Жұма, 19 сәуiр, 17:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ең керегі – жылы сөз

01.03.2022

1928 0

Қытымыр қыс қол бұлғап, көктемге орын берді. Көктем келді! Биылғы қыс тәнді тоңдырмаса да жанды ауыртқан ауыр күндерімен есте қалды. Қыстың қалың көрпесін серпіп тастап, көктемге асыққан ел жарқын болашақтан, үлкен үміттерден, жақсылықтан үмітті. Еңсені басқан ауыр ойларды, көңілсіздік пен күмәнді ысырып тастап, жақсылыққа еріксіз жетелейтін қасиеті бар бұл көктемнің. Бұған дейін елдің бәрі әдемі көңіл-күймен «Көктемнің алғашқы күнімен!» деп бір-біріне тілек айтса, бүгінде бұл күн – барша қазақ елі үшін мереке, «Алғыс айту» күні.

Мереке тарихынан бір-екі ауыз сөз айтсақ, 2015 жылы күнтізбеге «Алғыс айту» күні мерекесі ретінде енді. Бұл күннің негізгі идеясы – ХХ ғасырдың зұлматты жылдарында туған жерінен жырақтап, қазақ даласын паналап келген өзге этностардың қиын күнде құшағын жайған, бір үзім нанды бөліскен қазақ халқының мейірімі мен қамқорлығына ризашылық білдіруі еді. Деректерге сүйенсек, сталиндік режиммен әр жылдарда 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың солтүстік Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасына қазақ даласы пана болды, қазақтың мейіріміне бөленді. Тарих таңбасы ел жадынан ұмыт қалған жоқ. Қиын-қыстау кезеңде бір ауыз жылы сөзге мұқтаж, қорғансыз өзге ұлт өкілдерін өзегінен теппей, маңдайынан сипаған қазақтың шексіз мейірімін олар ұмытқан жоқ. Әрине, бұл күннің мазмұнын бәзбіреулер басқаша бұрғысы келетіндей бұл күн алғыс сұрау емес, атаулы күн арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, өскелең ұрпаққа қиын уақытты көрсету арқылы тарихтан сабақ алуға шақыру. Айта кетелік, ғалымдар бұл айтулы күнді тарих ақтаңдақтарын ашу үшін қажет деп санайды.

Жалпы «Алғыс айту» мерекесі бізден басқа қандай елдерде бар дегенге келсек, мұндай ізгі мереке өзгелерде де сыр-сипаты, мазмұнына қарай ерекше аталып өтеді екен. Мәселен, Америкада «Ризашылық күнін» атап өту Рождестводан кем түспей тойланады. Дерек бойынша, Америка құрлығын отарлаушылар қыс құрсауында қалып, жергілікті үндістер оларға күркетауық әкеп беріп, көмектесіп, аштықтан аман алып қалған деседі. Қазір бұл мереке жоғары деңгейде атап өтіліп, дастарханға күркетауық етінің міндетті түрде қойылуының мәні осында екен. Мұндай ізгі мереке Вьетнам мен Қытайда, Беларусьте, Жапонияда, Израйльде де бар. Бірі қиын күндерде өздеріне пана болған елге, енді бірі Жаратқанға, табиғатқа алғыс айтып, айналасына ізгілік пен жылулық таратуға арнайды. Демек, қазақ елі үшін де бұл күннің орны бөлек. Бір айта кетерлігі, жаныңа жылулық сыйлайтын көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл мерекені өзге ұлт өкілдері ғана емес, жалпы жұрт жылы қабылдады. Жүректен-жүрекке жеткені сондай, барша жұрт бұл күнді соншалықты жып-жылы, ізгі мерекеге айналдырып жіберді. Бізге өзгелер алғыс айтсын деп күтіп отырмай-ақ, өзі бастап жақын-жуығына, дос-құрбысына, ағайын-туысына сол күні алғыс айту дәстүрге айналды. Бір жағынан бұл бір мәселенің ұштығын шығарды. Қалай дерсіз? Шын мәнінде біз күнделікті тіршіліктен бір-бірімізге алғыс айта алмайды екенбіз. Ағайын-туысымызға, ет жақынымызға жақсы көретінімізді айтып, жылы сөз арнауға мән бермейді екенбіз. Содан да болар, алғашқы жылдары жақынына арнайы хабарласып, жылы лебіз білдіргенін тосырқай қабылдағандар аз болған жоқ. Бір оқиға былай болыпты. Алғыс айту күні аға-апаларына жылы лебізін білдіргісі келген бауыры ертемен хабарласып, өздерін жақсы көретіндігін, бар болғанына риза екенін айтып алғыс жаудырған ғой. Сөйтсе, мұны естіген үйдің үлкендері «мынаған бірдеңе болған ғой, бір бәлеге ұшырамаса екен» деп дүрлігіпті. Қайбір жылдары әлеуметтік желіде бір видео тарады. Сабақ үстінде мұғалім балаларға телефон беріп, анасына алғыс айтып, жақсы көретінін жеткізуге мүмкіндік жасаған. Сонда балалар анасына деген сезімін жеткізе алмай жылап қоя береді. Ал кейбір аналардың баладан мұндай сөзді күтпей: «ауырып тұрсың ба?», «не сұрайын деп едің?» – деп қарсы сауал қоюды да мына қоғамның мейірімге мұқтаж екенін байқатты. Шынында да, біз неге мұқтажбыз? Құндылықтар өзгерген заманда адамдардың да түсінігі өзгерді. Баланың материалдық жағдайын жасасам болды деген келте түсінік пайда болды. Бар дүние кішкентай ғана мейірімнің орнын баса алмайтынын кейде түсіне бермейтінімізге осы мысал да жетіп жатыр. Ендеше, көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту» күні ғой деген сылтаумен айналасына бұған дейін айта алмай жүрген жылы лебізін, жан жылуын төгіп жатса, неге қарсы болуымыз керек? «Алғыс айтатын біз емес» деп неге бетін қайтарамыз. Онсыз да рухани құндылықтардан материалдық мәселе бірінші кезекке шыққан, күйкі тірліктің қамытынан шыға алмаған адамдың ең болмаса бір күн бақытқа бөленуіне неге қарсы боламыз? Жиһанкез, «Тұлғалық даму» мектебінің иесі Динара Болат өзінің кітабында қоғам мұқтаж жылы қатынас туралы: «Ішіндегі сезімдерін білдіре алмай, тірлік үшін сондай қажет жылы сөзді жақын адамдарынан ести алмай қиналып жүргендер қаншама. Сезім шығарылу керек. Жақсы сөз айтылу керек. Жақсы көретінімізді айту, білдіру арқылы біз өзгелерге өмір сыйлаймыз. Олардың өзгелерге қымбат екендігі, осы өмірде оның орны бар, маңызды екендігін білу оларға қанат бітіреді. Өзгелерге сыйлаған сезіміміз арқылы өзіміз де сондай әдемі күйге бөленеміз. Өзімізге қымбат жандарды сезімдерімізді білдіру арқылы сақтайық.

Адамзатқа жетпейтіні еш мақсатсыз, еш арам пиғылсыз таза, мөлдір қатынас. Бізге ең керегі – жылы жүз, жылы қабақ, жылы сөз. Айналамызға жылулық таратудан аянып қалмайық» деп жазады.

Шынында, көпшіліктің бұл күнді жақын-жуыққа алғыс айтатын күн деп, жалпыхалықтық мерекеге айналдыруында үлкен мән бар. Мереке сылтауымен талай адамды бақытқа бөлейтін, кірлеген жүректерді тазартатын, жылы сөзбен айналаны бақытқа бөлейтін болса, алғыс айтудан шаршамайық. Айналамыздан жылы сөзімізді аямайық.

Жер бетіне ізгілік пен мейірім шуағын төккен барша адамзат баласына алғысым шексіз!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: