Жексенбі, 08 желтоқсан, 09:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Газдандыруда іркіліс болмайды

07.05.2022

987 0

«Газ келді дегенше, жаз келді десеңші». Бұл – жаңадан газдандырылған елді мекендер тұрғындарының қуанышын білдіретін сөз. Енді қайтсін, ас-су дайындау үшін жыңғыл шауып, үйді жылыту үшін көмір жағып, алау-далау болып жүрген адам бұл азаптан құтылып жатса…

Мүмкіншілігіміз қандай?

Иә, «көгілдір отын» – игілік. Мемлекет бұл игілікке барша ел тұрғындарының қол жеткізгенін қалайды, әрине.  Осы мақсатта Қазақстан елді мекендерін газдандыру бағдарламасы жұмыс істейді. Елімізді газдандыру үшін 2022 жылға республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде 50,1 млрд теңге алдын ала қолдау тапты. Бөлінген қаржы күшімен биыл жоспарланған 46 жоба жүзеге асырылып, 1,8 мың шақырым газ желісі жүргізіледі.  Бұл 95 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігінің мәліметіне сай былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі 57,7%-ті құраған.

2030 жылға қарай табиғи газбен елімізде 13,5 млн адамды, яғни ел халқының 65%-ін қамтамасыз ету жоспары бар. Қазір 6 аймақтың көрсеткіші 90%-тен асады. Олар – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және Алматы мен Шымкент қалалары.  Ал  Қызылорда облысының газдандыру көрсеткіші 70%-ке жуықтайды, 2025 жылға таман оны 75%-ке жеткізу жоспарланған.

Әрине, газдандыру тіпті де оңай шаруа емес. Дүние жүзінде территориясы жөнінен 9-орын алатын Қазақстанның түкпір-түкпіріне газ желілерін тарту қыруар қаржыны қажет етеді.  Қазір Қазақстанның газ саласы – отандық экономикада қарқынды өсіп келе жатқан салалардың бірі. Газ өндіру өсіп, құбырлар желісі кеңейіп келеді. Қор бойынша Қазақстан әлемде 22 және ТМД-да Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-орында тұр. Газдың қорына тоқталар болсақ, ол 4 трлн текше метрге жуық. Бірақ ол –  ілеспе, яғни жер астындағы газ. Оны жер бетіне шығарып, өндіру үшін үлкен инвестиция керек. Сол бағытта белсенді жұмыстар атқарылуда.

Қазақстанда газ тұтыну көлемі жыл санап артуда. Алайда өндіріс көлемі бұған сәйкес келмейді. Сондықтан бүгіннің өзінде дефицит қаупі ұлғаюда. «QazaqGaz» ҰК» АҚ алдына Мемлекет басшысы тарапынан қойылған басты міндеттердің бірі –  ресурстық базаны арттыру.

Өткен жылы елімізде 54 млрд текше метр газ өндірілсе, биыл ол 55 млрд текше метр болады деп күтілуде. Бұл 1991 жылғы көрсеткіштен (7,9 млрд текше метр) жеті есе артық. Деректерге сүйенсек, ішкі нарықта тұтыну тұрақты өсіп келеді. Кейінгі төрт жылда 4,8 млрд текше метрге артып, 18,6 млрд текше метрге жеткен. Қазір Қытай мен Ресей елдеріне газ экспорттаймыз.

Тұтыну көздері күрт өседі

Алайда алдағы жылдары газ экспортын мүлде тоқтатуымыз мүмкін. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, ішкі тұтыну көлемі артып келеді. Екіншіден, жаһандық жылынудың алдын алу мәселесі бойынша Қазақстан Париж келісіміне қол қойған. Аталған келісімге сәйкес еліміз 2060 жылға қарай  көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі керек. Қазақстандағы электр қуатын өндіретін орталықтардың 70%-і көмірмен жұмыс істейді. Жоғарыда аталған Париж келісіміне сай 2030 жылы 70%-ті 40%-ке түсіру міндеттемесін алғанбыз. 2021 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» Жолдауында елдің неғұрлым ластанған 10 қаласын – Алматы, Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Өскемен, Павлодар және Балқашты баламалы энергия көздеріне ауыстыруды тапсырды. Осы тапсырмаға сай өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Міне, осы жобалар іске асқанда өндіріліп жатқан газдың барлығы ішкі нарыққа жұмсалатын болады. Ал еліміздің газдандырылмаған өңірлеріне оны жеткізу мәселесі күн тәртібінен түспейтіні анық.

Ауқымды жобалар жоспарлануда

Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі ҚР Үкіметімен келісім бойынша Жол картасын әзірледі. Оның шеңберінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларын газдандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қаласында 650 шақырым газ тарату құбыры салынды, бұл 190 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Шығыс Қазақстан облысы мен еліміздің солтүстік өңірлеріне қатысты министрлік газдандыру бағытының 2 нұсқасын қарастыруда. Бірінші нұсқасы бойынша «Барнаул-Рубцовск-Семей-Өскемен-Павлодар» бағыты бойынша Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырын салу көзделген. Екінші нұсқа бойынша «Сарыарқа» мемлекетаралық газ құбырынан «Теміртау-Павлодар-Семей-Өскемен» бағыты бойынша Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын газдандыру нұсқасы қарастырылуда. Бүгінгі күні жоғарыда көрсетілген бағыттар, магистральдық газ құбырлары құрылысының құнын айқындау бойынша оңтайлы нұсқаны таңдау және одан әрі шешім қабылдау үшін алдын ала есептеулер жүргізілуде.

Қазақстанның батыс өңірлерін газбен жабдықтау жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар қолға алынады. Газбен қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған тасымалдау жүйесін жаңғырту және жаңа  құбыр желілерін, оның ішінде «Мақат-Солтүстік Кавказ» МГҚ лупингін және «Бейнеу Жаңаөзен» МГҚ-ның 2-желісін салу қажет. Қазір Үкімет «QazaqGaz» ҰК» АҚ Ұлттық операторымен бірлесіп, жоғарыда көрсетілген жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауда.

Бұдан басқа, Маңғыстау облысында қолданыстағы «Бейнеу-Жаңаөзен» МГҚ желісін, «Жаңаөзен-Ақтау» МГҚ 3-желіні күрделі жөндеу, «Бейнеу» және «Жаңаөзен» КС реконструкциялау, Құрық ауылындағы АГТС-тен «Жаңаөзен-Ақтау» МГҚ-дан газ-бұрма салу жоспарланған. ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Өңірлік саясатын жетілдіруге бағытталған тапсырмаларын орындау жұмыстарын жалғастырады.

Тариф өсімі

Ішкі нарықта газды тұтынудың артуы және экспорттың тоқтауы тұтынушылар үшін тарифтің өсуіне әкелуі мүмкін. Экспорттық түсімдердің жоғары болуына байланысты ел ішінде бағаны төмен деңгейін ұстап тұруға мүмкін болып келді.  Газ экспорты тоқтаса Қазақстандағы төмен бағаны субсидиялайтын көз де болмайды. Сөз жоқ, сол кезде газдың бағасын көтеруге мәжбүр болады. Үкімет отырысында Энергетика министрі Ақшолақов осылай деді. Бүгінгі есептеулер бойынша газ экспорты 2025 жылдан бастап тоқтайды.

Мамандардың айтуынша, газ бағасы ол кезде кемінде 60% немесе екі есеге дейін өсуі ықтимал. Сол кезде қарапайым тұтынушылардың қалтасына ауыр тимес үшін оларға арналған тариф оншалықты жоғарыламайды. Бірақ газдың нақты құнын төлей алатын және төлеуге тиіс тұтынушылар тобы бар. Бұл – толығымен экспортқа және валюталық түсімге бағытталған кәсіпорындар. Майнерлер де газға жақсы баға төлеуі мүмкін. Коммуналдық немесе әлеуметтік бағыттағы кәсіпорындарды басқа топқа бөлу керек болады. Әзірге мамандар баға концепциясын осылай жасайды деген болжам бар. Қысқасы, газ тұтынушылар әртүрлі санаттағы бірнеше топқа бөлінетін болады.

***

Қалай болғанда да Қазақстан өңірлерін газдандыру жұмыстарында іркіліс болмайды. Өйткені, бұл бағдарлама өңірлердің өнеркәсіптік дамуына елеулі серпін беруге, бизнес жүргізу мен ұрғындардың өмір сүру деңгейін неғұрлым тартымды етуге қабілетті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: