Бүгінде Қызылорда облысында 1000-нан астам ерікті, 30-ға жуық волонтерлік топ белсенді қызмет атқарады. Сонымен қатар, «Ассамблея жастары» қозғалысы мен бірқатар еріктілер ұйымдары қоғамдық жұмыстарға тұрақты түрде үлес қосып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. Жиында өңірдегі еріктілер қозғалысының дамуы, жаңа бастамалар мен алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды.
-Өңірдегі волонтерлік қызмет «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem», «Úmit», «Saýlyq», «Ayala» бағыттары бойынша жүйелі жүзеге асуда. Жыл басынан бері өңірде 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылып, 600-ден астам ерікті тартылған. Тамыз айында республикалық волонтерлер слеті, ал қазан айында Арал өңірінде «Green Aral: Volunteers for Life» халықаралық апталығы өтеді. Облыста волонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамып келеді. Фронт-офистер арқылы еріктілердің бастамаларына қолдау көрсетіліп, жастардың қоғамдық белсенділігі артуда. Бүгінде жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында да волонтерлікке қызығушылық айтарлықтай өсіп отыр, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Уалихан Ибраев.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан «Орнықты даму жолында Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялануына орай облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы бағытта аймақта волонтерлік қозғалысты жүйелеу және қолдау мақсатында облыстық және аудандық деңгейде фронт-офистер жұмыс істейді.
-Қазақстандағы волонтерлік соңғы жылдары сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Егер 2020 жылы елде 224 ұйым болса, бүгінде олардың саны 800-ден асты. Еріктілер қатары 50 мыңнан 300 мыңнан астам адамға дейін өсті. Бұл азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетеді. Біздің негізгі мақсатымыз өңірлердегі еріктілерді оқыту, қолдау және олардың ұсыныстарын ескере отырып, тиімді жүйе қалыптастыру. Қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп волонтерлікті қолдаудың бірыңғай тұжырымдамасы әзірленуде. Волонтерлік тек қоғамдық белсенділік емес, ел дамуының маңызды тетігі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру басты міндет, – деді «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің Ұлттық волонтерлік фронт кеңсесінің басшысы Айбек Досымбетов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
