Қазақстан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі бензин бағасына қатысты алаңдаушылыққа жауап беріп, қазіргі жағдай тұрақты екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
8 қыркүйек 2025 жылы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазақстандықтардың бензин бағасының өсуіне байланысты қойған сауалдарына түсініктеме берді.
«Бұл жерде долларға ешқандай байланыс жоқ. Ішкі сұраныс пен ұсыныс бар. Ресейдегі жағдайға байланысты халықта алаңдаушылық туындап отыр. Өйткені бізде 7 мың шақырымнан астам ортақ шекара бар. Сондықтан азаматтарымыздың белгілі бір деңгейде уайымдауы түсінікті», деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінде АИ-95 маркалы бензиннің қоры жеткілікті.
«Өткен аптада қорымыз 21 күнге жетсе, биылғы аптада 26 күнге жетті. Қор көбейіп жатыр, зауыттар тұрақты жұмыс істеп тұр. АИ-92 маркалы бензин бойынша да жағдай осындай. Ресейдегі жағдай бізде қайталанады деп ойламаймын», деді Ақкенженов.
Сонымен қатар ол министрлік тарапынан бензинді елден шығаруға тыйым салу шаралары тұрақты түрде ұзартылып отырғанын еске салды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!