Қазақстандық Fly Arystan және SCAT әуе компанияларына жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы көлік министрлігі мәлімдеді.
«Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі кезінде қызметтерді тиісті түрде көрсетуге қатысты заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін отандық және шетелдік авиакомпанияларды жауапкершілікке тарту жұмысын жалғастырып жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Жазда рейстер санының артуына байланысты жолаушылардың рейстің кешігуі немесе кешігу кезінде қызмет көрсетпеу туралы шағымдары жиілей түскен.
«Fly Arystan» әуе компаниясының 11 шілдедегі Алматы-Қарағанды рейсі кешіккен. Алайда жолаушылар қонақүйге орналастырылмаған, оларды қонақүйге апаратын трансфер ұйымдастырылмаған. Компанияға 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
24 маусымда Атырау-Алматы бағытындағы рейстің кешігуі кезінде қызмет көрсетпегені үшін SCAT компаниясына да 1 000 АЕК (3 692 000) көлемінде айыппұл салынған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!