2026 жылғы 7 сәуір күні Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңы алаңында Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық әскерилердің шығарылғанына 25 жыл толуына және Ерлік күні орай әскери қақтығыстарда қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.

Салтанатты рәсім барысында ардагерлер, әскери қызметшілер және қала тұрғындары арнайы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ел тыныштығы жолында жанын қиған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиында олардың қайсарлығы, табандылығы мен Отан алдындағы адалдығы – бүгінгі бейбіт өмірдің берік негізі екені ерекше атап өтілді.

Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов жиналған қауымға ізгі лебізін білдіріп, ел қорғаған ерлердің есімі мен ерлігі ұлт жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
Сонымен қатар, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов және Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы сөз сөйлеп, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

Тағылымды шара әрі қарай Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі ғимаратында жалғасты. Мұнда өткен жиында ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары бас қосып, ел қорғаған ерлердің ерлігі мен өнегелі өмір жолын кеңінен насихаттады.
Шара барысында ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды. Кеш соңы патриоттық рухтағы концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара соңында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған ас беріліп, олардың ерлігі мен есімі тағы бір мәрте құрметпен аталды.
Аталған шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы және «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
