Бейсенбі, 21 қараша, 22:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

«Екінші республика» нені білдіреді?

26.03.2022

1254 0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мерекесімен Алматы қаласы тұрғындарын құт­тықтауында айтқан «екінші республика» ұғымы қоғамды бей-жай қалдырмады. Сарапшылар мен саясаткерлер Президент айтқан жаңа анықтаманы талқылағаны рас.

Тіпті мұны тура мағынасында түсінгендер де жоқ емес. Президент айтқан «екінші республика» анықтамасы нені білдіреді? Бұған мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин «Telegram» каналында түсініктеме берді.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, Президент жаңа анық­тама арқылы құндылықтарды жаңарту жайын айтқан.

– Алматылықтарды Наурыз мейрамымен құттықтау кезінде Президент жаңа анықтама – «Екінші республика» жайында айтты. Осыған байланысты кейбір сарапшылар бұл түсініктің астарында не жатыр және бұған дейін жарияланған «Жаңа Қазақстан» концептісіне оның өзара қатысы қандай деп сұрақ қоюда. Шын мәнінде, осы екі идеологеманың мәні бір, яғни тек акценттерінде ғана айырмашылық бар. Жаңа Қазақстан – ол жалпы біздің елдің болашағының образы, – деп жазды мемлекеттік хатшы.

Өзгеріске ұмтылған мемлекетке үлкен өзгеріс, саяси реформа қажеттігі Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылды. Саяси жаңғыру алдындағы мемлекетке жаңа заң қабылдау, Ата заңға өзгеріс енгізу қажеттігі де сөз болды. Мемлекетттік хатшы Ерлан Қарин еліміз қаңтар оқиғасынан кейін немесе Жолдаудан соң Жаңа Қазақстанда өмір сүре бастады дегенді білдірмейтінін, бұл қоғамдық трансфор­мацияның терең және ұзақ процесі екенін де атап өтті.

– Сонымен бірге Президент Жолдауда саяси реформалардың жаңа басымдықтарын жариялағаннан кейін билік институттары арасында жаңа конституциялық теңгерімді қалыптастыру туралы сөз қозғап отырғаны көпшілікке түсінікті болды. Бірінші кезекте ол басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу бастамасына қатысты. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру аясында Конституцияның 30-дан астам бабына өзгшеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау ескерілген. Бұл – реформалардың өте ауқымды жоспары. Белгіленген жаңарулар саяси жүйенің барша конфигурациясын елеулі түрде өзгертеді, – деді мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ ол жаңа анықтаманың  мемлекеттік үлгінің жаңаруы екенін түсіндірді.

– Жалпы тек мемлекеттік басқару моделін ауыстыру басталғаны жайында ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік әрі қоғамдық парадигманың өзгеруі туралы айтуға болады. Бүгінде осы процесті нақты белгілеу үшін Президент «екінші республика» анықтамасын пайдаланды. Бұған қоса, екінші республика – ол әбден жақын әрі айтарлықтай сезіліп тұрған мақсат. Себебі Мемлекет басшысы бастама еткен саяси реформаларды жүзеге асыру осы жылдың ішінде жоспарланған. Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңаруы болса, ал екінші республика – мемлекеттік үлгінің жаңаруы, – деп түсіндірді ол.

 Жаңа Қазақстан құруға ұмтылған қазақстандықтарға жаңаша ойлау, жаңаша көзқарас қажет. Президент кешегі Жолдауда да әркім өзгерісті өзінен бастау керегін айтты. Демек қоғамды өзгертуге жұрт өзі бас болып үлес қосу қажет.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: