Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен егін жинау науқанының барысы туралы Үкімет отырысы өтті.
Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейінгі жиналыста аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
«Өздеріңізге белгілі, биыл өңірімізде вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауының арқасында көршілес мемлекеттермен қажетті су көлемін жеткізу бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар қабылданды. Өңірімізде егін жинау жоспар бойынша қазан айының 15-нен кешікпей аяқталуы тиіс. Қала, аудан әкімдіктері, жұмысты мерзімінде бітіруге күш салу керек. Ол үшін шаруашылықтарды қажетті дизель отынымен толық қамтамасыз ету маңызды. Бүгінде күзгі егін жинау жұмыстарына бөлінген 10 400 тонна арзандатылған дизель отынының 5 500 тоннасы жеткізілген. Дегенмен, шаруашылықтардың дизель сатып алу көрсеткіштері әлі де төмен. Қала, аудан әкімдіктері, мәселені қатаң бақылауға алып, қыста шаруашылықтардың толық есептесуін ұйымдастырыңыздар. Бөлінген дизель отыны игерілуі керек. Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес күрішті кезең-кезеңімен оңтайландырып, суды аз қажет ететін өзге дақылдардың көлемін арттыруымыз қажет. Егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу – заман талабы. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2026 жылға су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдау шараларына облысымызға 9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл – бұрын-соңды болмаған қолдау. Осының арқасында егіс құрылымын әртараптандырып, оның ішінде су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін ұлғайтуымыз керек. Оның ішінде, күрішті тамшылатып суару әдісімен егуді қолға алуға тиіспіз», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында жылу беру маусымына дайындық барысы да қаралды.
«Алдағы жылу беру маусымына қажетті көмір қорын жасақтау күн тәртібінен түскен емес. Мен бұған дейінгі мәжілістерде көмір жеткізуді шілде айынан бастауды тапсырғанмын. Бірақ тапсырма тиісті деңгейде орындалмауда. Жылу беру маусымында көмірге қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдеріне көмір жеткізу және қажетті көмір қорын жасақтау жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру, жұмыспен қамту басқармалары Қызылорда қаласы, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, 25 қыркүйекке дейін шұғыл түрде дайындық паспорттарын алыңыздар. Қазандықтарды әзірлеп, отын қорын жасақтап, әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етіңіздер», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, барлық аудандағы вокзалдарды жөндеу жұмыстары қауіпсіздік талаптарына сай, жинақы, белгіленген тәртіппен ұйымдастырылуы қажет екені ескертілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!