айтты. Оның сөзінше, бұл материалдарда депутаттарды әдейі ЛГБТ өкілдері ретінде көрсету арқылы мазақтау әрекеттері жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Енді ол сайттың атын атамай-ақ қояйын. Сол сайттарда арнайы депутаттарды келемеждеп, ақпараттарды бұрмалап, сол депутаттардың өздерін гей деп көрсеткен. Оның ішінде мен де бармын. Контенттер шығарып, келемеждеген. Мәселе сонда, – деді депутат.
Жаңбыршынның айтуынша, мұндай контенттерде оның әріптестері де мазақ нысанына айналған.
Кейбір аккаунттарда осындай сатиралық сипаттағы жазбалар жарияланады. Бірақ ол шынайы сатира емес. Бұл – депутаттардың құқығын таптау, келемеждеу. Біз мұны әдейі жасалған ақпараттық шабуыл деп есептейміз, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, мұндай жазбалар көп қаралым жинап, кейбірінде тіпті жеке тұлғалардың ар-намысына тиетін мазмұндар болған. Ол мұндай мысалдардың елдегі ЛГБТ насихатына қатысты нақты дәлел ретінде қарастырылуы керектігін жеткізді.
Олар өздерінің аккаунттарында боғауыз сөздер айтып, жыныстық сипаттағы модельдер мен символикаларды пайдаланады. Тіпті кейбір ойыншықтарда да солардың белгілері кездеседі. Мұның бәрі тікелей немесе жанама түрде насихат болып саналады, – деді депутат.
Еділ Жаңбыршын мұндай әрекеттердің артында қаржылық және шетелдік ұйымдардың болуы мүмкін екенін де айтты.
Бұлардың артында үлкен қаржылық күштер тұр. Шетелдік ұйымдар бар. Сондықтан біз бұған көз жұма қарамаймыз, – деді ол.
Депутат келемеж контент шыққаннан кейін құқық қорғау органдарына арыз түсіргенін және қазіргі таңда ол бойынша қылмыстық іс қаралып жатқанын мәлімдеді.
Қазір сол контенттің жұмысы тоқтатылды. Қылмыстық істер қаралып жатыр. Егер бізге қарсы заңсыз шабуылдар жалғасатын болса, біз де заң аясында қарсы шара қолданамыз, – деді ол.
Сонымен қатар Жаңбыршын журналистерге жаңа қабылданған норманы дұрыс түсіндіруді сұрады.
Бұл норма жеке адамның кім екеніне қарсы емес. Біз тек насихаттауға қарсы норманы қабылдадық. Яғни бір жыныстық қатынасты дәріптеу, оны үлгі ету – заңмен жазаланады. Ал адам өзінің кім екенін ашық айтуға міндетті емес, – деді депутат.
Оның айтуынша, заң тек насихаттау мен дәріптеу әрекеттеріне қатысты қолданылады.
Қоғамдық орындарда, мысалы, ер адамдардың бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп отырғанына заң тыйым салмайды. Бірақ егер олар өздерінің символдарын пайдаланып, бір жыныстық қатынасты насихаттайтын болса, онда ол заңмен қудаланады, – деп түсіндірді ол.
Еділ Жаңбыршын соңында журналистерге үндеу жасады.
Журналистер бұл норманы бұрмаламауы керек. Біз қабылдаған шара – қоғамның, әсіресе балалардың психологиялық қорғанысы үшін жасалып отыр, – деді депутат.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
