Сәрсенбі, 01 қазан, 18:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№74, 2186
30.09.2025
PDF мұрағаты

Ет бағасы неге қымбаттап жатыр? – сарапшы пікір білдірді

01.10.2025

39 0

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер жыл басынан бері елде орташа есеппен 7,9%-ға қымбаттаған. Сиыр еті – шамамен 3 есе көп, еттің құны неге қымбаттап жатыр, сарапшы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір елімізде 26 300 000 қой мен ешкі, 9 600 000 сиыр мен бұқа, 5 миллион жылқы, 320 мың түйе, 480 мың шошқа, 47 700 000 құс бар. Сарапшының айтуынша, бұл көрсеткіш қазақстан халқына шаққанда аз.

20 миллион адамбыз десек, әр адамға 1,3 қой мен ешкіден, жарты сиырдан, ширек жылқыдан, 2,3 жейтін құстан келеді. Бұл аз. Біріншіден, тез арада сиыр мен бұқа санын кемінде 20 миллионға, ал жылқы санын 10 миллионға жеткізуге тырысу керек, – дейді экономист Айбар Олжай.

Айбар Олжайдың айтуынша, ешкі мен шошқа саны азайған.

Биылғы жылдың басынан бері Қазақстанда сиыр мен бұқа саны 23,4 пайызға, қой 7,8 пайызға, жылқы 12,2 пайызға, түйе 8,5 пайызға, құс 2,2 пайызға көбейген. Ал ешкі мен шошқа саны азаюда. Бірақ бұл менің ойымша сұранысқа байланысты сияқты. Демографиялық құрылым өзгерістері, халал тренді шошқа етіне деген сұранысты азайтқаны анық. Ал бір массалық түрде ешкіні жеу қазақ халқының гастрономиялық дәстүрінде жоқ. 42 жыл өмір сүріп келемін. Қойдың орнына әдейі ешкі сатып алып, соны асып жеп жатқан бір де бір отбасыны көрмеппін, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрілігің пайымдауынша, Қазақстан өзін толықтай сиыр еті мен қой етімен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бізге 800 мың тонна Аргентинадан жылқы еті импортталады. Оны белгісіз себептермен Атыраудағы ТШО сатып алып жатыр.

Қазақстан ет экспортының көлемін арттырып жіберген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр етінің шетелге сатылымы 1,4 есеге өсіп, 22 мың тоннаға, ал қой еті экспорты 2,2 есеге артып, 18 мың тоннаға жеткен. Сонымен қатар, Қазақстанда құны 29,3 миллиард теңге болатын австралиялық тәжірибені енгізуге бағытталған 14 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар жылына 50 мың тонна ет экспорттауға және шамамен 500 млрд теңге табыс алуға мүмкіндік береді. 2025 жылы Қазақстан Қытаймен тоңазытылған сиыр еті, қой еті, шошқа еті, бал, балық, сүт өнімдері, құс еті және басқа да тауарларды экспорттау туралы хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ, ел Грузия және Иранмен ветеринариялық сертификаттар бекітті және Түркия, Ауғанстан, Пәкістанмен ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр.

Үкімет нақты позициясын білдіріп отыр. Ішкі нарықта ет қымбаттаса да, Қазақстан ет экспортын тоқтатпайды. Керісінше дамыта береді. Онысы бір жағынан түсінікті. Экспорттық бағалар арқылы біздің фермерлер өздерінің қарыздарын, несиелерін жабуға мүмкіндік алады және енді ақырындап күшейе бастайды, – дейді сарапшы.

Экономист еттің не үшін қымбаттап жатқанын түсіндірді.

Қымбатшылық кезіндегі Назарбаевшылдық, яғни орасан жерлерді ұстап отырған билікке жақын латифундистер жасап кеткен проблема. Зардабы енді келді. Латифундистер жердің барлығын бөліп алды. Не өздері жұмыс істемеді. Не елге жаңағы жерге мал баққызуға мүмкіндік бермеді. Ауылда жайылым қалдырмады. Ал малды қысы-жазы қорада ұстау өте қымбат. Дәл осы проблема 2005-2015 жылдар аралығында қатты ушықты. Сол кезде амалы таусылған шаруалар малдың барлығын бауыздап сата бастады. Еттің бағасы түсіп кетті. Басқа амал қалмады, – дейді ол.

1990 жылы Қазақстанда 9,7 миллион ірі қара, яғни сиыр мен бұқа болған. Қазір 9,6 миллион.

Біз 30 жыл бойы жүріп-жүріп 1990 жылы болған сиырлардың санына әлі жете алмай жатырмыз. Себебі, латифундистер құтырған 2005-2015 жылдар аралығында біздегі ірі қара саны 6 миллионға дейін құлдырады. Халық мал жаятын жер таппай, 3,7 миллмион сиыр мен бұқаны сойып тастаған. Біздегі қазіргі қымбатшылықтың ең негізгі себебі осы Назарбаев режимі туғызған кландық монополия, – деді ол.

2015 жылдары сиыр 9,7 миллионнан 6 миллионға кемісе, жылқы 2 миллион ғана, қой 18 миллион бас қана болған. Мал санының жақсы өсуі соңғы 5 жылда ғана тірклген.

Соңғы 3 жылда ғана Жаңа Қазақстан пайдаланбай жатқан жерлерді тартып алып, нақты шаруаларға беріп жатыр. Егер латифундистер кемі осылай лаң салмағанда, Қазақтанда кемі 20 миллион ірі қара, 50 миллион қой, 10 миллион жылқы болар еді. Жеке өзім еттің қымбаттау себебін осы деп білемін. Мал санының аздығы етке деген дефицит және баға өсуін тудыратынын экономист қана емес, кез-келген таксист айтып бере алады, – дейді ол.

Қазақстанда 1 келі сиыр етін өндірудің толық өзіндік құны 2800–3100 теңге аралығында шығады. Оның ішінде өсіру, күтіп-бағу, сою және алғашқы өңдеу шығындар бар.

Тірі салмағы 300 килограм болатын бұқаның 60 пайызы ғана товарлық етке айналады. Яғни 300 килограмдық бұқадан сатуға арналған 180 келі ет қана шығады деген сөз. Енді осы 180 келілік еттің өзіндік құнына қандай баптар кіреді? Негізгі баптар: жем-шөп және құрамажем, ветеринария мен дәрі-дәрмек, энергия шығындары (электр, жанармай, газ), коммуналдық қызметтер, еңбекақы, тасымал және логистика, амортизация және жөндеу шығындары, салықтар мен басқа операциялық шығындар. 1 келі еттің ең арзан өзіндік құны 2800 теңге деп алсақ. Соның 65 пайызы, яғни 2000 теңгесі жемшөпке кетеді. Еңбекақыға 225 теңге, электр энергиясы мен жанармайға 180 теңге, ветеринарияға 85 теңге, материалдарға 55, коммуналды қызметке 55, логистикаға 85 теңге, қалған шығындарға 115 теңге кетеді, – деді экономист.

Оның айтуынша, әр келі еттің 2000 мың теңгесі жем-шөпке кетеді. Сондықтан осы мәселені қалай арзандатуға болады, жаңа технологиялар турасынан ойластыру керек. Агронано технологиялардың дәуіріне аяқ баспасақ, арзан ет туралы ұмыта беруіміз керек.

Бұл жерде НДС-тің ешқандай әсері жоқ екенін көріп отырсыздар. Етке НДС жүрмейді. Ауылшаруашылығы жаппай қосымша құн салығынан босатылған және тіпті жаңа жылдан кейін оларға табыс салығы бойынша жеңілдіктер пайда болады. Ет бағасын арзандату үшін біз билікпен емес, жемшөппен айналысуымыз керек. Жемшөп базасын толтырып тастасақ, жемшөпті кез-келген фермаға дронмен жеткізетін арзан технология ойлап табу, тамшымен суару, гидропоника, басқа да технологиялармен айналысу – міне біздің конструктивті жұмысымыз осындай болу керек, – деді ол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: