Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық пробация есебіндегі азаматтардың діни сауаттылығын арттыруға арналған кездесу өтті. Шараға Жамбыл облыстық орталық “Һибатулла Тарази” мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы арнайы шақырылып, «Діни сауаттылықты арттыру және дұрыс діни таным қалыптастыру» тақырыбында дәріс жүргізді.
Кездесу барысында имам қоғамда жиі кездесетін діни ағымдар, олардың дұрыс-бұрыстығы, дәстүрлі ислам құндылықтары мен жас ұрпақты діни сауатсыздықтан қорғау жолдары туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізер теріс ықпалын айтып, дұрыс бағыт-бағдар ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
Жиынға қатысқан сотталғандар үшін бұл дәрістің тәрбиелік мәні зор болды. Олар имамға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Сотталған азаматтардың бірі өз пікірін былай білдірді:
«Бұған дейін діни мәселелерге үстірт қарайтын едім. Дұрыс пен бұрысты ажырата бермейтінмін. Бүгінгі дәрісте көп нәрсе түсіндім. Діннің адамды тәрбиелеп, дұрыс жолға бағыттайтынын, қоғамға пайдасы зор екенін ұқтым. Осындай кездесулер бізге ой салып, болашағымызға дұрыс бағыт береді. Алдағы уақытта діни білімімді арттыруға ниеттімін», – деді ол.
Осындай тәрбиелік сипаттағы іс-шаралар пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, сонымен қатар олардың өмірге оң көзқараспен қарауына ықпал ететіні сөзсіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!