Жұма, 23 мамыр, 16:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37,2150
20.05.2025
PDF мұрағаты

Ерлігі елге үлгі

23.05.2025

96 0

«Кішкене бойлы, қарны тойып тамақ жемеген, денесі арық, қара торы бала небары 17 жаста еді. Ескілеу келген, түгі түскен масаты жастыққа жантайып, әкесінің көзіне қарап жатып ұйқыға кетті. Әке жүрегі әлденені сезді ме, түс көріпті. Таңсәріде ерте тұрып, баласын оятып, «Балам түс көрдім, соғысқа менің батаммен аттансаң, он екі мүшең түгел, отбасыңа ораласың» деген екен.

Бұл оқиғаны марқұм атам әкеме айтып отыратын. Ал қазір әкем бізге бұл әңгімемен қоса атамыздың қан майданға қатысып, көрсеткен ерлігі жайлы еске алады.1942 жылы атам алғашқылардың бірі болып соғысқа аттаныпты. Қасіретті жылдан сыр шертіп, көзі көрген оқиғаны баяндағанда «Бір үзім қара нанды жемей, қолтығымызға қысып жүретінбіз. Қарын ашқанда кішкене ғана үзіп, таңдайға салып талғажау қыламыз. Соғыста жүріп бір үзім нан көрсең, соның өзі біз үшін қуаныш еді» деп атам көзіне жас алып отыратын.

Атам – Өмірзақ Досов 1923 жылы дүниеге келіп, 2003 жылы өмірден өтті. 1942 жылы Ашхабад жаяу әскери училищесін тәмамдап, бірден майданға аттанған. Сол жылдың қарашасында Сталинград шайқасына қатысқан. Ол Варшава мен Будапешті азат етіп, Балатон көлі (Венгрия) маңында да соғысады. Атам жеңісті 1945 жылы немістің Дрезден қаласында қарсы алған.

Қанды шайқас кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және «Будапештті азат еткені үшін», сондай-ақ «Жеңістің 25, 40 жылдығы» медалі бар. Оған қоса Польша мен Венгрияның бірқатар орден-медальін алған. Соғыс кезінде Өмірзақ атам үш мәрте жараланып, мина жарықшағы денесінде қалған. Ол соғысты мотоатқыштар полкінің аға сержанты шенінде аяқтады.Жеңістен кейін отау құрып, сегіз баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде атамыздың 26 немере, 37 шөбересі бар. Біз атамызды  әрқашан мақтан тұтамыз.

                                                                                          Ақжүніс БАУЫРЖАНҚЫЗЫ ,

                                                         Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

                                                           Журналистика мамандығының 1-курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: