Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда туристік саланы қолдау мәселелері жөніндегі заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы жөнінде Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Павел Казанцев түсіндірді.
Құжат халық қалаулыларының бастамасымен әзірленген және елдегі ішкі туризмді дамыту мен туризм индустриясын мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасында «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңға бірқатар толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, уәкілетті органның туристік өнімдерге қойылатын талаптарды айқындау жөніндегі өкілеттіктері нақтыланады. Сонымен қатар келу туризмімен айналысатын операторлардың шығындарын субсидиялау тәртібі, туристік орналастыру орындары мен келушілер орталықтарын салу және қайта құру кезінде кәсіпкерлер шығынының бір бөлігін өтеу тетігі нақтыланады.
Маңызды жаңалықтардың бірі – әкімдіктердің жаңа құзырет алуы. Енді жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлердің туристерге арналған нысандарды – орналастыру орындары, шипажайлар, визит-орталықтар, тау шаңғысы курорттары және жол бойындағы сервис объектілерін – нысаналы және мақсатқа сай пайдалануын, сондай-ақ оларды иеліктен шығармауын бақылау құқығына ие болады.
Бұл өзгерістер туризм саласындағы инфрақұрылымның тиімді жұмыс істеуін және инвестициялардың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
