Жұма, 07 қараша, 16:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Еңбек адамдары – ел дамуының тірегі.

07.11.2025

66 0

Өңірімізде еңбек адамдарының қоғамдағы беделін арттыру және олардың еңбегін кеңінен насихаттау бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әр салада еңбек етіп жүрген азаматтар өз ісіне адалдық танытып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қызмет, ветеринария және энергетика салаларының өкілдері өңірдің өркендеуіне бағытталған еңбектерімен ел игілігі жолында табанды жұмыс атқаруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Абай-Даулет» ЖШС агрономы Өтепберген Қалиев, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының әдіскері Айгерім Кәрібаева, Қосшыңырау ауылдық округі ветеринария пунктінің меңгерушісі Алтынбек Абдраманов, және Қызылорда жылу электр орталығының диспетчері Қарлығаш Шукбарова баяндады.

Еңбек адамдары - ел дамуының тірегі.

– Еңбек – адамның өміріндегі ең үлкен құндылықтың бірі. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір егіс маусымы біз үшін сынақ сияқты, себебі жерге салған дәннің нәтижесі – халықтың наны мен ырысы. Соңғы жылдары агросалада жаңа технологиялар енгізіліп, өнім сапасын арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Біз үшін ең бастысы – жердің құнарын сақтау, еңбек өнімділігін арттыру және тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз ету. Бұл – тек менің емес, мен секілді мыңдаған ауыл еңбеккерлерінің күнделікті еңбегі,-деді Өтепберген Алмасұлы.

– Әлеуметтік салада еңбек ету – тек мамандық емес, бұл жүрек қалауымен атқарылатын ізгі іс. Біз ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмыс жасаймыз, олардың өмірге деген құлшынысын арттыру, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – басты мақсатымыз. Балалардың әрбір жетістігі – біздің еңбегіміздің жемісі, ең үлкен қуанышымыз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әлеуметтік қызметкерлерге қолдау күшейіп, орталықтарымыздың материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Бұл бізге өз ісімізді тиімді әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді,- деді Айгерім Мұхтарқызы.

– Мал шаруашылығы – ауыл өмірінің өзегі. Ветеринар мамандығының жауапкершілігі өте жоғары. Себебі малдың саулығы – халықтың тұрмысымен, табысымен тікелей байланысты. Біздің жұмысымыз тәуліктің кез келген уақытында жалғасады. Кейде түннің ортасында, кейде таң қылаң бергенде шақырту аламыз. Ондайда ауа райына да, жол қиындығына да қарамай, көмекке асығамыз. Әр мал иесінің ризашылығы мен алғысы – біздің еңбегіміздің ең үлкен бағасы. Ауылдың әрбір тіршілігі малмен байланысты болғандықтан, ветеринардың жұмысы үздіксіз жүреді. Кейде шалғай қыстақтарға дейін барып, екпе жұмыстарын жүргіземіз, ауру малдарға ем-шара қолданамыз. Бұл – тек кәсіби міндет қана емес, ауыл алдындағы борышымыз. Халықтың сенімін ақтау, малдың амандығын сақтау – біздің ең басты мақсатымыз,-деді Алтынбек Мейрамбекұлы.

– Қала тұрғындарының үйі жылы, көңілі жай болсын десек, ол – біздің еңбегіміздің нәтижесі. Жылу беру маусымында жұмысымыз ерекше қарбалас кезеңге айналады. Диспетчерлік қызметтің міндеті – бүкіл жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, әрбір ақауға дер кезінде әрекет ету. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ аса жауапты еңбек. Күн мен түннің айырмасына қарамай, әр сәтті бақылауда ұстаймыз. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты – тұрғындарға үздіксіз жылу беру, қаланың тынысын тоқтатпау. Әр үйдің терезесінен жылу сезіліп, тұрғындардың алғысын естіген сәтте еңбегіміздің нәтижесін сезінеміз. Бұл – үлкен мақтаныш әрі шабыт көзі. Себебі нағыз еңбек – адамдардың игілігі мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған іс деп білемін,-деді Қарлығаш Алданазарқызы.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: