Жұма, 22 қараша, 08:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Егінге алғашқы орақ түсті

17.08.2024

149 0

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жалағаш ауданы «Таң» ауылының егіс алқабына алғашқы орақ түсу рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімге республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, барлық облыс әкімінің орынбасарлары мен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты.

Аймақ басшысы ізгі тілегін білдіріп, агросалада атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Ауыл шаруашылығы – аймақ экономикасын өрістеткен негізгі бағыттардың бірі. Оның ішінде, аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақыл – күріш.

Соңғы жылдардағы су тапшылығының кері әсері Сыр диқандарына оңай соқпады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысы Олжас Абайұлының, Үкімет мүшелерінің бастамасымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөз жүргізіліп, қолдау жасалды. Нәтижесінде егісіміз сумен толық қамтамасыз етілді. Сол үшін барша Сыр диқандары атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.

Вегетация кезеңіне бекітілген су лимитіне сәйкес күрішті 84 мың 300 гектарға ектік.

Жыл сайын аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржы бөлінуде. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 5 жылда екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осы ретте егістікті әртараптандыруға, су үнемдеу технологияларын қолданып егіс көлемін арттыруға ден қойылуда. Жеңілдетілген дизель отыны шаруашылықтарға мерзімінде жеткізілді.
Диқан қауымы ауызбірліктің үлгісін көрсетіп, суды ысырапсыз пайдаланып, жоспарлы жұмыс жасауда», – деді Н.Нәлібаев.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жиналған жұртшылықты құттықтап, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.

Егін орағының басталуына арналған іс-шарада
азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республиканың әр өңірінен келген кәсіпорындардың келісімге қол қою рәсімі өтті.
Нақтырақ айтсақ, «Шымкент» ӘКК АҚ мен «Жан – Арай» ЖШС, «Павлодар» ӘКК АҚ мен «Абай -Дәулет» ЖШС, «Алматы» ӘКК АҚ мен «Алтын Орда» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды.

Шараға қатысушылар егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларымен, облыста өндірілетін агроөнім түрлерімен танысып, мамандармен пікір алмасты. Сала ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы ақ батасын берді.
Сыр диқандары суды үнемдеу мақсатында соңғы
10 жыл көлемінде күріш егістігінің 55 мың гектарын лазерлік тегістеді. Алдағы 5 жылда бұл 72 мың гектарға жеткізіледі. Биыл су үнемдеу технологиясын пайдалану 4,4 мың гектарға жетті, алдағы 5 жылда оны 24,2 мың гектарға арттыру жоспарлануда.

Биыл «Таң ЛТД» серіктестігі қытайлық компаниямен бірлесіп, Шиелі ауданында 800 гектарға тамшылатып суару әдісімен дән жүгері екті. 2025-2026 жылдары тамшылатып суарылатын егістік көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

Сол сияқты Қазалы және Арал аудандарында ауқымды жобалар бастау алды. Арал ауданындағы «Кэмел Про» шаруа қожалығында 830 гектар жоңышқаны, Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» серіктестігінде 184 гектар мал азықтық дақылдарды жаңбырлатып суару жобалары бар.

Сонымен қатар, делегация «Таң» ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.
Айта кету қажет, «Таң ЛТД» серіктестігінің құрылтайшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев соңғы жылдары ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп, әлеуметтік нысандарды жөндеді. «Тағзым», футбол, балалар ойын алаңдарын салып, жолдарды жаңғыртты, көшелерді жарықтандырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: