Бүгінде қалалармен қатар ауылдарды да дамыту, тұрғындарға жұмыс көзін ұсыну маңызды. Одан бөлек білікті мамандардың қатарын арттыру да ауыл жағдайының ілгерілеуіне өз үлесін қосады. Ауылдың қалыпты тіршілігін және ауыл-аймақтың әлеуетінің өсуін қамтамасыз ету, сонымен бірге ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік саланың сапалы қызметін көрсету, ауыл-аймақты тұрақты дамыту, елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген сала мамандарын ынталандыру да маңызды. Бұл мақсатта жұмыс істейтін «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы да бар.
Ел Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысы мен Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы негізінде жүзеге асатын бұл бағдарлама Қызылорда қаласына қарасты ауылдарда да жүйелі жүзеге асуда. Дипломы бар мамандар ауылдық жерге жұмысқа қалай орналаса алатыны және «Дипломмен ауылға» бағдарламасының артықшылықтары туралы қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек айтып берді.
− Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар және ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері апараттарының мемлекеттік қызметшілері ауылдық елдімекенге жұмысқа орналасқан жағдайда, 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 процент мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар, − дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Бағдарламаға қатысу үшін ауылдық жерлер аумағында елді мекенді таңдап, өздігінен онда жұмысты табу қажет. Өздігінен жұмысты іздеу мүмкіндігі болмаса, облыстық әкімдікке жүгінуге болады. Сондай-ақ бос орын болуы туралы әкімдіктер сайтында да білуге болады. Кейін жобаға қатысу туралы өтінішпен аудандық әкімдік немесе аудандық маңызы бар қала әкімдігіне жүгіну керек. Онда арнайы комиссия құжаттарды қарап, шешім шығарады.
Ал әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін қызмет берушіге мемлекеттік корпорация немесе электрондық үкіметке веб-порталына құжаттарды ұсыну керек. Назарда ұстау керек шарт – қағидаға сәйкес әлеуметтік көмекті алушы ауылдық жерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.
Мысалы, Салтанат Қалиева Жақыпбек Махамбетов ауылындағы «Дәрігерлік амбулаторияда» медбике болып қызмет атқарады. Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін пайдаланып отырған маман өзінің ауылдағы тыныс-тіршілігімен де бөлісті.
− Қызылорда облыстық медицина колледжінде «мейірбике ісі» бойынша білім алдым. Дәрігерлік амбулаторияда 2017 жылдан бері қызмет етемін. Жалпы бұл бағдарламаның тиімді тұсы көп. Атап айтсақ, баспана алу оңайырақ. 2 жыл бұрын аз пайыздық несиемен жас отбасы баспаналы болдық. Одан бөлек, айлыққа да ауылдық квота қосылады. Бұл да өз кезегінде «отбасылық экономикаға» елеулі үлесін тигізеді. Жалпы ауылдық жердегі өмірді жаман деуге келмейді. Ауыл халқының барлығы қарапайым, тез сіңісіп кетесіз. Бұл дипломын енді алып, үлкен өмірге қадам басқан жас маманға қай жағынан да тиімді. Балаларымды балабақшаға орналастыруда да ешқандай қиындық туындамады, − дейді Салтанат Әлижаппарқызы.
Салтанат Бакенова да бағдарламаның игілігін көріп отырған маманның бірі. Ауыл балабақшасында тәрбиеші болып қызмет атқаратын ол бүгінде Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 2015 жылы ауылға барған Салтанат Жанабергенқызы Қызылжармадағы «Сыр дидары» балабақшасында жұмыс істейді.
− Қорқыт ата университетін мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу мамандығы бойынша тәмамдадым. 2 жылдан кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы зерттеп біліп, ауылдық жерге жұмысқа тұруды жөн көрдім. 2018 жылы мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алсам, биыл аз пайыздық несиемен баспаналы болдық. Осылайша қызылжармалық отбасы атандық. Жалпы жұмыс істейтін адамға ауылда да барлық жағдай жасалған. Бастысы, ешқандай қорқынышқа бой алдырмай, өзіңе сену керек. Мемлекет ауылға келген мамандарға мүмкіндігінше бар жағдайды жасаған. Азаматтар бұл бағдарламаның маңыздылығын түсініп, ауылға көптеп тартылса, − дейді «Сыр дидары» балабақшасының тәрбиешісі.
P.S. Биыл Қызылорда қаласына қарасты ауылдарда қызмет ететін 110 маман көтерме жәрдемақыға өтініш беріп, оларға жалпы саны 33 млн 693 мың теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ бюджеттік кредитке 114 млн 863 мың бөлініп, ауылдық елді мекендегі 22 маман баспанаға несие алған.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!