Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 15:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ерекше сый

14.02.2023

868 0

Жақында бір құрбымнан ерекше сый алдым. Сырты түрлі-түсті, хош иісті иіс сабын. Оның қасында ақша жинайтын қорапшасы бар. Екеуі де сондай тартымды. Шағын ғана сыйлықтың көңілімнен шыққанын бай­қаған құрбым да маған таңдана қарап, «сыйлығым ұнамай қалды ма?» деп сұрай бастады.

– Жоға, керемет сый­лықтар. Бірақ мына ерекше сабынды қолыма алғаш рет алып тұрмын, – дедім еш жасырмастан.

– Негізі сабын да, ақша жинайтын қорапша да Қызылордада жасалған. Өзі­міздің өнімді өткізейін деп арнайы екеумізге сатып алдым, – деді құрбым. Содан қызығушылығым артып, кім­дер, қалай жасағанын сұ­растыра бастадым.

Жалпы қалада бұған дейін сабынның әртүрлісін шығарып жүрген кәсіпкерлер баршылық. Әйткенмен мына түрлі-түсті, хош иісті са­бындар көзге тартымды көрінді. Оның үстіне ақша жинайтын қорапшаларды ар­найы дүкен сөрелерінен табатынбыз. Енді бұл зат­тарды Сағатбек Сиюов төра­ғалық етіп отырған «Қызылорда облыстық мүге­дектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің қолөнер бағыты бойынша жұмыс істейтін нәзік жандардан алуға болады.

Сенбідегі серпіліс

Өткен аптаның сенбісінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталыққа бір топ қыз-келіншектер жиналды. Арнайы алжапқыштарын киіп, белсене кірісіп кетті. Ал сабын мен ақша жинайтын қорапшаны жасау үшін кө­мектесуге, бағыт беруге «Мансап» мектебінен бейне­леу өнерінің мұғалімі Гүлзат Жұрқабаева келді.

Ерекше сый

– Негізі шеберлік сабағын бастауымдағы алғашқы бас­палдақ десем болады. Бұған дейін сабын мен ақша жи­найтын қорапшаны біз оқу­шылар арасында жасап көрдік. Сабақ осы орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғаш рет өтті. Бастапқы нәтижесі де өте жоғары шықты. Сенесіз бе, алғашқы өнімдері де саты­лымға сәтті шығып, саудасы қызуда, – деді Гүлзат Ермекқызы.

– Гүлзат, жасалу техноло­гиясымен бөліссеңіз, мұны жасау қиын емес пе?

–Алдымен ақша жинай­тын қорапшаға тоқталсақ, оған гипс, қорапшаның қаңыл­тыры, өзіне арналған бояулары қажет. Сондай-ақ жасалу барысында дұрыс кебуі маңызды. Ал сабынға келсек, оның құрамына мән берген абзал. Мәселен, жожоба майы, сүт керек. Сонымен қатар хош иісті заттары мен бояғыштары болуы тиіс. Соның барлығын ерітіп, одан кейін ыдыс­тарына құйып, кепкенін күтуіміз керек. Айта кетейік, табиғи заттардан жасалған осы сабындар қолды кептіріп жібермейді, – деп бөлісті маман.

Сырттай қарасақ, шебер­лік сабағына қатысқан нәзік жандардың белсенділігі ерекше байқалды. Жақсы көңіл-күй, жайдарлы адам­дармен жылы әңгімелесу, пайдалы ақыл-кеңестерімен бөлісу. Мұндай жылылықты қоғамдық бірлестіктің төраға­сы Сағатбек Қуанышбайұлы да аңғарса керек.

– Бірлестікке төрағалық­қа келгеніме бір жылдан асып барады. Осы уақыт аралы­ғында түрлі жұмыстар, шаралар ұйымдастырдық. Соның ішінде қолөнермен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жәрмеңке ұйымдастыруды қол­ға алғанбыз. Оған қоса бұл тек көрме болып қалмай, жәрмеңке түрінде болса деген ниет болды. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандар бір жағы заттарын сатады, өздері ақша табады. Қолөнердің ішінде тоқыма мен тігін бұйымдары жиі кездеседі. Сонымен бірге арасында басқаша өнер болса деген мақсат қойдық. Ойлана келе, «Мансап» мек­тебінен Гүлзатқа ұсыныс айтып, осы жұмысты бастап кеттік. Алдағы уақытта да басқа да жандардың осындай заттарды жасауға ынтасы болса, қуана қарсы аламыз, – деді бірлестік төрағасы.

Ерекше сый

Бір күндегі еңбектің нә­тижесі де жақсы аяқталды. Хош иісті сабындар мен ақша жинайтын қорапшалар сатылымға шықты. Бағалары да қалтаға қонымды, 1000-1500 теңге аралығында. Айт­пақшы, бірлестіктің қол­өнер бағытындағы бұл қыздар алдағы уақытта Қызыл­орданың тарихи жерлері мен суреттері бейнеленген магнитті жапсырмалар жа­сауға кіріседі. Ал мұндай магнитті жапсырмаларды әзірге ешкім жасамаған көрі­неді. Сонымен қатар көк­темде қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: