Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа қабылдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов өзінің фэйсбук парақшасында жариялады.
Депутат айтуға ауыз бармайтын, сәбилерді өлтіргендер мен айуандықтың ең сорақы дәрежесін іске асырып жүрген азғын – педофильдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру нормасы енгізілгенін атап өтті.
Кеше Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балаларды қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жаңа заң жобасының таныстырылымы өтті.
Заң жобасы:
зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге
суицидтің алдын алуғаотбасы институтын нығайтуға
барлық үлгідегі және нысандағы интернаттықұйымдарды хабардар етпей мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға
балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялауға
Нақтырақ тоқталасам:
Сәбилерді өлтіргендер мен педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды да ұсындық. Бұрынғы 20 жылға қамауға қарағанда бұл қатаң жаза. Осыны оқығанда көп оқырмандарым «ату жазасы болу керек» деп жазуы мүмкін, бірақ өмір бойы қамаудан қатаң жаза Қазақстанда жоқ.
Балалар үйі мен балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын-ала ескертпей ақ, кез-келген уақытта оларды тексеру ұсынылды.
Балаларға арналған жазғы лагерьлерді де лицензиялау туралы ұсыныс бердік.
Сондай-ақ, ересектер еріп жүрмеген 16 жасқа дейінгі кәмелеткетолмаған баланы автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіргені үшін 5 АЕК айыппұл төленетін болады. Суицидті насихаттау үшін («синий кит» естеріңізде шығар) немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді де ұсындық, мұндай бұрын болмаған.
Жалпы, криминализация дегенде, ол тек ғана әйелдерге қатысты норма емес екенін айтуымыз керек. Жалпы, енді бір адам екінші адамды ұрып-соқса немесе денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, оның жазасы әлдеқайда қатаң жауапкершілікке Қылмыстық кодекс шеңберінде қарастырылатын болады.
Бұған қоса, мысалы, ол азамат жұмыс бойынша міндетін атқару кезінде ұрып-соғуға іліксе (мысалы, жедел жәрдемнің жүргізушісі сияқты), онда жаза тіпті одан да қатаң болады.
Отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлықын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беруді ұсындық.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгілеу ұсынылып отыр.
Заң жобасын жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарымды ортаға салдым. Яғни, алдағы уақытта Мәжілісте аталған заң жобасы бойынша түзетулер мен пысықтаулар жұмыс тобы аясында жалғасатын болады, – деді Мәжіліс депутаты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!