Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова 2025 жылғы 25 желтоқсанда Сенат кулуарында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, еліміздің банк жүйесі тұрақты әрі сенімді күйде.
«Банк жүйесінде капитал қоры жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Капиталдың жеткіліктілік деңгейі 2,7 пайызды құрайды, ал ең төменгі талап – 8 пайыз. Яғни, өтімділік пен капиталдың айтарлықтай қоры бар, сондықтан банктердің банкротқа ұшырауына ешқандай алғышарт жоқ», деді агенттік төрағасы.
Мадина Әбілқасымованың мәліметінше, қазіргі таңда қадағалау жүйесі банктік секторда тәуекелдердің алдын алуға бағытталған. Осы мақсатта жыл сайын активтердің сапасына бағалау жүргізіледі, банктердің несие портфелі тексеріліп, анықталған шығындар бойынша тиісті провизиялар қалыптастырылады.
«Сонымен қатар банктердің күйзеліс жағдайларына төзімділігін анықтау үшін қадағалау стресс-тестілеуі жүргізіледі. Бұдан бөлек, банктің бизнес-моделі, корпоративтік басқару деңгейі және басқа да тәуекелдер бағаланады. Осы бағалаулардың негізінде жыл сайын банктер үшін қосымша қадағалау капиталы белгіленеді. Мұның барлығы банкроттықтың алдын алуға бағытталған», деп түсіндірді агенттік басшысы.
Ол сондай-ақ банкрот деп танылған банктерге мемлекеттік қолдау көрсетілмейтінін атап өтті. Мұндай банктер заңнамаға сәйкес міндетті түрде таратылуы тиіс.
«Қазіргі уақытта елімізде тоғыз банк таралу сатысында тұр. Олардың лицензиялары 2007-2021 жылдар аралығында қайтарылып алынған. Мемлекеттік қолдау тек қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге мүмкіндігі бар банктерге ғана көрсетілді», деді Мадина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, 2017 жылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданып, оның аясында алты банкке жалпы сомасы 1,8 трлн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Соның ішінде үш банк 738 млрд теңге көлеміндегі қаражатты мерзімінен бұрын толық қайтарды. Қалған үш банк те мемлекеттік қолдауды жоспарланған мерзімнен ерте өтеуді көздеп отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
