Дүйсенбі, 15 желтоқсан, 11:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (2207)
13.12.2025
PDF мұрағаты

Елде әр бесінші азамат шағын бизнеске неге жаппай бет бұрды?

15.12.2025

49 0

Фото: freepik

Президенттің шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде ШОБ-тың ел экономикасындағы үлесі жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, бүгінде әрбір бесінші қазақстандық кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің экономикадағы жалпы қосылған құндағы үлесі 39,8%-ға жетіп, 40%-ға таяды.

2025 жылғы ІІ тоқсан қорытындысы бойынша орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 7,9%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсті. Бұл сектордың нығайып, экономикалық өсімге қосқан үлесінің артқанын көрсетеді. 2022–2024 жылдары орта бизнестің жалпы қосылған құны 6,7–6,9% деңгейінде сақталып, кәсіпорындар саны 3 мыңнан асқан.

Қазіргі таңда кәсіпкерлік субъектілерінің 99,9%-ын микро және шағын бизнес өкілдері құрайды. Олар 4,4 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,9%-ға көп. Жалпы алғанда, ШОБ елдегі экономикалық белсенді халықтың 45,5%-ын қамтиды.

Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет кәсіпкерлікті қолдау құралдарын жүйелі түрде кеңейтуде. Кәсіпкерлерге арналған 117 қолдау шарасын қамтитын тізілім жасалып, vaqylauda.qoldau.kz порталы бірыңғай қолжетімді алаңға айналды. Порталды бүгінде 222 мыңға жуық адам пайдаланған.

2024 жылдан бастап бизнесті жүргізу үшін тең жағдай қалыптастыру, компанияларды ірілендіруге ынталандыру және орта бизнестің рөлін арттыруға бағытталған кешенді саясат жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, бизнеске қойылатын талаптар цифрландырылып, Міндетті талаптар тізілімі енгізілді.

Бұдан бөлек, рұқсат беру рәсімдері оңтайландырылып, біліктілік талаптары қайта қаралуда. Ірі кәсіпорындар ШОБ-пен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға міндеттелді. Жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке қысқартылды.

Орта бизнесті күшейту мақсатында Ұлттық экономика министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорындарды дамытудың нақты жоспарларын әзірлеуде. Бұл өндіріс көлемін 2–3 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 2025 жылы «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылып, 482 млрд теңгеге 1 700-ден астам жоба қаржыландырылды. «Даму» қорының базасында екі кепілдік қоры құрылып, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігі кеңейтілді.

Жалпы, қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлікті қолдаудың барлық кезеңін қамтып, Қазақстандағы бизнес ортаның тұрақты әрі серпінді дамуына жол ашып отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: