2025 жылдың 29-30 мамыр күндері Қармақшы ауданына арнайы іс-сапармен елімізге белгілі дінтанушы, теолог, РАНТ мүшесі Қуанышбаев Арман Баймаханұлы келіп, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Бұл сапар аудандық қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Кездесу Байқоңыр қаласындағы «Жәрімбет ата» мешіті мен Жосалы кентіндегі «Қармақшы ата» мешітінде өтті. Теолог жамағатпен жүздесіп, қоғам мен руханиятты ұштастырған терең уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді.
Арман Баймаханұлының насихаттарында исламдағы бауырмалдық, сүйіспеншілік пен қолдаудың маңыздылығы кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, мешітке келудің сауаптары, оның жүрекке рухани әсері мен пенденің иманын күшейтудегі рөлі жайында түсіндірілді. Жамағат тарапынан қойылған діни сауалдарға нақты, шариғатқа негізделген жауаптар берілді.
Кездесулер барысында табиғатты қорғау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, жан-жануарларға мейірім таныту тақырыптары да қамтылды. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, табиғатты аялау – мұсылманның борышы екені айтылды.
«Қоршаған орта – адам өмірінің ажырамас бөлшегі. Табиғатқа жанашырлықпен қарау – имандылықтың белгісі. Жер-ананы аялау, ағаш отырғызу, жануарларға қамқорлық жасау – сауапты амал. Табиғатпен үйлесімде өмір сүру – болашақ ұрпаққа аманат», – деді теолог.
Кездесуге қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарына тұшымды жауаптар алып, рухани серпіліспен тарқасты. Іс-шаралар тұрғындардың дінге деген ынтасын арттырып, имани түсініктерін тереңдете түсті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!