Қызылордада өткен бесінші Ұлттық құрылтайда ел бірлігі, қоғамдық келісім, жастар саясаты және азаматтық белсенділік мәселелеріне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы қоғамды ұйыстыратын бастамаларды қолдап, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға мемлекеттік награда табыстады. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Президент қолынан «Шапағат» медалін алған “Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Елена Пак құрылтайда көтерілген мәселелер мен марапаттың мәні жөнінде өз ойымен бөлісті.
– «Шапағат» медалімен марапатталғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл марапатты жеке еңбегімнің ғана емес, Ассамблея жастары ұйымының ортақ жетістігі, бірлескен жұмыстың нәтижесі деп қабылдаймын. Ұйымымыздың басты мақсаты – жастар бастамаларын дамыту, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту. Соңғы үш жылда облыстық деңгейде 80-ге жуық іс-шара өткізіліп, 5 ірі жоба жүзеге асырылды. «Social Assembly», «Бірлік тілі», «Ел мұрасы», «Таза орта», «Қасиетті парыз», «Жастар медиа» бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл марапат бізге жаңа жауапкершілік жүктеп, алдағы уақытта да елге қызмет етуге жігер береді. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, елге пайдасы тиетін бастамаларды іске асырып, үлкен мақсаттарға жетеміз деп сенемін, – деді Елена Владимировна.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
