Бүгінде ғаламторға тәуелділік – қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Еңкейген қариядан бесіктегі балаға дейін интернетке байланды десек, артық айтқандық емес. Жалпы ғаламтор бүкіл ғарыштық тор. Бұдан біздің ел ғана зардап шегіп отырған жоқ. Бұл бүкіл әлемді алақанында ұстап отыр деуге болады.
Осы мақаланы бастамас бұрын «Фейсбук» әлеуметтік желісін қолданушыларға «Сіз интернетке тәуелдісіз бе?» деген сауал жолдаған едік. Өз пікірін білдіргендердің арасында бірі жоқ десе, енді бірі өкінішке қарай иә деп жауап берді. Сондай-ақ жеке басыма, жұмысыма да керек деген жазбалар да бар. Ал енді бірі жауап беруге қиналды.
Уақыт озған сайын…
Ғаламтордың шығу тарихы да қызық. «1957 жылы Кеңестер Одағы жасанды жер серігін ғарышқа ұшырған соң, АҚШ Қорғаныс министрлігі «егер соғыс бола қалған жағдайда Америкаға сенімді ақпарат алмасу жүйесі керек» деп есептеген. Осылайша бұл жүйені АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының қызметкерлері ойлап тапқан деседі. Бұл мақсатта Лос-Анджелес, Юта және Калифорния штаттарындағы университеттерге және Стэнфорд зерттеу орталығына компьютерлерді бір-бірімен жалғайтын желі жасау тапсырылады. ARPANET деп аталатын жоба 1969 жылы 29 қазанда төрт мекеменің компьютерлерін телефон арқылы байланыстырады.
Содан соң ARPANET дамып-жетіліп, оны түрлі сала ғалымдары пайдалана бастайды. Сөйтіп, 1983 жылы бұл атау «Интернет» деген ұғыммен алмастырылды.
Иә, интернеттің пайдалы жағы да бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Керек мәліметті тез табуға, алыстағы дос-жаранмен электронды хат алмасуға, құжаттармен жұмыс істеуге көп септігін тигізеді. Алайда оның да өз мөлшері бар. Ғаламтордың жақсылығымен бірге келеңсіз тұстарында естен шығармаған жөн. Әсіресе жасөспірімдер үшін. Үйдегі ата-ана бала тәрбиесіне аса назар аударуы тиіс. Бүгінде әрбір отбасыда бір-бір Wifi-дан бар. Оның не үшін, қалай қолданылып жатқанын бірі білсе, бірі біле бермейді.
Бұрын бала күнімізде жазғы демалысқа шыға салысымен ойынға кірісіп, таң азанда кеткеннен, қара кеште әрең үйге кіруші едік. Сол кезде барлық бала көшеге шығып, «қызыл ту», «ортаға түспек», жүгіріп жарысу секілді спорттық ойындарды ойнайтын. Ал қазір ше, баланы үйден шығара алмайсың. Бәрінің қолында бір-бір ұялы телефон. Бесіктен белі шықпаған баланың өзі ұялы телефонға жармасып, бермесең жылап қорқытады.
Оған белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіптің мына сөзі дәлел. «Баяғы қазақ дәстүрінде төрт түлік мал өсірген ата-бабамыз желіге құлынды байлаушы еді. Бұл күнде желіге адамның жұлыны байланған бір заман болды», – деп жазады. Расында, интернет арқылы түрлі желілерге жармасып, тіпті сол арқылы ақша тауып жүргендер көп.
Алғашында халық арасында «Мой мир» желісі кеңінен тарады. Кейіннен «Фейсбук», «ВКонтакте», «Инстаграм», «WhatsApp», «Скайп» «Телеграм» секілді қосымшаларды пайдалана бастады. Қазір ұялы байланыссыз жүрген адамды көрсек, таңырқай қарайтын болдық. Психологтардың зерттеуінше, интернетте көп отырған адам өз-өзін жоғалтады екен. Оның психикасы, дүниеге деген көзқарасы өзгереді. Ең жаманы, интернетке тәуелді болып, шын өмірді тастап, интернет әлеміне толықтай кіріп кетеді-мыс.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде ғаламтор қаншама адамды өзіне тәуелді етуде. Оны бірі мойындаса енді бірі мойындағысы келмейді. Қазір интернеттің қызығына кіріп кеткені сонша, арамызда түн ұйқысын төрт бөліп, азанға дейін ұйықтамай отыратындар бар. Тәуелділіктің кесірі неге апарып соғарын өздеріңіз де білесіздер. Атап айтсақ, сауатсыздыққа, құмар ойынға деген тәуелділікке, көру қабілетін төмендетуге, ойлау деңгейінің төмендеуіне себеп болуда. Әсіресе жастардың ойлау, сөйлеу, жазу мәдениетіне кері әсерін тигізуде. Бір өкініштісі, қазір қолына кітап ұстайтын жас азайды. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Десе де бұл шындық. Бүгінде көп адамды жалқаулық билеп алған. Себебі ғаламтор арқылы бәрі де қолжетімді. Алайда интернет желісі адамның алтын уақытын ұрлап, жаппай сауатсыздық жайлауда. Адамды желіктірген, өзіне еліктерген ғаламтордың салдарынан таяз ойлап, өзіне қол салғандар қаншама. Күні-түні әлеуметтік желіге байланып, неше түрліні көріп, олардың өмірге деген қызығушылығы қалмаған. Баста тұйықталып, ешкіммен сөйлеспеуді әдетке айналдырады. Оның соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан ғаламтор қоғам дертіне айналды. Оның шырмауына байланғандарға қайта шығар жол табу қиын. Сондықтан интернетті күніне белгілі бір уақытта ғана пайдалануға кеңес береміз, – дейді психолог Жұлдыз Қуанышбаева.
Шетел тәжірибесінде…
Ғаламтор алпауыт елдерді де жаулап алған. Бірақ олардың ғалымдары бұл аурудың емін іздеп әлек. Тіпті алғашқы шараларды қолға алып та үлгерген. Мәселен, «American Journal of Psychiatry» журналында белгілі американдық дәрігер Джеральд Блок шамадан тыс интернетке құмарту компульсивті-импульсивтік ауытқуға әкеп соқтыратыны туралы жазады. «Егер сізге компьютеріңізден ажырау қиынға соғатын болса, егер компьютерлік ойындар сізге демалу мен тамақтануды ұмыттырса, егер сіз бір минутқа «чаттан» шыға алмай, интернетте хат алмасуды өз еркіңізбен тоқтату мүмкін болмаса, міндетті түрде психиатр маманның көмегіне жүгінген жөн» деп кеңес береді.
Мұндай жағдайдың өте ауыр екенін айтады. Сонымен қатар интернетке байланысты жантүршігерлік оқиғалар Оңтүстік Кореяда көп тіркелген екен. Бұл елде ұзақ уақыт бойы интернет-кафелерде отыру салдарынан қаншама адам көз жұмған. Ал бір адамды онлайн ойын үшін өлтірген. Осы мемлекетте шамамен 210 мың бала интернетке тәуелділік ауруына шалдыққан және медициналық көмекті қажет етеді. Сондай-ақ Нью-Йорктік ғалым Ivan Goldberg-тің теориясы бойынша, мұндай тәуелділік психикалық проблема ретінде сипатталған. Міне, әлем ғалымдары ғаламтордан сақтануды жөн санап, дабыл қағуда. Себебі олардың ойынша, болашақта ең үлкен дерт осы интернет болуы мүмкін. Қазір интернетте білім іздеуден гөрі өсек-аяңға, дау-дамайға, түрлі құмар ойынға, жалғанға көп әуестеніп, ал былайғы өмірде бір-бірімен адамша қарым-қатынас жасаудан қалып барады. Тіпті адамды тура жолдан адастыратын фейк аккаунттар үздіксіз жұмыс істеуде. Олардың ақпаратының өтірік-шынын тексеріп, алдын алып жатқан ешкім жоқ. Оған елімізде болған түрлі келеңсіз оқиғалар куә. Әсіресе жасөспірімдерді арбауына түсіріп, құрығына ілуде.
Расында, интернет адамдардың уақытын ұрлаумен қатар, санасын да жалмап барады. Қарап отырсаңыз, тойда да, түрлі жиындарда да бәрі бір-бірімен кездескенде емен-жарқын тілдеспейді. Жаппай телефонға үңіліп, ішкен-жегінін түсіріп, желіге жүктегеніне мәз. Үлкендер осындай. Жастардың жайы айтпаса да түсінікті. Тіпті кішкентай баланың өзі жыласа болды қолына телефон ұстатып, оны жұбатуға осылай тырысамыз. Ес білмей тұрып ұялы телефонға жармасқан сәбидің ертеңі не болмақ?
– Әрбір адам өз ортасына қарап бой түзейді. Қазір заман өзгерді. Осыдан он бес жыл бұрын ғаламтордың не екенін де білмейтін едік. Бүгінде интернет, смартфон деген түсінікті үштегі баланың өзі жатқа біледі. Қазіргі балалар өте ақылды. Бұрын ата-аналарымыз «ақырзаманның балалары», «бұлар бәрін іштен біліп туған» деп ұрсушы еді. Дәл осы сөздер бүгінгі бүлдіршіндерге арналып айтылғандай. Себебі үштегі баланың өзі қалта телефондағы әртүрлі ойындарды ойнай алады. Сондай-ақ суретке де, видеоға да түсіруді біледі. Оған қалай таңғалмайсың. Бірақ өкінішке орай, бұл жағдайдың теріс жақтары бар. Көптеген ата-аналар балалар күн ұзағына ұялы телефонға тәуелді деп шағым айтады. Десе де бұл ата-ананың балаға толық уақыт бөле алмауынан туындайтын дүние. Өйткені үлкендерге қарағанда баланың энергиясы мен өмірге деген құлшынысы көп. Бәрін білуге, үйренуге құмар. Дегенмен оған ата-ана тарапынан тыйым көп болуы мүмкін. Сондықтан бала бұзық болып, өзіне көңіл аударғанын қалайды. Мұны ата-аналар дұрыс түсінбей, тыныш отыруы үшін өзінің ұялы телефонын беріп, тыныштандырады. Әрине, бұл тек бір ғана мысал. Түрлі себептері болуы да мүмкін. Мейлінше ғаламтордың әлегіне, ұялы телефонның қызығына баланы алдаусыратпай, барынша көңіл бөліп, әңгемелескен абзал, – деді «Айжұлдыз» балабақшасының меңгерушісі Гүлзат Мұратбекқызы.
Иә, балалардың басым көпшілігін ұялы телефонмен жұбатамыз. Олар да мазасын алсақ телефонды береді дегендей қасыңнан қалмай, артыңнан еріп жылап жүреді. Сосын осы тыныш болсын деп амалсыздан береміз. Байқағанымыздай баланың басым көпшілігі әлеуметтік желілерде отырады. Екінші орында – онлайн-ойындар. Ал үшінші орында – бейнероликтер сақталатын сайттар екен.
Бүгінде көшеде, кез келген жерде ғаламторда отырмайтын, телефон ұстамайтын адамды кездестіру қиын. Тіпті ұйықтаған кезде телефон жанымызда болады. Ал бұл алдымен біздің денсаулығымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Санамызды, жан-тәнімізді улап, ауру қылатын жағдайға жеттік. Соны біле тұра, әлі күнге дейін әрекет етпей, керісінше оған деген тәуелділік артып бара жатқандай.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!