Кейде біреулер өміріңе кіріп келеді. Есік қақпайды. Рұқсат сұрамайды. Жай ғана пайда болады. Бірде пікір жазып кетеді. Бірде үнсіз кетіп қалады. Кейбіреуі жай күлімдейді. Ал кейбіреуі жүрегіңнің есігін теуіп ашып, астаң-кестеңін шығарады да, артына қарамай кете салады.
Олар – достар, ғашықтар, оқырмандар, тіпті өміріңе жай бір сәтке әсер етіп, із қалдырып кететін бейтаныс жандар.
Біз бәріміз – бір-біріміздің әңгімеміздің эпизодтық кейіпкеріміз. Біреудің жанына шипа болуымыз мүмкін, енді біреудің жан жарасын қайта ашуымыз мүмкін. Бірақ біз мұны әрқашан түсіне бермейміз.
Интернет дәуірінде есік қақпайтын адамдар көбейді. Желіде біреудің өміріне кіріп, пікір қалдырып, эмоция тастап, кейін сол қалпымен жоғалып кетеміз. Ештеңе болмағандай.
Мүмкін, біз бәріміз сол есігі ашық қалған үйлерміз. Қайсыбіріміздің жүрегімізге көп кірген, қайсыбіріміз сыртынан қарап-ақ кеткен. Бірақ маңыздысы – сол адамдар бізге не үйретті?
Кейде ең қысқа кездесулер – ең терең сабақ береді.
Кейде ең бейтаныс адам – жанымызды ең жақсы түсінеді.
Кейде есік қақпайтындар – тағдырдың өзіндік хаты шығар…
Ақгүл Қайырбек,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Журналистика мамандығының 1-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!