Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне қол қойды. Құжат еліміздің салық жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған. Кодекстің басты ерекшеліктерінің бірі – сараланған салық ставкаларының енгізілуі. Өз кезегінде бұл әдіс табыс деңгейіне қарай әділдік орнатуға мүмкіндік береді. Салық кодексіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов айтты.
– Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайыз деңгейінде белгіленеді. Медицина саласы үшін айналымға және импортқа келер жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген салық салынады. Жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізілді. Жылдық табысы 35 миллион теңгеге дейінгі азаматтар 10 пайыз, одан жоғары табыс иелері 15 пайыз мөлшерінде салық төлейді. Дивидендтер мен кәсіпкерлер табысына да осындай сараланған ставкалар қолданылмақ. Сонымен қатар, әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 6 пайыз көлемінде белгіленді. Алкоголь өнімдері мен темекіге салынатын акциз мөлшерлемелері жыл сайын 10 пайызға өсіп отырады. 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға да акциз салығы енгізілетін болады. Тағы бір айта кететін жайт, мүлік пен жер салығы бойынша төлемдер есебі қысқартылды, салық тек жыл қорытындысы бойынша төленетін болады. Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық көлемі қырық есеге ұлғайтылады. Бұл қадам жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа кодекстің тағы бір маңызды тұсы – цифрландыру. Салық органдары сервистік модельге көшіп, кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету сапасын арттырады. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылды. Бұл бизнес пен азаматтар үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі ұлттық экономиканы дамытуға, әділ салық салу жүйесін қалыптастыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді құжат ретінде қабылданды, – деді Асқар Сейдекәрімұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!