Қызылорда қаласындағы жаңа Бәйтерек ықшамауданында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция полковнигі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент және КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Елеусін Қайназаров атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнура Бурибаева, университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бақыт Қалиев және профессор-оқытушылар, Қызылорда қаласы әкімдігінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, жергілікті зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, сондай-ақ Елеусін Қайназаровтың туыстары мен жақындары қатысты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті үшін Елеусін Қайназаровтың есімі – ерлік пен парасаттылықтың, білім мен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.
Жиын барысында Елеусін Қайназаровтың ел үшін еткен еңбегі мен өмір жолы жайлы кеңінен айтылды.
Айта кетсек, Калинин майданында Ұлы Отан соғысына қатысып, өздігінен жүретін артиллерия взводын басқарған батыр ІІ-дәрежелі Отан соғысы ордені, «Әскери ерлігі үшін», «Қоғамдық қауіпсіздік сақтаудағы үздік қызмет үшін», 3-ші дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» және тағы да басқа 17 медальдері бар, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін медалінің» иегері. Одан өзге «КСРО ІІМ Еңбегі сіңген қызметкері», 2003 жылы «Маршал Жуков» медальімен марапатталған.
Қызылорда қаласы көшелерінің біріне Елеусін Қайназаров есімінің берілуі – халықтың шынайы құрметінің, оның өмірлік жолына деген жоғары бағасының дәлелі.
Ардагердің өмір жолы тарихта қалған, Отанға қызмет етудің, туған елі Қазақстанның игілігі үшін ерлік пен еңбекқорлықтың үлгісі бола білген адам.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!