Отбасы – адамзат ойлап тапқан кез келген әлеуметтік формадан да ұзақ өмір сүретін құндылық. Алайда қоғамдағы ең алғашқы өзгерістердің лебін сезінетін де – дәл осы отбасы. Бүгінгі таңда әйелдер еңбек нарығында белсенділік танытып, кәсіби мансап құрып, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылуда. Ал ер адамдар өз орнын және әлеуметтік мағынасын сақтап қалуға тырысуда. Осылайша, отбасы бұрын-соңды болмаған жаңа ережелер мен қағидалар аясында өмір сүруді үйреніп келеді. BAQ.KZ тілшісі ҚСЗИ зерттеуіне талдау жасап көрді.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова жүргізген зерттеу осы әлеуметтік өзгерістердің терең астарын ашып береді.
Бүгінде Қазақстандағы әйелдер де, әлемнің көптеген елдеріндегі секілді, білім алып, еңбек нарығына белсенді араласып, қаржылық жауапкершілікті өз мойнына ала бастады. Алайда әйелдің ер адамнан көбірек табыс табуы қоғамдағы дәстүрлі түсініктерге – ер адам отбасының негізгі асыраушысы болуы тиіс деген ұғымға – сын болып тиді, – дейді ол.
Қазақстандықтардың көзқарасы: дәстүр мен жаңа түсініктің тоғысы
Зерттеу барысында респонденттерге: “Әйелдің күйеуінен көбірек табыс табуы отбасыда кикілжіңдер туғызады” деген пікір ұсынылған.
Нәтижесінде, қазақстандықтардың 60,1%-ы бұл жағдайдан ешқандай қауіп көрмейтінін айтқан. Ал 37%-ы әлі де әйелдің жоғары табысы отбасында қиындықтар тудырады деп есептейді.
Ер адамдардың 39%-ы әйелдің табысы жоғары болса, отбасында келіспеушілік туындайды деп санайды. Әйелдердің арасында бұл көрсеткіш 36%. Бұл айырмашылық аз көрінгенімен, ерлер табысты көбіне өз қадір-қасиетінің өлшемі ретінде қабылдайтынын, ал әйелдер оны отбасыға қолдау көрсету мүмкіндігі деп білетінін көрсетеді.
Жас ерекшелігі де рөл ойнайды:
- 30 жасқа дейінгі жастардың көбі мұны қалыпты жағдай деп санайды;
- Ал 60 жастан асқан буын дәстүрлі көзқарастан әлі де алыстай қойған жоқ.
Қызығы, қала мен ауыл тұрғындарының көзқарасы арасында үлкен айырмашылық жоқ – патриархалды және заманауи түсініктер қатар өмір сүріп келеді.
Білім деңгейі артқан сайын уайым азаяды: жоғары білімді азаматтардың үштен екісі әйелдің көбірек табыс табуын табиғи құбылыс деп қабылдайды.
Табысы төмен отбасыларда әйелдің жоғары табысы жиі қиындыққа айналады, себебі ақша ол жерде билік пен бақылаудың нышаны саналады. Ал материалдық жағдайы жақсы отбасылар мұндай өзгерістерге байсалды қарайды.
Дін мен дәстүрдің ықпалы
Діндарлық деңгейі де көзқарасқа әсер етеді.
- Діндар адамдардың жартысы әйелдің жоғары табысын отбасыдағы тепе-теңдікке қауіп деп санайды.
- Ал дінге бейтарап немесе орташа діндар жандардың тек үштен бірі ғана осы пікірді қолдайды.
Бұл жерде дін мәдени ұстаным ретінде “ер – асыраушы, әйел – ошақ иесі” деген түсінікті сақтап отырғанын көреміз.
Ақша – билік емес, серіктестіктің өлшемі
Айырмашылықтар көбіне ақшаның өзінен емес, оның мәнін қалай түсінетінімізден туындайды. Көп жылдар бойы ер адамның табысы – отбасыдағы биліктің белгісі саналып келді.
Бірақ заман өзгерді.
Бұл отбасылық қарым-қатынастың күйреу кезеңі емес, жаңа тірек іздеу кезеңі, – дейді Айгүл Забирова.
Қазір материалдық жағдай биліктің емес, серіктестік пен сыйластықтың өлшеміне айналып келеді. Әйел енді көмекші емес, ортақ өмірдің тең серіктесі. Бұл – отбасы институтының табиғатын түбегейлі өзгертіп жатқан құбылыс.
Әлемдік көрініс: бәріне ортақ үрдіс
Қазақстандағы жағдай – әлемдік тенденцияның айнасы.
- Батыс елдерінде, гендерлік теңдік заңмен бекітілсе де, эмоциялық қабылдау әртүрлі.
АҚШ-тағы зерттеулер көрсеткендей, әйелі көбірек табыс табатын ерлі-зайыптылар некесін “өте бақытты” деп сирек атайды.
Ал Швецияда мұндай отбасыларда ер адамдар арасында күйзеліс жиірек байқалады. - Шығыс және Оңтүстік Азияда дәстүрлі рөлдер әлі де берік. Мысалы, Жапонияда ердің мансабы – отбасының мәртебесі, ал Қытайда теңдікке ұмтылыс байқалады: кей ерлер әйеліне мансап жолында мүмкіндік беріп, үй шаруасын өз мойнына алған.
- Таяу Шығыс елдерінде бұл тақырып әлі де даулы, себебі әйелдің табысы ердің намысына нұқсан деп қабылданады.
Дегенмен, жастар мен жоғары білімді қалалықтар арасында көзқарас өзгеріп келеді: олар үшін екі табыс – отбасының тұрақтылығы мен жайлылығының кепілі.
Қазақстан қай деңгейде тұр?
Зерттеуге сүйенсек, қазақстандықтардың 60%-ы әйелдің көбірек табыс табуын табиғи қабылдайды. Бұл елдің жаңа әлеуметтік тепе-теңдікке бет алғанын, бірақ оны әлі толық игере қоймағанын көрсетеді.
Бұл өзгеріс – жай ғана табыс айырмашылығы емес, махаббат пен өзара сыйластықты қайта пайымдау үдерісі.
Ішкі көрініс: келісім мен түсіністікке жол
Әйелі көбірек табыс табатын отбасылардың өмірі – үнсіз келіссөздер мен нәзік тепе-теңдік.
Ер адам өз қадірін сақтауға тырысады, ал әйел қатынаста үйлесім орнатуға ұмтылады.
Кейбіреулері серіктестік қарым-қатынас орнатып, отбасын тең одаққа айналдырады. Ал кейбіреулер мақтаныш пен реніш арасында адасады.
Бірақ бұл күрес емес – бұл дәуірлердің ауысуы. Ескі “ер – асыраушы” моделі кетіп барады, ал жаңа “бірге еңбек етеміз” моделі енді қалыптасып келеді. Бәлкім, дәл осы құбылыс болашақта отбасы туралы түсінігіміздің қандай болатынын айқындайтын шығар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
