Мәжіліс депутаты Марат Башимов бастаған бір топ депутат банк атауларында “халық” сөзі мен соған ұқсас ұғымдарды қолдануға заңнамалық шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олардың пікірінше, “халық”, “ұлттық”, “республикалық”, “мемлекеттік”, “орталық” сияқты сөздер тек мемлекеттік немесе қоғамдық меншікке негізделген ұйымдардың атауында ғана қолданылуы тиіс. Тиісті өзгеріс “Банк және банк қызметі туралы” заңның 7-бабына енгізілмек.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекеттің жалғыз егесі және биліктің қайнар көзі – халық. Сондықтан “халық” сөзі барша қоғамға тиесілі ұғымды білдіреді және оны жеке, коммерциялық құрылым иемденбеуі керек, – деді Марат Башимов.
Депутаттың айтуынша, “халық” сөзі бар атауы бар жекеменшік банк немесе компания азаматтарда бұл ұйым мемлекеттікі немесе қоғамдық бақылауға бағынады деген жалған түсінік қалыптастыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде тұтынушыларды адастыру, әділ бәсекелестікті бұзу және корпоративтік сәйкестендіру ережелерін бұзу деп бағалануы ықтимал.
Сондай-ақ депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Көптеген елде мұндай сипаттағы сөздер тек мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдар үшін ғана заңмен бекітілген. Ал жекеменшік компаниялар оны қолдана алмайды.
Коммерциялық мақсаттағы жеке банктің өз атауында “халық” сөзін пайдалануы – халықтың атын жамылып, сенімге ие болуға бағытталған маркетингтік амал. Бұл – Конституциялық ұғымды жекешелендіру, – деді Башимов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!