Футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі Лихтенштейнге қарсы ойыны алдында баспасөз мәслихатын өткізді, – деп хабарлайды Қазақпарат.
Кездесу наурыздың 25-інен 26-ына қараған түні сағат 00:45-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ұлттық құраманың бас бапкері міндетін атқарушы Али Алиев өз шәкірттерінің алдағы кездесуге дайын екенін атап өтті.
– Маған құраманың жеңіске деген жігері ұнайды. Уэльспен кездесуден кейін олардың ойын түсіндім. Құрама ұпай алуға жақын болды. Жігіттер алдағы кездесуге психологиялық тұрғыдан дайын. Ол көп нәрсені білдіреді. Әрбір футболшы сәтсіздіктен сабақ алуға тырысады. Біз жақсы және мазмұнды ойын көрсетуге дайынбыз деген сенімдемін, – деді Али Алиев.
Жартылай қорғаушы Георгий Жуков өз әріптестерімен бірге жоғары нәтижеге қол жеткізуге күш салатынын айтты.
– Құрамада талантты футболшылар көп. Жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. Өткен ойында жасыл алаңға шықтым. Құжатым бойынша ешқандай проблема жоқ. Ұлттық құрамаға шақыруды ұзақ күттім. Мен құрамаға ойнамайтыным жөнінде ешқашан айтқан емеспін. Ол уақытта Қытайда карантин болды. Бұл менің жауапкершілігіме жатпайды. Құрамаға шақыру алғаннан кейін сенімді ақтауың тиіс. Өз тарапымнан бас бапкерге алғыс айтамын. Ол маған тағы бір мәрте сенім артып отыр. Егер менің бұдан бұрын айтқан сөзіме реніш білдіргендер болса, олардан кешірім сұраймын, – деді Георгий Жуков.
Ал қорғаушы Әділбек Жұмаханов футболшылардың өткен қателіктен сабақ алатынына тоқталды.
– Алда бізді маңызды ойын күтіп тұр. Ұлттық құрама тарапынан сәтсіздік сериясы бір жылдан астам уақытқа созылды деген әңгіме айтылады. Екінші турдағы кездесуде бапкерлердің қойған тактикасын толық орындауға күш саламыз. Өткен қателіктерден сабақ алуға көңіл бөлеміз, – деді ол.
Ел құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде J тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары — Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!