Осы апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқаушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Атап айтқанда, Үкімет қаулысымен Рустам Әли Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Рустам Әли 1984 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы «Деловая неделя» газетінде тілші болып бастаған. 2006–2011 жылдары — «Деловая неделя» газетінде тілші, редактор, бас редактордың орынбасары. 2011–2012 жылдары — «Жетісу жастары» жастар орталығы» МКҚК директоры. 2012 жылы — Алматы облысы жастар саясаты орталығының директоры. 2012 жылы — Алматы облысы Қайнарлы ауылдық округінің әкімі. 2012–2016 жылдары — Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы, басшысы. 2016–2020 жылдары Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы. 2020–2021 жылдары — Алматы облысы әкімінің орынбасары. 2021–2022 жылдары — Алматы облысы Ескелді ауданының әкімі. 2022–2023 жылдары — Жетісу облысы әкімінің орынбасары. 2024 жылдан Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы болды.
Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев елорда судьяларына Астана қалалық сотының жаңа төрағасы Айдар Смағұловты таныстырды. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.
Айдар Смағұлов 1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Благовещенка ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.
2001-2004 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы соттары әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде қызмет атқарған. 2004-2010 жылдары — Петропавл қалалық сотының, Петропавл қаласының № 2 сотының судьясы; 2010-2014 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев аудандық сотының төрағасы; 2014-2017 жылдары — Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы; 2017-2023 жылдары — Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы; 2023 жылдан 2026 жылғы 4 наурызға дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған.
Қаржы министрлігі аппарат басшысының бұйрығымен Мұрат Әділханов Мемлекеттік қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Мұрат Бұхарбайұлы Қазақ мемлекеттік заң институтын «заңгер» мамандығы бойынша және Қаржы академиясын «қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Түркістан облысы Шардара ауданы әкімінің аппаратында заңгер қызметінен бастаған.
Қаржы министрлігінің құрылымында әр жылдары бас маман, бөлім және басқарма бастығы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, Ішкі бақылау, Заң қызметі, Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаменттерінің директоры болған.
Тағайындалғанға дейін ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі сатып алу және активтер департаментінің директоры қызметін атқарды.
Әділет министрлігінің аппарат басшысы Сандуғаш Ерсейітованың бұйрығымен Ернар Ақселеуұлы Сейдімбек Алматы қаласы Әділет департаменті басшысы лауазымына тағайындалды.
Ол 1970 жылғы 2 қаңтарда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қаз МНУ-ды «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әділет министрлігі Кадр жұмысы басқармасының бас маманы, басқарма бастығының міндетін атқарушы, басқарма бастығының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Солтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің бастығы болған. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Абай облыстарының, Алматы қаласының Әділет департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Серік Тілемесов Абай облысы Құрылыс басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Серік Тілемесов 1991 жылы 13 ақпанда Семей облысы Үржар ауданы Үржар ауылында дүниеге келген. 2012 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2014 жылы Үржар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы қызметінен бастаған.
Әр жылдары Үржар ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, бөлім басшысы, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары, Үржар ауданы әкімінің көмекшісі болып еңбек етті. Осы тағайындауға дейін Абай облысы Үржар ауданы әкімінің орынбасары болған.
Республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының жаңа басшысы болып Олжас Ысқақов тағайындалды.
Олжас Ермекұлы 1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда медициналық колледжі мен С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. 2012-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясында емдеу ісі мамандығы бойынша интернатурадан өткен. Одан бөлек, Қазтұтыну одағы экономикалық университетін экономика саласындағы құқықтық реттеу мамандықтары бойынша бітірген. Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент магистрі.
Еңбек жолын 2013-2014 жылдар аралығында Қызылорда қалалық № 3 емханасының аймақтық терапевт дәрігері болып бастаған. 2014-2016 жылдар аралығында № 3 қалалық емханада бөлім меңгерушісі, 2016-2018 жылдары осы емханада бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 2018 жылдың ақпан айы мен қыркүйек айы аралығында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы, 2018-2021 жыл аралығында Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу, алдын алу жұмыстары жөніндегі, 2021-2023 жылдары Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бастап бүгінге дейін Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінде болды.
Тәжірибелі қазақстандық маман Владимир Чебурин «Атырау» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.
Владимир Чебурин спорттағы жолын Қарағанды қаласында бастап, жергілікті «Шахтер» клубында доп тепкен. Бапкер ретінде Қарағандының «Шахтер» клубымен бірге 2009 жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Сонымен қатар ел кубогының финалына жолдама алды. Оған қоса «Окжетпес» клубын қайтадан Қазақстан Премьер-лигасына алып шықты.
Отандасымыз халықаралық деңгейде де айтулы табыстарға жетіп, Литваның «Судува» клубымен бірге үш рет ел чемпионы атанды. Сондай-ақ команда Еурокубоктарда сәтті өнер көрсетіп, UEFA турнирлерінің плей-офф кезеңіне дейін жетті. Кейін Литваның «Жальгирис» клубымен бірге үш мәрте ел чемпионы және екі рет Литва кубогының жеңімпазы атанды. Cондай-ақ Владимир Чебурин Литвада үш рет «Жыл бапкері» атағына ие болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
