Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ел үміті жаңа заңда

29.10.2022

723 0

Несие тақырыбы қозғалса, елең ете қалмайтын адам жоқ. Тіпті несие туралы Үкімет не айтар екен деп жоғары жақтан үміт күтіп жүргендер де аз емес.

Бүгінде қарызға белшеден батқан қазақ азық-түлікті де несиеге алатын жағдайға жетті.

Өткен аптада Жетісу жұртымен жүздесуде ел Президентінің «жуық арада несие туралы айтатын боламын» деген бір ауыз сөзі елді «қарыздан құтылар ма екем?» деген үміт кемесіне мінгізді. Бір ауыз сөз сол күні-ақ көптің аузында жүрді. Тіпті несие мәселесі қалай шешілер екен деп, жаңалықты қалт жібермеуге тырысқан жұрт алаң күйге түсті.

Қалай айтқанда да, елдегі несие мәселесін шешу көп жұрт армандағандай жойылып кетпейтіні белгілі. Мемлекет басшысы несиеден-несиеге өмір сүрген халықтың қарызын жеңілдетудің бірден-бір жолы банкроттық туралы заңды тез арада қабылдауды меңзегені анық. Көп ұзамай-ақ республикалық қоғамдық штаб отырысында сөйлеген сөзінде ел Президенті: «Жеке тұлғалардың банкрот­тығы» туралы заң қабылданады. Ол қарыз алған азаматтарға шамадан тыс қарыз жүктемесінен құтылуға мүмкіндік береді. Қазір бұл бағыттағы басқа да шараларды ойластырып жатырмыз», – деді.

Жалпы еліміздегі әрбір екінші тұрғын несие қамытын киіп отыр. Елдің қарызға батуына не себеп? Экономист-сарапшылар несие алуда көпшілік отбасы бюджетіне талдау жасамайтынын айтады. Экономист Э.Шамсутдиновтің пікірінше, несие төлем­ақысы табыстың 50 процентінен аспау керек. Бұған несие төлемақысы, пәтерақысы, коммуналдық төлем шығыны және басқа да ай сайынғы төлемақылар енуі тиіс. Қоғамда «төлей алмаса несие неге алады?» деген сұрақ жоқ емес. Мұның себебі көп. Бірінші нұсқа – көпшілік несиеге көбіне тұрмыстық техника алу үшін жүгінеді. Бүгін алмаса, ертең одан да қымбаттайды деген түсінікпен несиеге, тағы да несиеге ұмтылады. Несиеден-несиеге өмір сүретіндер де жоқ емес. Олардың несие алу мақсаты басқа. Олар несиеге киім, азық-түлік және басқа да қарызды төлеуге несие алады. Мұның соңы қарызды қайтара алмау мәселесіне келіп тіреледі. Бір қызығы, көпшілік өзінің нақты табысына емес, келешек көбейетін табысын болжап несие алады екен. Ал алдағы уақытта не болатынын ешкім де білмейтіні белгілі. Табыс өседі ме, әлде бүгінгі табысы қысқарып қала ма, ол жағы белгісіз. Сарапшылардың пікірінше, отбасы бюджетін есептей алмау, болжам жасай алмау тығырыққа әкеліп тірейді. Сондай-ақ «банк беріп жатыр, демек, төлей аламын» деген қате түсінік те жоқ емес.

Сарапшылардың пікірінше, халықтың несие мәселесі алдағы уақытта экономикалық өсімнің баяулауына әсер етеді,  болашақта халықтың несие алуы қиындай түседі. Несие төлей алмағандар қолма-қол ақша ұстауға, салықтан жалтаруға мәжбүр болады.

Белгілі экономист Қуаныш Жайықов: «Қазақстанда 18 жастан асқан 12,9 млн адам бар. Президент бұған дейін елімізде 545 мың адамның несие төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткенін айтқан еді. Бұл ересек халықтың 4,2 пайызы» дейді. Экономистің айтуынша, бұл 90 күн несие төлемеу фактісі елдегі нақты картинаны көрсете алмайды. Ал несие төлей алмау жылдан асып кетсе, онда мәселе бар деген сөз. Себебі кейбір адамдарда жұмыстан шығып қалу, ауырып қалу немесе айлық кешігу секілді мәселелер де болуы мүмкін. Сарапшылар үкімет мәселе тереңдемей тұрып шешім қабылдауы қажет дейді. «Банктерді несиені кешіруге мәжбүрлеу мүмкін емес. Зиян шеккен банк келесі жолы несие беруге дайын болмайды. 2019 жылы несиеге ра­қымшылық жасалды», – дейді экономист.

Сарапшылар несие мәселесін екінші жағынан қарау керегін ұсынады. Мәселен, елімізде 5 пайыз халықтың тұрмысы төмен. Олардың дұрыс тамақтануына, денсаулығын түзеуге табысы жетпейтіні анық. Бұл төленбеген несие мәселесінен де өзекті. Егер осы санаттағы адамдардың жұмысқа орналасуына, табыс табуына мүмкіндік жасалса, несие төлеу мәселесі өзінен-өзі-ақ шешіле бастайды. Сонымен қатар несие бермеумен мәселе шешілмейтінін де алға тартады. «Адамдарға ақша қажет. Түрлі жағдайлар болады. Тез арада ақша қажет болады. Мұндайда банктен заңды түрде ақша ала алмаған жағдайда заңсыз жолдарға жүгінуге тура келеді. Сенімхат арқылы айына алған қарызының 10 пайызын төлеп тұруды міндеттеген кредиторлар да болды. Оны төлей алмаған жағдайда нағыз түсініспеушілік болатыны сөзсіз» дейді маман. Қарапайым тілмен айтқанда, процентке ақша беретіндер халықтың жағдайын қиындата түсетіні белгілі.

Қалай айтқанда да халықтың  қарызын жеңілдетуге лайық заң тетігі болу қажет. Ел бұл заңнан үлкен үміт күтіп отыр…

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: