2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа автонесие қаулысы күшіне енді. Жаңа ережеге сәйкес, отандық автокөлікті сатып алу мақсатында несие рәсімдеу кезінде қарыз алушының басқа несиелері бойынша берешегі есепке алынбайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Автонесиенің басты артықшылықтары:
- Қарыз жүктемесі есептелмейді – бұрын несие тарихындағы қарыз мөлшері өтінім мақұлдануына әсер етсе, енді отандық көлікке несие алу кезінде бұл көрсеткіш назарға алынбайды.
- Төмен пайыздық мөлшерлеме – автонесие жылдық 4% мөлшерлемемен беріледі.
- Отандық өндірісті қолдау – жаңа қаулы Қазақстандағы автокөлік өндірісін дамытуға бағытталған.
Несиелеу шарттары бойынша талаптар:
- Жаңа автокөлік сатып алу – несие Қазақстанда алғаш рет тіркелетін жаңа көліктерге беріледі.
- Пайдаланылған автокөлік сатып алу – несие алу үшін көлік құнының кемінде 50%-ын бастапқы жарна ретінде төлеу қажет.
- Үш жылға дейін пайдаланылған автокөлік – бастапқы жарна кемінде 30% болуы шарт.
- Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде – арнайы бағдарламалар арқылы автонесие рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.
Алайда қаржы нарығын дамыту агенттігінің мәліметінше, банктер несиелік тәуекелдерді басқару мақсатында қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеуді жалғастырады. Бұл шара қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа қаулы 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Бұл өзгерістер отандық автокөлік нарығын жандандырып, қазақстандықтарға тиімді шарттармен автонесие рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!