Жексенбі, 24 қараша, 22:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

FlyArystan әуекомпаниясы 12 жасар қызды бортқа мінгізбей, жалғыз өзін өзге қалада тастап кеткен

09.08.2024

392 0

FlyArystan әуекомпаниясы 12 жасар қызды рейске мінгізбей, жалғыз өзін өзге қалада қалдырып кеткен. Қыздың анасы әуекомпанияның қызметіне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде оралдық Жазира Мусина FlyArystan әуетасымалдаушының немқұрайлылығын сынға алды. 
Сөзінше, 20 шілдеде Зере және Зәуре атты егіз қызы Америкадан елге қайтқан. Олар сенімді өкілмен, бір топ баламен саяхаттаған. Қайтарда Астана арқылы транзитпен Оралға ұшуы керек болған, бірақ Зерені компания бортқа кіргізбей, тастап кеткен.

“Тіркеу кезінде FlyArystan қызметкерлері Зәурені тіркеп, Зере тіркелмеді. Сонымен бірге FlyArystan қызметкерлері балаларға жауапты сенімді өкілге техникалық ақауларды жойғаннан кейін Зерені өзіміз отырғызамыз деп сендіріп, бортқа мінуін сұраған. Олар сенімді өкілді алдап, баланы жалғыз қалдырды. Балаларымның құжаттары түгел еді, онымен ешқандай проблема болмаған. Сөйтсе бортта орын жоқ депті. Сонда үлкендердің мүддесі балалардың мүдделерінен жоғары ма?”, – деді Мусина.

Соның салдарынан егіздің сыңары Астана әуежайында жалғыз қалып қойған. Ал сенімді өкіл басқа балалармен ұшып кеткен. Әуежайдағы бейнебақылаукамераларына оның 3 сағат жылап тұрған жазбасы сақталған екен.

“Менің қызым қатты қорқып қалды, өйткені жанында ешкім жоқ. Елестетіп көріңізші,кішкентай қыз бөтен әуежайда, басқа қалада жалғыз өзі қалды. Әуекомпания мұндайға қалай жол берді? Мен Оралдамын, амалсыз компанияға қоңырау шалдым. Олар тек рейс келесі күнге бар екенін айтып тұр, баланы қонақүйге орналастыруға кеңес берді. Бірақ ол жауапты адамсыз жалғыз өзі қонақүйден бөлме жалдай алмайды, оның қауіпсіздігіне ол жақта ешкім жауап бермейді. Бірдеңе болып қалса ше? Ал оны ұрлап кетсе, кім жауап береді?” – деді егіздің анасы.

12 жасар қыз Оралға басқа рейспен тек келесі күні ұша алған. Ол кезде оған жауапты ешкім болмапты.

“Балам аман-есен жетті, қазір жанымда, алайда мұндай жауапсыздықты жайдан-жай қалдыра алмаймын. Бұл жағдайға кез келген бала тап болуы мүмкін еді. Балам өзге қалада жападан-жалғыз “Мама, не істеймін, қайда барамын?” деп жылаған кездегі менің жағдайымды елестетіп көріңіздерші”, – деді ана.

Ол балалар өкілі Динара Закиева мен авиация комитетіне мәселені хабарлаған. 

«FlyArystan» әуекомпаниясы кәмелетке толмаған жолаушыны рейсіне жібермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл – өрескел жағдай. Жолаушылардың құқығы әрқашан мүлтіксіз сақталуы керек. «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен бірлесіп, «FlyArystan» әуекомпаниясына қатысты жан-жақты тексеру жүргізіледі. Кінәлі қызметкерлер міндетті түрде жауапқа тартылады.», – деп хабарлады азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

FlyArystan әуекомпаниясы жағдайға түсініктеме берді. 

«Кең ұшақ аз орынды ұшақпен ауыстырылған. Содан соң әуекомпания қызметкерлері жолаушылардан Зереге орын беруді сұрап, ол үшін өтемақы төлеуді ұсынды. Бірақ ешқандай жолаушы орын беруге келіскен жоқ», – деп мәлімдеді FlyArystan-ның баспасөз қызметі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: