75 жас. Адам өмірінің өлшеміне берілген уақыт кезеңі. Балалық дәурен, жастық шақ, арман асуы, қызығы мен қиыншылығы жетерлік қоғам өміріне белсене араласу кезеңі, ұрпақ тәрбиесі, ата-ана алдындағы балалық парызың, өзің өмір сүрген қоғамдағы өз орныңды айқындап алу кезеңі, барлығы-барлығы сайып келгенде өзіңнің өмір жолыңның өзгеге өнеге боларлықтай адамгершілік, азаматтық бейнеңді көрсетер өмір сабағы екені даусыз.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Сыр бойына белгілі азамат Сайлаубай Әбішұлы туралы болмақ. Ол өзін ешуақытта дәріптемейді, өзі туралы мақала жазып, мадақтауды да жаны қаламайды, бірақ өзі өмір сүрген қоғамдағы барлық жағдайларға саналы түрде ой тастап, кез келген аудиторияда, баспасөз беттерінде ашық пікірін айтуға жалтақтық жасамай, шынайы өмірдің іргетасына қатысты мәселелерде ұстанымы тұрақты азамат.
Біз Сәкеңді көптен білеміз. Өмірлік көзқарастарын жақсы түсінеміз. Қай салада қызмет жасасын, шынайы беріле жұмыс жасайды. Біреулер сияқты «бара жатқанмен барып, келе жатқанмен келіп» жүретін кадрлар тобына жатпайды. Өз пікірі, өз ұстанымы бар азамат. Былай қарасақ, Сайлаубай Әбішұлының өмір жолы бірқалыпты, тек алға ұмтылумен болған тәрізді көрінуі мүмкін. Әсте олай болған жоқ. Біреулердің қолдауымен, қолпаштауымен «секірмелі» әдіспен билік басына жеткен жоқ, өз жолы, өз ретімен болды. Аяқтан шалушылар да, көре алмаушылар да, қызғаныш кебінін кигендер де аз болған жоқ. Иә, «керуен көшеді, ит үредінің» кезі де болған. Сонымен Сәкең кім болған? Әрине, күрделі тұлға. Ол туралы жазу да оңай емес. Ол кісі өзінің айтар ойын, сөйлер сөзін, жасайтын баяндамасын әрдайым өзі дайындап, қағаз бетіне түсіріп, ойын шашыратпай жеткізуге әбден дағдыланған. Сондықтан да бүгінгі дайындалған материалды да Сайлаубай Әбішұлымен сұхбат түрінде жүргізуді жөн санадық. Дұрысы да сол деп шештік.
– Сіз, айып болмаса қай жерде тудыңыз, балалық шақтың кейбір сәттері есте қалған болар, айтып берсеңіз?
– Біздің әулет өткен ғасырдың басында тағдырдың талқысы ма, әл де сол кездің замана тәртібі ме, тіршілік қамын іздеп Сыр бойынан қоныс тауып, жазда мал қамы үшін Сексеуіл сыртындағы Тербенбес тауынан әрі асып, жайлауға шығып, қысқы азық үшін Ақтөбе өңіріне барып, бидай алып бір ауылдың ұлы көші осылай ел кезіп, жыл бойына жүреді екен. Жалғыз біздің әулет пе? Барлық қазақтың тыныс-тіршілігі осылай болғаны анық. Бұлай болмаған жағдайда қазағымның Ұлы даланы меңгеріп, игеріп әкетуі екіталай еді. Бірімен бірі құда болып, қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы-жиенді болып, шым-шытырық бүкіл қазақтар қауымдастығы арасында бірегей байланыстың орнатылуы елдің тұтастығын сақтауға ата- бабаларымыздың салған жолы ақиқат еді. Ешбір халықта жоқ генетикалық табиғи құрылымын мүлтіксіз сақтап келе жатқан өр тұлғалы көк бөрінің ұрпақтары болғанымызды да іштей мақтаныш тұтамыз. Жер бетіндегі алып елдердің тоғызының бірі болғанымызға да тәубешілік жасаймыз. Асыра сөйлеп, құр даңғазылықтан аулақ болып, болған іске бекем болып, дәстүр жалғастығын жалғастырып жатсақ біздің перзенттік борышты атқарғанымыз.
Ұлы Отан соғысының жеңісінен кейінгі жылдың ақпан айының екінші жартысында (құжатта жазылуы 9 сәуір) Арал ауданының «Қуқора» елді мекеніндегі «Жалаңаш» көлінің жағасындағы бастырмада қарапайым балықшы – колхозшының Жақайым – Мүсірәлі баба ұрпақтарының отбасында дүниеге келіппін.
Табиғаттың сол кездегі көрінісіне көз жіберсең ешбір көзің тоймайды, не деген сұлу еді. Сол жағында айнадай жарқыраған «Райым» көлі, екінші бетінде «Ескіұра» елді мекені, ол киелі жерге қазақ билерінің бірі Жетес би мәңгілікке орын тепті, Молда Бәйім жерленген. Жылғадай созылған Сырдарияның қалың тоғайы арасынан Сырдың арғы бетінде «Қызылжар» елді мекені көрінеді, одан әрі шекарасыз айдынды көл – «Қаракөл» сағымданады, оның оң жағында мен мұндалап көрінген жақайым әулетінің символына айналған атақты «Ақшатау» шыңы, оның айналасын сақинадай қоршаған, атам заманғы көк теңіздің көзінің жасындай мөлдіреген «Ақшатау» көлі жатыр, оңға қарай «Талды-аралды» бойлай қалың қамыс арасынан «Аманөткел» елді мекенін тасалай «Тұрсынбике» аралы – шыңы тұр. Айнала бере таза мөлдір Қамбаш көлі анадайдан қол бұлғайды. Қосжардың ортасында ақшатырлы үйлер шағаладай тізбектеліп тұрғаны ерекше сән береді. Бұл ауыл Арал балықшыларының қыс айындағы астанасына айналғанына қаншама жыл болды. Балық аулаудың ережесін жасаған, заңдылығын қалыптастырған, балықшылар мен табиғаттың арақатынасындағы тәртіптілікті-сыйластықты орнықтырған қасиетті орын.
– Алғашқы әріп танып, мектепке баруың, білім бұлағынан сусындау әрбір балғын жастың басты арманы, өмірге батыл қадам жасауының негізі екені шындық. Мектеп баспалдағын қай ауылдан бастадыңыз? Не нәрсе есте қалды?
– «Райым» колхозының орталығындағы жеті жылдық мектепті бітіріп, Қамбаш орта мектебінде оқуды одан әрі жалғастырдық.
Алдыңнан мұғалім шыққанда тоқтап тұрып, ізеттілік көрсету, содан кейін барып жүру тәртібінің қалай мектеп ішілік тәртіпке ендірілгенін, сондай-ақ сырт жерде кездескенде бас киімімізді алып инабаттылық көрсетудің өзі ұлттық биязы мінезімізді бейнелегендей еді.
Сонымен «Қамбашта» оқыған кезімдегі бақылаудың мықтылығы соншалықты, жатқан жерім үйдегі Ақтамақ әжем, мектепте өзімнің сүйікті мұғаліміме айналған Үргенішбай ағай, ауылдан аттан түспей күнара менің есебімді сұрап отыратын коммунист әкем Әбіш болды. Бұның бәрі өзіме-өзім күнделікті есеп беруді қалыптастыруға, бұзақылық атаулыдан ада болуға, үлкеннің ақылын алып, кішіге қамқорлық жасауға, мектеп қабырғасында алып жатқан білімнің негізін шынайы толық меңгеруге, жаттампаздықтан аулақ болуға, сыйластықты жағымпаздықтан ажыратуға, жалған сөйлеп оңай бедел жинаудан бойыңды алшақ ұстауға, яғни, жақсы мен жаманның шекарасын айқындауға негіз болған шынайы жан-жақты тәрбиенің жемісі дер едім. Сол кездің өзінде байқайтынбыз, класта оқитын қыздар мен балдардың табиғи жаратылысы, ойлау қабілеті, жаңаны қабылдау деңгейі, өмірден алып жатқан тағылымы, не керек бір- біріне дегендегі сүйіспеншілігі мен сенімі, арман-ой тілегі бәрі-бәрі бір жерге тоғысып жататын.
Математиканы ерекше жақсы көрдім. Мектеп оқулықтарындағы есептерді түгелдей шығардым десем, артық айтқандық емес.
Мен үшін өмірлік маңызы болған тұрақтылық пен турашылдықты қалыптастырған, озбырлық атаулыға көнбеген, дұрыс нәрсенің бұрыстығын дәлелдеуге тырысқандарға тиянақты жауап қайыруға дағдыландырған да осы пәннің ұстаздары болуы керек.
– Қандай мамандықты таңдадыңыз, өмір жолыңызға зер салсақ, алған мамандыққа емес басқа салада қызмет жасағансыз, оның қандай себептері болды?
– Мұғалім болуды армандадым. Өз мақсатыма жеттім. Таңдаған мамандығыңды алып, оны өз игілігіңе, ел мұратына пайдалану әрбір жастың бірінші кезектегі міндеті. Бірақ өзің өмір сүрген қоғам әрбір азаматтың қарымды іс-әрекеттеріне қарай тиісінше пайдаланатынын білгеніміз дұрыс. Бұл – өмір заңдылығы, қоғам сұранысы. Біз де, менің замандастарым да, аға буын өкілдері де өзіміз өмір сүрген кеңестік дәуірде барынша халыққа қызмет етуге, ұлттық мерейімізді көтеруге, асқақтатуға қолда бар мүмкіншілікті пайдаландық.
Арал аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс және «Аралрыбпром» комсомол комитетінің (аудандық құқықтағы) хатшысы, облыстық комитеттің насихат және мәдени көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, Шиелі аудандық комитетінің бірінші хатшысы болуым, менің өмір жолымда жастармен жұмыс істеу ерекше орын алды. Комсомол менің өмірімде азамат болып қалыптасуыма, елді танып-білуіме, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешудегі түйінді мәселелерді анықтауға, халқымыздың өткені мен болашағын бағдарлап білуге, мемлекеттігімізді нығайтудың негізін айқындауға, тұрақты өмірлік саяси көзқарасымды қалыптастыруға, біз өмір сүрген қоғамның қай формациясы болсын тек адамға (оның ұлтына, нәсіліне, жынысына, жасына қарамай) қызмет жасау үлгісін зерделей білуге, оны өмірге енгізуге, ұлттық намысымызды оятуға негіз қалаған барынша кең ауқымды өмір мектебі болды.
– Жастар ұйымында жұмыс істеу кезіңізде есте қалған бір оқиғаларды айтып бере аласыз ба? Ол да өміріңіздің бір кезеңі ғой.
– Қазақ жастарын республикада қойдың санын 50 миллионға жеткізуге ұран салуға дайындық жұмысын жүргізіп жатқан кезде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретары Ө.Жәнібековтің өз бастамасымен Қазақстан Магниткасын қазақ жастарымен толықтыру жөнінде атышулы қаулысы шықты. Біздің облыстың Қызылорда қаласынан 20, әр ауданнан 10-нан жас жігіттерді комсомолдық жолдамамен Қарағандыға жіберу жөнінде белсенді жұмыс ұйымдастырылды. Мен осы тапсырмамен Орталық Комитеттің жауапты ұйымдастырушысы К.Бикенин екеуміз Қармақшы ауданында болып тапсырманы орындап, жастарды пойызға мінгізіп, шығарып салып жатқандағы кейбір көріністер тіптен қызық еді. Құдды соғыстан кейінгі еңбек лагеріне аттандырып жатқандай сезілді. Халықтың көңілінен әлі арыла қоймаған сол қатал заманның ызғары байқалып тұрды. Бикенин осыны байқады ма, теміржол ресторанында тамақ ішіп отырып мына сөзді айтты. «Егер өміріміздің бәрі жақсы болса, идеалдық өмірді құрып алсақ, онда адам баласының өмір сүруінің несі қызық, есте қалатын ештеме де болмайды ғой, ана қараңызшы, терезедегі сүртілмей қалған бір нәрсені нұсқап, ол болмаса біздің көзіміз бірден далаға түсер еді, ал біздің назарымызды аударған оғаш нәрсе терезеге сән беріп, бізге ой салып отыр» демесі, бар ма. Ал адам баласының ешқайсысының жаманы жоқ, жаман дегеннің өзінде де оның жақсы қасиеті бар. Оны біздер кезінде таба алмай өшіріп аламыз да, кінәні өзгеден іздеп, керек десеңіз қылмысқа итермелеп, жазалап түзеу колониясына да жібереміз. Ол түзеу орны емес, жаңағы біз аша алмаған жақсы қасиеттерінің орнына ашу-ыза кернеген зұлымдық атаулыны меңгеруге арнайы жіберіп жатқанымызды байқамаймыз. Ал біздегі түзеу орны деп жүргендеріміздің сиқы сондай, адамдардың санасына солай сіңген, айықпастай дерт болып жабысқан.
Жоғарыда айтқанымдай, қоғамның сұранысына сай өзіңді-өзің билей алмайтындай кез де болады. Сондай мақсатпен жоғары биліктің тапсырмасына сай Шиелі ауданында комсомол жастар ұйымын басқаруға жіберілдім. Танымайтын, білмейтін ортада жұмысты неден бастау керек? Шиеліге келісімен аудандық көлемде сол кездің тәртібі бойынша, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімімен келісе отырып, оның меңгерушісі Жиенбек Молдабеков ағамның қолдауына сүйеніп «Туған жерге борышты екеніңді білемісің, жас ұрпақ?!» деген тақырыпта комсомол жетекшілерінің сол кездің өмір шындығына ешқандай шектеу қоймай пікірталасын өткізіп, бір-бірімізге дегендегі үлкен сенім қалыптастыра отырып, ортақ мақсат үшін күрестің біртұтас идеялық тұжырымын айқындап алуымыз керек болды. Үлкен шараны өткізуді халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, еңбек майталманы. Сырдың сырын, жерін бүкіл жер-жаһанға танытқан даңғайыр еңбек иесі, атақты күрішші, мемлекеттік сыйлықтың иегері,екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ауылы «Қызылту» колхозының орталығындағы еңселі орталық клуб үйінде өткізуге келісім алдық. Колхоз төрағасы Жағыпар Рысманов, партия комитетінің секретары Оспанов Қазбек ағамыз еді. Ауыл клубында өткізілген іс-шараның ашықтығы, ой-пікірдің еркін айтылуы, ортақ кемшіліктерді жөндеудегі әрбір жастың өз орны мен жауапкершілігі туралы, ұрпақтар алдындағы үлкендер парызының аз еместігін пікір таласқа қатысқан Социалистік Еңбек Ері, бұрынғы ССРО Жоғарғы Советінің депутаты болған апамыз Закира Ержанованың, аты аңызға айналған атақты күрішшілер бригадирі, Ленин орденінің иегері Қойшыбай Оразымбетовтың сөз сөйлеуі, жастар жиынының төрінде отырып, жастар пікіріне құлақ асқан Ыбекеңнің тұлғасының өзі неге тұратын еді.
Өткізілген шара туралы Мұрат Күлімбетовтің үлкен сараптамасы аудандық «Өскен өңір» газетінде басылып, бұл істе бұрынғы аудандық комсомол комитетінің екінші секретары болған, терең білімді, халық даналығын бойына тереңірек зерделеген, сырбаз әрі тынық, әрі талапшыл Зәкім Жайлыбаевтың қолдауы үлкен рөл атқарды. Іле-шала бұл материал кеңейтілген түрде «Ленин жолы» газетінің «Сыр түлегі» жастар бетінде жарық көріп, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланды. Бір ғана өткізілген іс-шараның осыншалық республиканың көлемінде насихатталып, әрбір жастың комсомол мүшесінің туған жер алдында борышын өтеудің қаншалықты маңызы барын, перзенттік жауапкершілікті сезінуді қалыптастыруға негіз қалағаны соншалық, өз әріптестеріміздің арасында біздің беделіміз өсіп, абыройымыз асқақтағаны жасырын емес. Шындығы сол, кейде бізде әйтеуір өткізе салайықшы деген жиналыс, той-тобыр, сән-салтанаттар болып жатады, түпкі жетер мақсатымызды айқындап алмай, бағдарламасы белгіленбей өтті ме өтті, деушіліктен әбден таяқ жеп жүргеніміз аз да емес. Болашақ осыдан сақ болуымыз керек.
– Көптеген жылдар бойы саясат сахнасында жүрсіз. Кеңес кезіндегі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, атқару комитетінің мүшесі, өткен қоғамда да, осы заманда да үлкен лауазымдық қызметтер атқардыңыз, қандай қорытынды жасар едіңіз?
– Қазір айтқанға жеңілдеу дүние сияқты болуы мүмкін. Әсте олай емес. Менің бұрынғы әріптестерім де айтар пікірімді қолдайды ғой деп ойлаймын. Аудандық партия комитетіне бюро мүшесі болып 27 жасымда сайлануым қосымша жауапкершілікті жүктеді. Жаңадан сайланған бюро мүшелері құрамында кешегі комсомол үлкен саяси қызметтің бел ортасынан орын алып, бюро мүшесі болып сайландым. Ойлануға да, ойлауға да болатын үлкен оқиға. Жауапкершілік аясы кеңейді. Балалықты онша көп сезіне қоймаған азаматқа, бұл үлкен сенім, асқан жауапкершілікті міндеттеді. Міндеттеп қана қойған жоқ, кешегі күні ғана елге қадам басқан азаматқа, елдің тағдырын шешудің үлкен міндетін жүктеді. Бойыңды тіктеп әрбір басқан қадамыңды, сөйлеген сөзіңді, керек десеңіз көз қарасың мен күлген күлкіңе дейін, сәлемдесіп, қажет деп тапсаң, қабақ түйгеніңе дейін есепке алатын қалың жұртшылықтың таразы басына түскеніңді енді ғана байқағандайсың. Сол кездің шын мәніндегі, менің түсінігімдегі талабы да, халықтың тілегі де осылай болды-ау деп ойлаймын. Шиелі өңірінде жиырма жыл қызмет істеген кезімде, одан кейінгі Арал ауданындағы жұмыстарымда осы қағиданы үнемі басшылыққа алдым деп сеніммен айта аламын.
Алғашқы аудандық партия комитетінің бюросының қараған мәселесі, оның шешімі, шым-шытырық пікір тартыстары менің өмірімде өшпес із қалдырды. Бір ғана нәрсені түсіндім. Саясат сахнасында отырған әрбір жауапты адамның байқамай сөйлеген, ойсыз айтылған, дәйексіз фактілері мен біреуге деген өшпенділік сезіммен пікір айтуға ешуақытта да болмайтындығы, қайта бұндай қиын сәтте дұрыс түсіністік тауып, ортақ шешім қабылдауға, біреуге қиянат жасамай-ақ, тәртіп тезіне салуға ақылмен келу қажеттілігін жете түсінгендей болдым.
Кіммен кездессем де, сырлассам да айтатын ақылы елмен бірге болу, үлкендердің ақылын алу, саяси басшылықтың шешіміне сай жергілікті жердің жағдайын толық ескере отырып, олардың әлеуметтік жағдайына аса мән беріп, қалың көпшіліктің мұқтаждарын орындауға қолда бар мүмкіншілік жасау, асыра сілтеуге жол бермеу, билік жасауға ұмтылмай, сол билікті көпшіліктің өз аузынан айттыру арқылы, орындаушылық жұмыста да жауапкершілікті олармен бірге бөлісу қажеттілігіне үнемі назар аударуды қажет етеді.
– Сіз халықтық бақылау органында көп жыл қызмет жасадыңыз. Билік пен халықтың ортасындағы мемлекеттік-халықтық орган болғанынан да хабарымыз бар. Қазіргі таңда сол мемлекеттік құрылым қажет пе? Халықпен байланыс қалай болды?
– Шындығында, ол кездегі халықтық бақылау органы заман талабынан туындаған құрылым болатын. Өз міндетін абыроймен атқарған құрылым болды деп есептеймін. Заң талаптарын орындаудағы қабылданған үкімет шешімдері мен қаулыларының орындалуын қатаң бақылайтын мемлекеттік орган болатын. Өзім солай ойлаймын. Талап дәрежесінде жұмыс атқарғанымды сол кездің кадрлері жақсы біледі. Қарапайым халықтың өтініш-тілектеріне өте сергек қарап, лауазым иесіне де, шағымданушыға да иіліп, біржақтылық шешім қабылдағаным жоқ. Сондықтан да болар қарапайым халықтың аудандық халықтың бақылау комитетіне үлкен сенім артып, өз өтініштерінде бүкпесіз шындықты айтып, көмек сұраған кездері аз болған жоқ. Ешбір өтініш те, ұсыныс та ескерусіз қалған емес. Менің бұндай жағдайдағы өмірлік ұстанымым төмендегінше қалыптасқаны белгілі. Сізге біреу келіп, қабылдауыңызда болды делік. Бұл жерде әңгіме, ол адамның сізден қамқорлық күтіп, әділеттік іздеп, жетіспейтін көңіл кірін жуғысы келді, бір сөзбен айтқанда, үлкен үміт сәулесін күтті. Ал сіздің міндетіңіз, меніңше ол адамның көңіл күйін толық түсінуге тырысыңыз. Сәл кідіріс жасап, өзіңізді сол адамның орнына қойыңыз, көтеріліп жатқан мәселенің салмағына қарап, баға беруге тырысыңыз. Бірақ адамгершіліктің өрісінен шықпаған, заңның негізін, ел басшысының саясатын басшылыққа алып, түсініктеме жасаған дұрыс. Әңгіме шиелініскен жағдайдың өзінде, сіздің тарапыңыздан ашу шақыру, дауыс көтеру, қызмет буына семіруден аулақ болған абзал. Егер қажеттілік туындаса пікірлесіңіздің түсінігіне уақытша болса да сәйкестенудің артықшылығы жоқ, қайта бір-біріңізге тілектестігіңіз арта түседі. Бірақ сәл де болса уақыт жұмсауға тура келеді. Ақыр соңында адамдар арасындағы қатынастың нығайуына негіз болып, түсініктік артады, сенімділік қалыптасады. Яғни демократиялық тепе-теңдіктің фундаменті қаланады. Адамдардың ойлау, тұжырымдау, баға беру дәрежесінің теңдестірілуі біздің қоғамымыздың өміршеңдігінің қайнар көзі. Ал әрбір басшының қарапайым адаммен қарым-қатынасындағы тәрбиелік жұмысы осыған негізделу керек секілді.
– Біраз басшымен қызметтес болдыңыз. Қайсысын ерекше айтар едіңіз. Олардан қандай тәлім алдыңыз?
– Комсомолдағы қызметте А.Х.Айдосовтың орны ерекше еді. Аудандардағы қызметте О.Б.Бәйімбетовтің шаруашылықты жақсы білетіндігі, С.Шаухамановтың жұмыс тәсілдері маған ерекше ұнайтын-ды. Көптеген басшылармен қызмет жасаған кезімдегі психологиялық үлкен өзгерістерден неше түрлі қорытынды шығаруға болар еді. Мына пікірді айтуға тура келеді. Адам адам болып адамзат планетасын құрағаннан бастап бір-біріне деген сүйінспеншілігі неше түрлі формада беріліп келеді. Оның формасын бір модульге салып түсіндіру артық айтылған пікір болар еді, қажет деп тапсаңыз ол мүмкін емес. Адам саны қанша болса оның модулі сонша. Керек десеңіз, біреуге деген сүйіспеншілігіңізді өз бойыңызда сақтайсыз. Оның бұны сезбеуі де мүмкін. Бірақ ол «пенденің» өзіңіз түсінгендей жақсылығын бойыңа дарытуға ыңғай жасайсыз. Ал уақыт кезеңі өтісімен ол да көмескілене береді. Немесе жаңа өріс алады. Бұл кезең адам бойындағы қоғамдық өзгерістерге байланысты көзқарастардың өзгеру кезеңіне сәйкес келеді.
Адамның өмірлік позициясының тұрақтылығын анықтайтын уақыт таразысы міне – осы. Кімнің кім екеніне баға беретін де осы кезең. Өтпелі кезеңдерде байсалдылық танытып қоғамдық дамудың заңдылығын дұрыс түсінген кадр еш уақытта өз ұжымынан, ортасынан, халқынан, елінен алшақтанбайды, қайта солардың ортасында бар жауапкершілдікті мойынға алып, өз тілеулестерімен бірге жаңа кезеңге қол ұстасып аттанады.
Жүру сапарыңыз ұзақ па, жақын ба, оған байланысты емес, тек жұқпалы қасиет жағымпаздықтардан сақтандырсын. Ол өзінше қамқоршы, тілеулес, ал кейде уақыт сәтін пайдаланып әкімгершілік тұтқасын ұстауға делдалдық қызмет көрсетуге дейін арсыздық жасайды. Ал оның шын бейнесін дұрыс көрмей, бағаламаған адам оның мықты қақпанына қалай түскенін өзі де байқамайды. Бұның өзі өзіңіздің осалдығыңыздың белгісі екенін бірден сезініңіз, ақылға салыңыз, қорытынды жасаңыз. Адамға жасаған қамқорлығыңызды саудаға салудан аулақ болыңыз. Керісінше жағдайда, сіз, жағымпаздардың өмір сүруіне жағдай жасайсыз, құлқын құмарлығыңызға жол ашасыз, тосқауыл қою мүмкіндігіңізден айырылып, ел басшысы деген дәрежеден жұрдай боласыз. Ал, бұның өзі титықтап жинаған абыройыңыздан қас қағым сәтте айырылуыңызға себепші болады. Сондықтанда кімді үлгі тұтасың дегеннен гөрі, азамат деген атқа дақ түсірмей абырой биігінде болғанға не жетсін.
– Сіз шаруашылық саласында да біраз уақыт жұмыс жасадыңыз. Колхоз, совхозды басқару оңай шаруа емес. Дегенмен есіңізде қалған кейбір жайлар жөнінде айтып өтсеңіз. Мүмкін кейбіреулерге сабақ болар.
– Арал ауданында «Приарал» совхозын, Шиеліде Ленин атындағы колхозды басқардым. Екеуінің географиялық жағдайы да, мамандандырылған саласы да, уақыт кезеңі де, аудандардағы басшылардың басқару әдістері мен деңгейі де әртүрлі. Барынша еңбек еттік. Оңтүстік аудандағы бір жайға назар аударайын. Абырой болғанда 1992 жылы 1200 гектар бидайлықтан 28 центнерден, 2500 гектар күріштіктен 55 центнерден өнім алып, басқа да ауылшаруашылығы дақылдарынан жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, қолдағы бар ірі қараға жеткілікті мөлшерде тек қана жоңышқадан жем-шөп дайындап, сенаж, силос дайындаудың жоспарын асыра орындап, колхоздың әрбір жан басына 150 келіден бидай, 200 келіден күрішті аула алдына түсіріп беріп, колхозшылардың еңсесін көтеріп отырған кезде, келесі жылдардың егісі үшін қажетті тұқымды 2-3 класты кондицияға жеткізіп, күздік дала жұмыстарының дайындығына жанар-жағар майдың тапшылығы өз алдына, оны басшылық тарапынан қолдан кедергі жасап бергізбесе, одан артық қандай жаза болуы керек еді.?! Менің жеке ұйғарымыммен колхозшыларға жасап жатқан қамқорлығымның аудан әкіміне ұнамайтынын білемін. Себебі басқа жерлерле бұлай емес қой. Сол кезде, ауылға Шымкент қаласының қорғасын зауытында қызмет жасайтын қырыққа да жетпеген, бірақ жігіт ағасы болып үлгерген Әбдіқасым Зайынұлы Сыздықов келіп, елдің табысына риза болып, қуанышына ортақтасып, өзінің не нәрседен көмек беруін сұрап азамат ретінде ұсыныс айтты. Алдын ала ешқандай шарт та қоймастан, туған жерге деген шын ықыласын білдіріп, жанар-жағар маймен қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Мен өзім шынымен бұл жігіттің адалдығына, мәрттігіне, сөзі мен ісінің арасындағы беріктігіне әлі күнге қайранмын.
Айналдырған он күннің ішінде Павлодар мұнай айыру зауытынан екі цистерна солярка, бір цистерна бензин, Ақтөбеден бір камаз карбид, Шымкенттен әртүрлі маркадағы жүз аккумулятор табан астында жеткізіліп, колхоздың абыройын одан әрі асқақтатқан жанға неге риза болмайсың. Бұл жеткізілген жанар-жағар май тек қана мен үшін емес, бүкіл ауданға қызмет жасады. Кешегі сұраушының рөліндегі колхоз төрағасы, бір сәтте жарылқаушының кебінін киіп шыға келді. Аудан басшылығының өздері жасаған кінәларын өздерінің мойындауына шамалары да келмей, он үш шаруашылық басшылары азаматтық танытып, ризашылықтарын білдірді. Бұл, Әбдіқасымның елдің қиын-қыстау кезеңіндегі атқарған шаруасының тек қана бір тармағы еді. Кейіннен бұл азаматпен он жылдан кейін қызметтес болдым. Сол адамгершілігі, азаматтығы сол қалыпта сақталып, қоғам өзгерсе де, біреу бай болып, жарлы кейпіне түссе де, Адам деген атты иеленген азаматты таныдым. Менің бір байқап ойымды түйіндегенім, ол еш уақытта сезімге берілмей, біреудің ығына жығылмай, өз ойының дұрыстығына әбден көзі жеткенше жеңіл шешім қабылдаудан бойын аулақ ұстап, адам көңіліне дұрыс жол табуға ұмтылатыны шынымен таң қалдырады.
Бұл басшымын деп өзін-өзі тәрбиелеген азаматтың адамгершілік аясының кеңдігін де жатса керек. Кең болуда кез келген ақылды пенденің қолынан келе беретін іс емес. Азаматтық, Адамгершілік, Ақылдылық бәрі қосылып Адамның асыл қасиетін ардақтайтын тұтастай дүние. Меніңше уақыт кезеңіне сай, тарихи өлшемге келгендегі елінің беретін бағасы да, батасы да осы болады ғой деп ойлаймын.
– Сәке, сіз аудандық партия комитетінің хатшысы кезінде де, ауданның мәдениет бөлімінің басшысы ретінде де шығармашылық өкілдерімен тығыз байланыста болдыңыз. Жалпы мәдениет атаулыға өз түсінігіңіз қалай?
– Жалпы өзімнің табиғатымда қызметтің қай саласында болсам да адамдармен жұмыс жасағанды, жақсылармен кездесіп пікір алысқанымды, ой бөліскенімді, өмірдің қандай бір кезеңдерінде қиындыққа душар етуші себептерді ашып көрсетуді, болашақ оны болдырмаудың жолын алдын ала тиып тастауды кейінгі ұрпаққа өнеге, өсиет етіп қалдыруды мақсат тұтқам, тәлім-тәрбие алуға өмірдің шынайы көрінісінен үйренсе екен деп тіледім. Ақын-жазушылар қауымымен көбірек кездесіп, олармен сыр бөлісуді өзімнің адамдық та, азаматтық та парызым деп есептеймін.
Жалпы ақын-жазушы атаулыға жақсы сөз арнау керек, жылы сөздерді олардың жаны күтіп тұрады, мақтаса екен дейді, олардың әрбір айтқан өлең шумақтарындағы сөздердің мағынасына терең үңілсе екен дейді, жан сезімін бөліссе екен дейді, бәрі бір сенің айтқан сөзің де, ойың да, іс-әрекетің де ол адамдар үшін ұнамайтыны сөзсіз. Олар өзін дүниедегі биік таудың шынар шыңына теңейді. Ал басқаның өлшемі өздеріне өлшем болмайтынын осыдан-ақ түсінерсің.
Мәдениет саласының қызметкерлері халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттауды тек мәдениет орындарының сахнасында ғана емес, күнделікті тұрмысымызда да, ара-қатынасымызда да берік енуіне барлық жұртшылықты шақырған болар едік. Тойлар өткізуді: үйлену тойы ма, мерей той ма, қыз ұзату ма, сүндет тойы ма, бәрі-бәрі мәдениет орындарының негізгі жұмыс формасына айналдыруды дұрыс деп санаймын. «Өнерді үйрен де жирен» дейтін дана халқымыз және де «Өнер алды – қызыл тіл» деп тағы қояды. Шешендік, тапқырлық сөздерді жинақтап, зерттеп, ел мұрасына айналдыру біздің бүгінгі парызымыз болуы тиіс. Әр ауылдың өзінің мұражайының болуына кім қарсылық жасайды, ол сол ауылдың өткені мен бүгінгісін байланыстыратын тарих емес пе? Тарих белесінен өткен ауыл азаматтарының келбеті мен бейнесін бүгінгі ұрпақ алдында елестетіп қана қоймай, тәрбие жұмысының негізгі құрамына айналдырмас па едік. Тарихи ескерткіштер көненің көзі-тарихтың өз сөзі екені бәрімізге мәлім.
Ауыл мәдениетін әңгіме қылғанымызда тек қана жоғарғы айтылған факторлардан ғана тұрмайтынын, әр ауылды, елді мекенді көгалдандыруға, көркейтуге, көрнекілігіне ерекше мән беруді, көшелер мен әр үйдің мәдениетіне дейін назарда болуын талап етуді қажеттілік деп санаймыз. «Ауылына қарап азаматын таны» деген ойдың шындығы осы болар.
Демек біздің күнделікті тіршілік-тынысымыз, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз, адамдар арасындағы қарым-қатынаспен қатар жер ананың төл перзенттері – жер, су, өсімдіктер дүниесі арасындағы үйлесімділікті қалыптастырып, тіршілік өзегіне айналдыру жоғары мәдениеттің аксиома ретіндегі белгісі деп қабылдағанымыз дұрыс.
– Қаланың ардагерлер ұйымын басқарғаныңызға да төрт жыл болыпты. Әрбір буын өкілдерінің өзі өмір сүрген қоғамдағы атқарған қызметі қалың көпшіліктің көз алдында. Сіз, ардагерлермен жұмыста қандай ой түйіндеген болар едіңіз?
– Уақыт өмірге «Ардагер» деген абыройлы атақты алып келді. Ардагерлер – қоғамымыздың алтын қоры. Ардагер атану үлкен мәртебе, абыройлы атақ. Олар – тірі тарих, ел шежіресі. Тәуелсіздігіміз солардың маңдай терімен, қанымен келген бақыт. Олардың кеудесі – алтын сандық, ойы – қазына, сөзі – шежіре. Кәзір қаламызда 30 мыңға жуық адам мемлекеттен зейнетақы, жәрдемақы алады. Олар қандай құрметке де лайық.
Қарт адамдар халық құрамындағы қай қоғамда болса да өмір сүретін әлеуметтік топ. Атаңа-анаңа қалай қызмет көрсетсең, ертеңгі күні сағанда ұл-қыздарың солай қызмет көрсетеді, ұяда нені көрсең, соның жемісін ертеңгі күні әуелі өзің татарсың. Бұл қағида әрбір мекеме басшысына да айтылған пікір деп санаңыз.
Адамның пешенесіне бір-ақ рет жазылатын өмірінің жауапкершілігі де аз емес. Олай дейтініміз, үлкендік – өмірлік тәжірибенің сарапталар шағы, ақылдың арнасына түсіп, парасаттың пайымдалар тұсы, сана мен ойдың орнығар кезі, өз-өзіне есеп берер шақ. Бұны біздің әрбір қариямыз таразы басынан өткізіп жүргенін білеміз.
«Өмірдің мәні неде?» дегенде, жан тазалығы – имандылық, ар тазалығы – мәрттік, тән тазалығы – адалдық,қол тазалығы – әділдік, деп барға қанағат тұтып, шүкіршілік жасап, тәубаға келгенге не жетсін. Ойлы сөз әрбір іс-әрекет ой иесіне абырой әкеледі. Бұл әрбір жастағы адамға ортақ қағида болып қалыптасуы тиіс. Қазақи тәрбиенің негізі осыдан бастау алса нұр үстіне нұр болар еді.
Кейінгі толқын жастар аға ұрпақтан аталы сөз, азбас ақыл, үлгі-өнеге, қамқор көңіл, кемел кісілік күтеді.
Ақсақалдық жасаған жасына берілетін атақ емес. Ол орамды оймен, өрелі тұлғасымен, айтар ақылымен, жүріс-тұрысымен, көркем мінезімен елдің сеніміне ие болған адам, ел ағасына лайық абырой – беделдің иесі. Отыратын орнын, сөйлейтін сөзін, жүретін жолын білетін құрметті қарт.
Түптеп келгенде, ақсақал дегеніміз даналықтың қазынасы.
Қалай десек те өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді. Өмір – керуен көш, адам – жолаушы, талай өткелден өтеді. Қарттық – Тәңір заңы, табиғи заңдылық, Тәңір сыйы. Көп үлкеннің бірі болдық. Жеткен де бар, жетпеген де бар, тәубе, шүкіршілік дейік.
– Сұрағымыз жеткілікті болды-ау деймін. Өмір болған соң оның шексіз болуы да ақылға сыймайды ғой. Жетпіс бес жас аз ғұмыр емес, оны қалай өткізгеніңізге байланысты емес пе? Ой қорытсаңыз?..
– Бұл өмір бізге нені үйретті. Саясаттың сан қырлы өлшемін болжап білмейтін, шешуін табудың сара жолының жоқ екенін, дер кезіңде жасаған іс-әрекетіңе саналы түрде салмақты ой тастауға, зерделеуге, әрдайым өз арыңның алдында күнделікті есеп беруге талпыныс жасатты.
Қым-қиғаш ой-пікірлердің, қызмет тұтқасын ұстаған лауазым иелерінің көзге көрініп, кейде көрінбей жасайтын «шабуылдарына» тосқауыл қоятындай өзіңнің білімің мен біліктілігің, ақыл-ойың, өмірлік тәжрибең уақтылы іске қосылмаса тіршілік ету айдынындағы «тартыс» сені өмір деген мұхиттың бос кеңістігінің жағалауына ысырып тастайды. Сондықтан да айтарым: кімдермен жұмыс жүргізіп жатқаныңды біл, жазықсызды орынсыз ренжітуге болмайды; пікірлесіңді өзіңнен ақылсыз екен деп баға беруден аулақ бол. Сөзін тыңдап, ісін істеуді әбден ойланған дұрыс; өзіңді қандай ортада болмасын лайықты қоя білуің керек. Өзгені сыйлата білу өзіңді қадірлей білуден бастау алары сөзсіз. Әрдайым осыны ойлан; тегіннен тегін жасалған сыйға асқан сақтықпен қарау керек. Оның астарында айтылмаған айла да, жасырынып жатқан міндеттемелердің барын әрдайым есте сақта; мықтымын деген адамдардың іс-әрекетін қайталаймын деп, не оның ізбасарымын деп көп әуестене берме. Оның абыройын, беделін өз бойыңа жинақтаймын дегенше одан да көп еңбек жұмсауыңа тура келеді. Біреудің көлеңкесі болғаннан жақсы абырой жинай алмайсың. Өз бойыңдағы өзіңе тән қағидамен өз жолыңды белгіле; мүмкіншілігің келсе адамға қамқорлық жаса, қолыңнан келмесе ол адам туралы тек қана жақсылық ойла.
Тәуелсіздігіміздің көк туы биікте желбірей берсін-деп тілейік!
Сұхбаттасқан Бегімбай Ұзақбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!