Бейсенбі, 21 тамыз, 11:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№62, 2175
19.08.2025
PDF мұрағаты

Газбен жабдықтау жүйесі қысқы маусымға толық дайын

21.08.2025

57 0

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қысқы маусым жақындаған сайын аймақтағы тұрғындарды үздіксіз әрі қауіпсіз көгілдір отынмен қамту мәселесі басты назарда. Осы мақсатта  Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының күнделікті қызметі мен жылыту кезеңіне дайындық жұмыстары көрсетілді.

Журналистер қала ішінде орналасқан бірқатар нысандарды аралап, мамандардың жұмыс барысымен жақыннан танысты. Сала өкілдері газ құбырларының техникалық жай-күйі, қауіпсіздік шаралары және жоспарлы жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет берді. БАҚ өкілдері өз кезегінде сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.

Аймағымызда көгілдір отын тұтынушыларының саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда аймақта 147 995 абонент газға қосылған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде.

Облыстағы газ жүйесін қалыпты ұстау және оны үздіксіз жеткізу мақсатында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы үлкен ауқымда жұмыс жүргізіп отыр. Қазіргі таңда филиалдың теңгерімінде ұзындығы 4250,4 шақырымды құрайтын газ құбыры бар.

– Қысқы маусымға дайындық жұмыстарын біз сәуір айының 15-інен бастадық. Тамыз айының соңына дейін толық аяқтап, жүйені сақадай-сай ету – басты мақсатымыз. Бұл ең әуелі облыс тұрғындарының үздіксіз әрі сенімді газбен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде барлық жоспарланған жөндеу және техникалық қызмет көрсету шаралары толық орындалды. Құбырлар мен газ реттеу нысандары тексеріліп, ақаулар жойылды. Сонымен бірге мамандар арнайы оқу-жаттығулардан өтіп, кез келген жағдайға дайындықтарын шыңдауда. Алдағы жылыту кезеңінде халық пен әлеуметтік нысандарды тұрақты газбен қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміз. Осы мақсатта филиал ұжымы бар күшін салып жұмыс істейтін болады, – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ директорының міндетін атқарушы Бауыржан Әбдіғаппарұлы.

Келер жылыту маусымына толыққанды дайындық жасау үшін арнайы паспорт әзірленіп, ол облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісілген. Жоспарға сәйкес барлық ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары орындалды.

Дайындық кезеңінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылды. Мамандар оқу-жаттығулар өткізіп, газ реттеу пункттері мен шкафтық пункттерге жөндеу жұмыстарын жасады. Жер үстіндегі ажыратқыш құрылғыларға техникалық қызмет көрсетіліп, газ реттеу пункттерінің жылыту жүйесі де әзірленді. Сондай-ақ катодты қорғау құрылғылары тексерістен өтті.

Филиал мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде Қызылорда облысы алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына толық дайын. Ал баспасөз-турына қатысқан журналистер өндірістік нысандарды аралау барысында атқарылған жұмыстардың ауқымымен танысып, сала қызметкерлерінің жүйелі еңбегін жоғары бағалады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: